Nur Otan партиясының орталық аппаратында Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес жұмыс тобының өңірлерде жасаған мониторинг қорытындыларын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті. Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жетекшілік еткен басқосуға Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Nur Otan партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева, сондай-ақ жауапты министрліктер, үкіметтік емес ұйымдар мен бейнебайланыс арқылы өңірлерден бір топ өкілдер қатысты.
Партия жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелері еліміздің 200 елді мекенін аралап, 1 300-ден астам білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын тексеріп шықты. Кеңес жұмыс тобының өңірлерде жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижелері партиялық тыңдауда талқыланды. Жиында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек отбасын қолдау және балалар құқын қорғау партияның ұдайы назарында болатынын алға тартты.
– Бұл бағыттағы жұмыстар елімізде тәуелсіздік алғаннан бастап жүргізіліп келеді. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы Конвенциясына қол қойды. Конвенцияны іске асыру бірнеше ұрпақ өміріндегі оң өзгерістерге ықпал етті. Нәтижесінде, балалар өлімі бес еседен астам төмендеді. Білім берумен, соның ішінде мектепке дейінгі біліммен қамту соңғы 5 жылда 13,6%-ға ұлғайып, 95,2%-ды құрады. Инклюзивті білім беру дамуда, балалар үйлеріндегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны соңғы 10 жылда 2 еседен астам азайды, әлеуметтік қорғау жүйесі қалыптасты. Елімізде балалардың құқықтарын іске асыру үшін құқықтық база құрылды, оны жетілдіру жалғасын табуда, – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Сонымен бірге Бауыржан Байбек 2013 жылы іске қосылған «Бақытты отбасы» партиялық жобасының елдік іске айналғанын тілге тиек етті. Жоба іске қосылғалы бері 1 000-нан астам балалар үйінің түлектері тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 2 мың жетім балаға білім беру жинақтау салымы ашылды, қиын-қыстау жағдайдағы 270 мыңға жуық отбасына құқықтық, психологиялық көмек көрсетілді.
Өз кезегінде Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары балаларды қорғау мәселелерін әйелдерді қолдау мәселелерінен бөлек қарастыруға болмайтынын айта келе, кеңестің функционалдығы кеңейіп, гендерлік саясат және әйелдерді қолдау мәселелері басты назарда болатынын жеткізді. Яғни, барлық деңгейдегі мәслихаттарда 3 335 мандат болса, сәйкесінше 1 000 орын әйелдерге тиесілі болмақ. Жастардың кем дегенде 20%-ы мәслихаттардың жаңа құрамына кіреді деп жоспарлануда.
Талқылау кезінде сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев отбасы, ана мен бала мәселесіне ерекше тоқталды.
– Қоғамдық кеңестің таратқан мәліметтерін зерттеп, зерделедік. Қазіргі таңда соларды қалпына келтіру үшін тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл орайда, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар бірлесе жұмыс істегені жөн. Сол кезде ғана көмекке зәру ана мен балаға, жағдайы төмен отбасыларға барынша тиісті жағдай жасай аламыз. Біз қолданыстағы бірқатар заңдарға өзгеріс енгіздік. Парламентте білім туралы, денсаулық туралы заңдардың қабылданғанын жақсы білесіздер. Баланың құқығы туралы заң да қабылданды. Бүгінгі таңдағы біздің ең негізгі мақсатымыз – балаларды қорғау. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да арнайы тапсырмасы бар. Қазір осы мақсатта іс-шаралар атқарылуда. Үкімет зорлау, қинау, зомбылық жасауды болдырмау мақсатында арнайы бағдарлама дайындап жатыр. Жақын арада бұл бағдарлама да толығымен қабылданатын болады. Сондай-ақ мемлекеттік емес органдармен бірігіп тұжырымдама жасауға кірістік. Ондағы басты мақсатымыз – билік пен мемлекеттік емес органдармен бірігіп, балдардың тұрмысын, жағдайын жақсарту. Осы тұжырымдарға сәйкес барлық өңірлерде, кейбір ауданның орталықтарында балалардың жағдайын жақсартатын орталықтар ашуымыз керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Отырыс барысында Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес жанындағы жұмыс тобының өңірлерге жасаған сапарының қорытындысы баяндалды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың басшылары да өз пікірлерін білдіріп, үкіметтік емес ұйымдар да өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің өңірлерге жүргізген мониторингісінің қорытындысы бойынша бірқатар мәселелер анықталды. Бұл ретте партияның өңірлік мемлекеттік органдармен және БҒМ-мен 2 айда жедел жұмыс жүргізуінің арқасында анықталған келеңсіздіктердің 70%-ы түзетілді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, партияның ұдайы бақылауына алынады.
Жиында кеңес төрайымы Динара Закиева сөз алды. Ол Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес жұмыс тобының нәтижелі жұмыстарын баяндады.
– Кеңестің негізгі мақсаты – отбасын қолдауды жақсарту, балалардың құқығын қорғау жөніндегі жүйелік шараларды әзірлеу және оны жүзеге асыру. Бүгінде республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс тобы партияның, мемлекеттің күш-жігерін жұмылдыратын бірегей алаңға айналды. Мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің жедел жұмысының арқасында біз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, әр бағытта ұтқыр әрі ұтымды шешім қабылдадық, – деді Динара Болатқызы.
Жиынды қорытындылаған Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бүгінгі кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асуының жарқын көрінісі екенін жеткізді. Партия бұл бағыттағы жұмысын алдағы уақытта да қарқынды жалғастырмақ. Кеңес жұмыс тобының өңірлерде жүргізген тексеру нәтижелерінде анықталған бірқатар мәселелерге баса назар аударылады.
Абылайхан ЖҰМАШ