Бірақ барлық өңірдегі газ инфрақұрылымы қысқы жағдайда жұмыс істеуге сақадай-сай болғанымен, бұл әрбір үйдегі газ жабдықтары толық жаңартылып, жөнделді дегенді білдірмейді екен. Өйткені ол әрбір отбасы мен жергілікті әкімдіктің мойнындағы жауапкершілік. Тиісінше, әр шаңырақтағы газ жабдықтарының қауіпсіздігі мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.
Сақтық – өмір қалқаны
QazaqGaz Aimaq АҚ-ның ақпаратына жүгінсек, өткен айда бүкіл Қазақстан бойынша 6 мыңнан астам маман күндіз-түні жұмылдырылып, шамамен 77 мың шақырым газ тарату желісі қысқы жұмысқа әзір етілген. Жұмыс барысында газ реттеу пункттері мен шкафтарына техникалық қызмет көрсетіліп, жөндеу жүргізілген. Мұның сыртында газ құбырлары жаппай аспаптық тексеруден өткізіліпті. Жалпы дайындық жұмыстары 30-ға жуық техникалық іс-шараны қамтыды. Компания жұмыс мұнымен бітпейтінін, мамандары тұрғындарға табиғи газды қауіпсіз әрі үнемді пайдалану ережелерін түсіндіру жұмыстарын жалғастырғанын жеткізді.
Әйткенмен, сарапшылардың түсіндіруінше, газ және газ жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздікке қарапайым тұтынушылар да жауапты. ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев мемлекеттік бақылау және қадағалау қатаң түрде Кәсіпкерлік кодекстің талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын еске салды. Тексерушілер әрбір үйді аралай алмайды.
«Тексерулер шеңберінде тұрмыстық газ баллонын, ішкі газ жабдықтарын пайдалану мәселелері қаралмайды. «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға сәйкес, тұрмыстық тұтынушылардың газ жабдықтарын қауіпсіз қолдану талаптарының сақталуын әкімдіктердің тұрғын үй инспекциялары бақылауға тиіс. Бұдан өзге, өрт қауіпсіздігі саласындағы талаптарда тұрмыстық газ жабдықтарын пайдалануды реттейтін нормалар қамтылмаған. Соның салдарынан бұл мәселе азаматтық қорғау органының тексеру нысанасына кірмейді», – деді Р.Қайрақбаев.
QazaqGaz Aimaq АҚ мәліметіне сәйкес, мысалы, өткен жылыту маусымындағы 32 мыңнан астам шағым-өтінімнің көпшілігі үйлердегі ішкі газ жүйелері мен жабдықтарына қатысты болыпты. Жарылыс, газдан улану сияқты газды тұрмыстық мақсатта пайдалану кезінде жиі кездескен жазатайым оқиғаларға негізінен қауіпсіздік талаптарын сақтамау, газ жабдықтарын өз бетінше орнату немесе орнын ауыстыру, сапасыз, тіпті қолдан жасалған құралдарды пайдалану себеп болыпты.
«Заңнамаға сәйкес, газ жабдықтарының иелері оның қауіпсіздігі мен техникалық жағдайына өздері жауапты. Бұған қоса, олар газ жабдықтарына уақытылы техникалық қызмет көрсетуге міндетті. Ал газ таратушы ұйым тек даладағы, үйдің қақпасына дейінгі, сыртқы газ желілеріне жауап береді», – деді Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Асқар Қонақбаев.
Сондықтан әкімдіктер газ-техникалық инспекцияларды құруға кіріскен. Бұл үй ішіндегі газ жабдықтарының қауіпсіздігіне бақылауды күшейтуге, жазатайым оқиғалардың санын азайтуға мүмкіндік беруге тиіс.

Осы орайда ТЖМ «Ата-анаңның үйін тексер!» республикалық акциясын өткізіп жатыр. «ТЖМ барша азаматты қауіпсіздікті өз үйінен бастауға шақырады: ата-анаңыздың үйіне барып, жағдайды тексеріп, қажет болса жабдықтарға техқызмет көрсетуге көмектесіңіз», – делінген хабарламада. Акцияға өзі қатысып, үлгі көрсеткен ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы Азамат Жүнісов Алматыдағы анасының үйіне барып, газ жабдықтары мен желдету жүйесінің жарамдылығын тексерді. Газ қызметінің мамандарымен бірге табиғи газды анықтайтын газ талдағышты ауыстырды.
Бұдан басқа, өрт қауіпсіздігінің республикалық профилактикалық айлығы аясында әкімдіктер мен волонтерлер бірлесіп, тиісті мамандарды тартып, осал отбасылардың баспанасында газ бен жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын 24,7 мың датчик орнатқан. ТЖМ газ жабдықтарын жөндеу мен орнатуды тек білікті мамандарға сеніп тапсыруға кеңес берді. Өз кезегінде жаңа жылыту маусымы басталғалы ТЖМ қызметкерлері шамамен 13 мың датчик орнатты.
Қауіпсіздікке жүйелі бақылау қажет
Газ жабдықтарын пайдаланудың қауіпсіздігі проблемаларына Құрылтай депутаттары да назар аудартып отыр. «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Беғалы Ералиев Премьер-министрдің орынбасарына жолдаған сауалында газ жабдықтарын пайдаланудың қауіпсіздігін күшейтудің маңызына екпін түсірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанатын «Заң мен Тәртіп» қағидаты азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше мән береді. «Әділет» партиясы үшін азаматтардың өз үйінде қауіпсіз өмір сүруі маңызды. Алайда жылыту маусымы басталған сайын газды қауіпсіз пайдалану мәселесі өзекті болады. Әсіресе көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерішілік газ жабдықтарының жай-күйі алаңдатады. Себебі бір пәтердегі газ жабдығының ақауы басқа тұрғындардың да өміріне қауіп төндірмек», – деді депутат.
Оның пікірінше, ескі, көпқабатты үйлердегі түтін шығару және желдету арналарының уақытында тексерілмеуі мен тазаланбауы иіс газынан улану қаупін арттырады. Бұл жұмыстарға жауапты тараптардың міндеттерін, бақылау тәртібін нақтылау қажет. Себебі QazaqGaz мәліметінше, соңғы бес жылда табиғи газды пайдалану кезінде иіс газынан 1 337 адам зардап шегіп, оның 294-і қайтыс болған.
Депутаттың мәліметі бойынша «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңда газ жабдықтарына міндетті техникалық қызмет көрсету көзделгенімен, кейбір ұйым нақты жұмыс атқармай, тексеруді қағаз жүзінде рәсімдеп, тұрғындардан ақы алумен шектеледі екен.
Бұл жерде тағы бір проблема бой көрсетеді. Кейбір тұрғын қызмет көрсетуге шарт жасасудан, ақы төлеуден немесе мамандарды үйіне кіргізуден бас тартады. Әшкереленген ақауды жою талабы да орындалмай жатады. Сондықтан тұрғындарға газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, оларды уақытында тексерту және анықталған ақауларды жою қажеттігін түсіндіру жұмыстарын күшейту керек.
– Бұдан бөлек, газ жабдықтарына қызмет көрсету мен жүргізілген тексерулердің цифрлық есебі толық жолға қойылмаған. Соның салдарынан анықталған ақаулардың жойылғанын және атқарылған жұмыстардың нәтижесін бақылау қиын, – деді Беғалы Ералиев.
Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы газ жабдықтарына қызмет көрсететін ұйымдардың жұмыс сапасы мен алынатын төлемдердің негізділігіне талдау жүргізуді, сондай-ақ үстірт-формалды тексерулердің алдын алу және нақты атқарылған жұмыстарды растау тетіктерін күшейтуді ұсынды. Сонымен бірге газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету мен жүргізілген тексерулердің бірыңғай цифрлық есебін енгізу де өзекті. Сонда жауапты ведомстволар мен ұйымдар атқарылған жұмыстар, анықталған ақаулар, оларды жою мерзімдері және жауапты тұлғалар туралы мәліметті бір жерден көріп-біліп, тиісті шара қабылдап отырар еді.
Бір үйдегі газ ақауы бір отбасының ғана емес, тұтас тұрғын үйдің тағдырын өзгертуі мүмкін. Сондықтан газ қауіпсіздігі – әркімнің жеке шаруасы емес, баспана қожайыны, газ операторы, жергілікті атқарушы органдар мен жауапты ведомстволардың ортақ жауапкершілігі.
Айхан ШӘРІП
