Еңбек заңнамасына сәйкес, мұндай жұмысқа тарту үшін, заңда көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, қызметкердің жазбаша келісімі қажет, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Еңбек кодексінде қызметкердің демалуға құқығы бекітілген. Сондықтан жұмыс берушінің қызметкерге демалыс күні телефон соғып, жұмысқа келуді талап етуі оның міндетті түрде жұмысқа шығуға тиіс екенін білдірмейді. Мұндай жағдайда еңбек шартының талаптары, жұмыс кестесі және заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріледі.
Дегенмен кейбір жағдайларда қызметкерді келісімінсіз жұмысқа тартуға рұқсат етіледі. Мәселен, төтенше жағдайлардың, өндірістік авариялардың немесе жазатайым оқиғалардың алдын алу, олардың салдарын жою сияқты шұғыл қажеттілік туындауы мүмкін. Мұндай ерекшеліктер Еңбек кодексінде нақты көрсетілген.
Ал демалыс және мереке күндері атқарылған жұмыс үшін ақы төлеудің арнайы тәртібі бар. Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, мұндай жұмысқа ақы еңбек немесе ұжымдық шарт талаптарына сай, бірақ қызметкердің күндік немесе сағаттық мөлшерлемесінің кемінде бір жарым еселенген мөлшерінде төленуге тиіс.
Қызметкердің қалауы бойынша демалыс немесе мереке күнгі жұмысы үшін басқа демалыс күні берілуі мүмкін. Бұл жағдайда ақы төлеу тәртібі заң талаптарына сәйкес айқындалады. Егер жұмыс беруші қызметкерді заңсыз жұмысқа тартып, тиісті ақы төлемесе, азамат еңбек инспекциясына шағымдануға құқылы.
