Қарағандыда тұрғын қайтыс болған ағасынан қалған баспананы мұраға алу үшін сотқа жүгінді. Ер адам 2020 жылы көз жұмғанымен, оның өлімі арада алты жыл өткенде ғана ресми тіркелген.
«Ағасының өлімі алты жылдан кейін тіркелген»: қарағандылық әйел қала әкімін сотқа берді
335
оқылды

Осы жағдай әйелдің мұрагерлік құқығын рәсімдеуіне кедергі келтірген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Zakon.kz басылымына сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, әйелдің ағасы 2020 жылғы 9 ақпанда қайтыс болған. Оның артында тұрғын үйдің жартысына қатысты мұра қалған. Бірақ ер адамның қайтыс болғаны туралы мәлімет мемлекеттік тіркеуге уақытында енгізілмеген. Өлім дерегі тек 2026 жылғы 16 маусымда ресми рәсімделген. Осы уақыт аралығында әйел мұраны қабылдау үшін нотариусқа заңда белгіленген мерзімде жүгіне алмаған.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұраны қабылдау үшін әдетте алты ай уақыт беріледі. Ал бұл жағдайда ер адамның өлімі ресми түрде кеш тіркелгендіктен, мұрагер қажетті құжаттарды уақытында рәсімдей алмаған. Нотариус мерзімнің өтіп кеткенін негізге алып, мұрагерлік құқық туралы куәлік беруден бас тартқан.

Мәселені басқа жолмен шеше алмаған әйел сотқа жүгініп, жауапкер ретінде Қарағанды қаласының әкімін көрсеткен. Ол мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алуына дәлелді себеп болғанын айтып, өз құқығын қалпына келтіруді сұраған. Сот ұсынылған құжаттар мен істің мән-жайын зерттеп, талап қоюшының өтінішін қанағаттандырды.

Нәтижесінде әйелге ағасынан қалған мұраны қабылдау үшін қосымша мерзім берілді. Бұл шешім оған тұрғын үйдегі тиесілі үлесті заңды түрде рәсімдеуге мүмкіндік береді.