Жылу беру маусымы – коммуналдық инфрақұрылымның дайындығы сыналатын кезең. Әсіресе Қызылорда секілді жазы аптап ыстық, қысы құбылмалы өңірде жылу жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі айрықша мәнге ие. Өйткені бір ғана қазандықтағы ақау немесе желідегі іркіліс ондаған тұрғын үй мен әлеуметтік нысанның жұмысына әсер етуі мүмкін.
Жұрт игілігіне жараған жоба
143
оқылды

Биыл Сыр өңірінде 2026-2027 жылдар­дағы жылу беру маусымы 5 қазанда басталды. Тиісті дайындық жұмыстары бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп, қазір жылу көздері штаттық режимде жұ­мыс істеп тұр.

Қызылорда облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегіне сәйкес, өңірдегі 1 079 әлеуметтік нысан мен 943 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Осы ретте қуаты 240 мегаваттық жаңа жылу электр орталығының іске қосылуы өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін айта кеткен абзал. Бұл – бірінші кезекте мектептер мен балабақша­лардан бастап, медициналық мекемелер мен мыңдаған отбасыны жылумен қамтама­сыз етуге мүмкіндік арта түсті деген сөз. 

– Қазір Қызылорда жылу электр орта­лығындағы №1 және №3 газ турбиналық қондырғылар, Оңтүстік қазандықтағы №5, №6 және №7 бу қазандықтары жұмыс іс­теп жатыр. Бұған қоса, 18 автономды қазандық пен Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі бір қазандық жылу беруде. Қазандықтар сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген кесте бойынша жылу энергиясын 56/46°C температуралық режимде жеткізуде. Нақты уақытта жылу беру жүйесінің жұмысында қалыпты жағдай қалыптасқан, – дейді басқарма басшысының орынбасары Тахир Нәдірбек. 

Негізінен, Сыр өңіріндегі қуаты 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр ор­талығының салынуы энергетика саласын­дағы маңызды жаңалықтың бірі саналады. Түркиялық «Акса Энерджи» компаниясы 215 млрд теңге инвестиция салған жаңа нысан биыл іске қосылды. Қазіргі уақытта орталықтағы екі газ турбиналық қондырғы электр энергиясын өндіріп жатыр. Олардың жалпы өндірістік көрсеткіші сағатына 133 мегаватты құрайды.

– Әрине, энергетикалық инфра­құрылымға мұндай көлемде инвестиция тартылуы өңір үшін маңызды қадам болып тұр. Жаңа қуат көздері электр энергиясын өндіру мүмкіндігін кеңейтіп, энергетикалық жүйенің дамуына серпін береді. Сонымен қатар заманауи технологияларды енгізу өндірістің тиімділігі мен сенімділігін арт­тыруға жол ашады, – дейді Тахир Қуаныш­бекұлы.

Бірегей жоба аймақтың электр энергия­сын өндіру көрсеткішін еселеп арттырады деген жоспар бар. Ең бастысы, инвестиция өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін ны­ғайтып, тұтынушылар үшін нақты нәтиже береді деп күтілуде.

Негізінен, жылу маусымының тұрақты­лығы қатты отынмен қамтамасыз ету жұ­мы­­сына да байланысты болып келеді. Бұл тұрғыда құзырлы орын ұсынған мәліметке сәйкес, биыл облыс бойынша жылу беру маусымына 80 мың тонна көмір қа­жет екен. Оны өңірдегі 20 оператор бекітілген кестеге сәйкес жеткізіп жатыр. Мұның өзі жылу маусымының қаншалықты сенімді ұйымдастырылғанын бағалауға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қызылорда облысында жылу беру маусымы сәтті басталып, негізгі жылу көздері іске қосылды. Бірінші кезекте жаңа жылу электр орталығының электр энергиясын өндіруі мен көмір жеткізу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуі көңіл көншітеді.

Дегенмен алда әлі бірнеше айлық жауапты кезең тұр. Ауа температурасы төмендеген сайын жылу жүйесіне түсетін жүктеме артып, инфрақұрылымның нақты мүмкіндігі айқындала түседі. Сол кезде қазандықтардың сенімділігімен бірге желілердің жай-күйі, отын қоры және апаттық қызметтердің дайындығы да сыналатын болады.

Қорыта айтқанда, жылу маусымына дайындық сапасы тұрғындардың жайлы өмір сүруі мен қаланың қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі саналады. Бұл тұрғыда қазандықтар­дың уақытылы іске қосылып, жылу жүйе­лерінің тұрақты жұмыс істеуі – осы бағыттағы жүйелі еңбектің нәтижесі. Ендігі кезекте жылыту маусымын іркіліссіз өткізіп, тұрғындардың қысты алаңсыз әрі жайлы жағдайда өткізуіне мүмкіндік жасау міндеті тұр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы