«Жаңа жағалау-2» жағалауында Қазақстан Премьер-лигасының маусым қорытындысы бойынша төртінші орын иеленіп, Еуропа лигасына жолдама алған «Оқжетпес» футбол клубын салтанатты түрде ұлықтау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов команда ойыншыларын, жаттықтырушылар құрамын, клуб басшылығы мен жанкүйерлерді тарихи жетістігімен құттықтады.
«Бұл – жай ғана жоғары нәтиже емес, футбол жанкүйерлерін бір арнаға тоғыстырған нағыз спорт мерекесі. Маусым бойы команда жігері мен тәртібін, жеңіске деген ұмтылысын көрсете білді. Еліміздің жетекші футбол клубтарымен терезесі тең өнер көрсетті. 16 жеңіс пен соғылған 49 голдың артында әрбір футболшының кәсібилігі мен жанкешті еңбегі жатыр», – деді Марат Ахметжанов.
Ақмола облысының басшысы команданың ортақ жеңісіне бас бапкер Ринат Алюетовтің, жаттықтырушылар штабының, клуб басшылығы мен әрбір ойыншының қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ клубтың дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан қоғамдық қорға, аграрлық сектор өкілдері мен облыстың бизнес-қоғамдастығына алғысын білдірді.
«Оқжетпестің» жетістігі – команданың, жанкүйерлердің және бүкіл Ақмола облысының ортақ жеңісі. Бүгінде клубтың алдында жаңа мүмкіндіктер мен биік белестер ашылып отыр. Қол жеткізген нәтиже еуропалық аренада өнер көрсетуге жол ашып, атқарылған жұмыстың жоғары деңгейін көрсетеді», – деп атап өтті облыс әкімі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта облыста 10 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай келетін жаңа футбол стадионының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның жүзеге асуы өңірде республикалық деңгейдегі жарыстармен қатар, халықаралық дәрежедегі ірі футбол додаларын өткізуге мүмкіндік береді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
