С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде "Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі: өзекті мәселелер мен жүйелі шешімдер” деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Дәрігердің үні естілуі тиіс: С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен кепілдіктерін талқылады
Фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметінен алынды
90
оқылды

Іс-шараны С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Диляра Қайдарова жүргізді. Бұл туралы  Aikyn.kz "Әділет"  партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы заң жобасының бастамашысы, Құрылтай депутаты Дана Медеуова сөз сөйлеп, шақырғаны үшін университет ұжымына арнайы ризашылығын білдірді. Ол сондай-ақ саланың өзекті мәселелерін талқылауға белсенді атсалысқаны үшін медициналық қоғамдастық өкілдеріне және өңірлерден келген сарапшыларға алғысын білдірді.

Жаңа ауруханалар мен заманауи медициналық жабдықтар өз нәтижесін беруі үшін онда білікті мамандар жұмыс істеп, олардың еңбек етуіне лайықты жағдай жасалуы тиіс,-деп атап өтті Дана Медеуова өз сөзінде.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар бірқатар өзекті мәселелерді де талқылады. Орталық Азия қоғамдық денсаулық сақтау мамандары қауымдастығының президенті Жанна Қалматаева оқытушы-клиницист пен клиникалық тәлімгердің кәсіби мәртебесі, құқықтық кепілдіктері мен жауапкершілік шаралары тақырыбына тоқталды.

"Neuroscience" Қазақстанның Ұлттық неврологтар қауымдастығының Білім комитетінің төрағасы Аида Қондыбаева кәсіби өзін-өзі реттеудің еуропалық тәжірибесі туралы баяндады. Ал ДДҰ Еуропа бюросының АМСК демонстрациялық платформасының жетекшісі Жәмила Әбеуова алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлерінің кәсіби құқықтары мен еңбек жағдайларына қатысты маңызды мәселелерді көтерді.

"Ұлттық медицина қауымдастығы" РҚБ Жастар қанатының төрағасы Нұртай Жаңабай болса, жас дәрігердің Денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдайы туралы айтып берді.

Сондай-ақ, Павлодар филиалының президенті Марал Бошанова медицина қызметкерлерінің кәсіби құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерінің теңдігі тақырыбын талқылауға үн қосты.

 Сонымен қатар, "Ұлттық медицина қауымдастығы" РҚБ президенті Салтанат Мамырбекова ұсынған "Дәрігер үні" сауалнамасының нәтижелері қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар медицина қызметкерлерінің нақты проблемаларына көз жеткізіп, қажетті құқықтық кепілдіктерді анықтауға көмектесті.

Осылайша, заң жобасын талқылау медициналық қоғамдастықтың кәсіби қауымдастық басшылары мен салалық сарапшылардан бастап тәжірибелі дәрігерлер мен жас мамандарға дейінгі кәсіби бағыттары мен деңгейлері әртүрлі өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Мұндай ауқымды кәсіби диалог заңнаманы жетілдірудің түрлі жолдарын қарастыруға, кешенді түрде зерделеуге жол ашады.

Әзірленген бастамалар мен ұсынымдар алдағы уақытта заң жобасына қатысты жұмыс барысында ескеріледі.