Қызмет үстінде қаза тапты: Ақмола облысында 35 жасқа толуына бір апта қалған полицей көз жұмды.
Ақмола облысында қызметтік міндетін атқару кезінде полиция қызметкері қаза тапты
Фото: iStock
121
оқылды

Ақмола облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде жол апатына ұшыраған полиция қызметкері елордадағы ауруханада көз жұмды. 35 жасқа толуына небәрі бір апта қалған капитан Данияр Таев дәрігерлердің қанша күш салғанына қарамастан, ауыр жарақаттан аман қалмады. Ол соңғы сәтіне дейін қызметтік міндетін атқару үстінде болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Қайғылы оқиға 3 қараша күні Астана – Петропавл автожолының Шортанды ауданына қарасты бөлігінде болған. Ақкөл батальонының патрульдік полиция қызметкері Данияр Таев жол жөндеу жұмыстарына тартылған арнайы техниканың қауіпсіз қозғалысын сүйемелдеп жүрген. Сол сәтте патрульдік көлікке JAC маркалы автокөлік келіп соғылған. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлік жүргізушісі жылдамдық режимін сақтамай, қауіпсіз арақашықтықты бұзған. Соққының салдарынан полиция капитаны ауыр жарақат алған.

Алдымен ол Шортанды аудандық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлердің алдын ала қойған диагнозы өте ауыр болған: төбе-самай сүйектерінің сынуы, бас сүйек негізіне дейін таралған жарақат, ми ісінуі, жедел субдуралды гематома және пневмоторакс анықталған. Полицейдің жағдайы ауыр деп бағаланған. 3 қараша күні кешке санитарлық авиация қызметі оқиға орнына жетіп, дәрігерлер консилиумынан кейін науқасты Астанадағы облыстық маңызы бар медициналық мекемеге жеткізу туралы шешім қабылдаған. Елордада зардап шеккен полицейге шұғыл операция жасалды. Алайда алған жарақатының ауырлығына байланысты дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

4 қараша күні таңғы сағат 9:00-де капитан Данияр Таев қайтыс болды. Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, марқұм қызметтік міндетін атқару кезінде жол-көлік оқиғасына ұшыраған. 

– Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. JAC автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен жеке құрамы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты. Бір сәттік жол апаты бір отбасының тірегін, әріптестерінің сенімді серігін, ел тыныштығын күзеткен азаматтың өмірін қиды. Қызметтік борышын орындау жолында қаза тапқан капитан Данияр Таевтың ғұмыры 35 жасқа жетпей үзілді. Ол қызмет үстінде қаза тапты. Артында орны толмас қайғы мен ел алдындағы адал қызметінің өнегесі қалды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.