Қаржылық мониторинг агенттігі интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жәрдемдесу дерегі бойынша тергеуді аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz cайты ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Тергеу мәліметінше, күдіктілер өздерінің бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, шетелдік интернет-казинолардың пайдасына ақша аударып отырған. Бұл жүйеге түрлі банктерде орнатылған жүздеген терминал кірген. Олардың қатарында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казинолары бар", – делінген хабарламада.
Жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгеге, ал есептелген комиссиялық сыйақы 286 миллион теңгеге жеткен.
"Ақшаның қандай мақсатқа аударылғанын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Кейбірі өз деректерінің пайдаланылғанынан бейхабар болған.
Олардың атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркелген. Ал жалған шарттар мен арнайы жасалған сайттар арқылы ақша тауарлар мен қызметтердің ақысы ретінде төленгендей көрсетілген. Қаражат шетелдік тараптарға, соның ішінде криптовалюта арқылы аударылған", – делінген хабарламада.
Соттың рұқсатымен төрт көлікке және 103 миллион теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынған.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
