Әзербайжан астанасында ерлер арасындағы XXI және әйелдер арасындағы XII өрт-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаты өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әлемнің 17 елінен келген спортшылар, оның ішінде Қазақстан, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай, Германия және басқа да мемлекеттердің өкілдері өзара мықтыны анықтады.
Қазақстан құрамасының басты жетістігі ерлер арасындағы «Жауынгерлік қанат жаю» дисциплинасында тіркелді. Отандастарымыз 24,52 секунд нәтижесін көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды және жаңа әлемдік рекорд орнатты. Күміс жүлде Моңғолия құрамасына, қола жүлде Өзбекстан спортшыларына бұйырды.
Қазақстанның әйелдер құрамасы да осы дисциплинада 25,41 секунд нәтижесімен қола медаль иеленді. Алтын медаль Ресей құрамасына, күміс жүлде Беларусь спортшыларына бұйырды.
Чемпионат қорытындысы бойынша, Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болып, тек Ресей мен Беларусь командаларына жол берді.
Бұл жеңістердің артында айлар бойғы тынымсыз дайындық, темірдей тәртіп, жоғары жылдамдық және нағыз командалық жұмыс тұр.
Қазақстандық өрт сөндіруші-спортшылар әлемнің үздік командаларымен тең дәрежеде бәсекеге түсіп қана қоймай, жаңа спорттық рекорд орнатуға қабілетті екенін дәлелдеді. Олар елге тарихи жетістікпен оралып, бүкіл Қазақстан мақтан тұтар жеңіске қол жеткізді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
