Бүгін Жамбыл облысында Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жөніндегі ақпараттық топ облыс тұрғындарымен және сала өкілдерімен кездесулер өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кездесулердің мақсаты – Жолдауда белгіленген міндеттерді халыққа кеңінен түсіндіру, өңірдегі өзекті мәселелерді тыңдау және қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты нығайту.
Ақпараттық топтың құрамында Құрылтай депутаты Әбілхайыр Тамабек, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Уалихан Болатбек және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Су ресурстары және ирригация, Ұлттық экономика вице-министрлері болды.

Бірінші ақпараттық топ Тараз қаласының тұрғындарымен, агроөнеркәсіп кешенінің өкілдерімен кездесті.
Екінші топ этномәдени бірлестік өкілдерімен және Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті.
Алғашқы кездесу Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында өтті. Жиында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев су тапшылығын азайту, суды тиімді пайдалану және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстарды баяндады. «Су саласындағы негізгі басымдық – су тапшылығын азайту, суды тиімді пайдалану және су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту», – деді ол. Сондай-ақ Жамбыл облысында ирригациялық жүйелерді жаңғырту және суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Бақытты болашақ» оқушылар сарайының мәжіліс залында қала тұрғындарымен кездесу өтті. Басқосуда шаһар халқын толғандырған әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер талқыланды. Тұрғындар үшін жол сапасы, коммуналдық қызмет, абаттандыру, қоғамдық көлік пен әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі күнделікті өмірмен тығыз байланысты. Жұмыс тобы өкілдері Жолдаудағы міндеттердің орындалуы жергілікті жердегі нақты нәтижелермен өлшенетінін атап өтіп, тұрғындардың ұсыныстары мен сауалдарына назар аударды.

Кездесу барысында Әбілхайыр Тамабек Жолдауда белгіленген міндеттерді халыққа түсінікті тілмен жеткізудің және тұрғындардың пікірін ескерудің маңызын сөз етті. Оның айтуынша, мемлекеттік бастамалардың тиімділігі азаматтардың күнделікті тұрмысынан көрініс табуы тиіс. Сондықтан тұрғындар көтерген әрбір мәселені назарға алып, тиісті сала өкілдерімен бірлесе шешу жолдарын қарастыру маңызды.
Ақпараттық топ М.Х. Дулати атындағы Тараз университетініңмәжіліс залында агроөнеркәсіп кешенінің өкілдерімен кездесіп, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, су ресурстарын тиімді пайдалану, өндірісті жаңғырту, шаруаларды қолдау және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды.
Жамбыл облысы үшін агроөнеркәсіп кешені экономиканың маңызды салаларының бірі саналады. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды өңдеу, сақтау және өткізу тізбегін жетілдіру де айрықша маңызға ие.

Кездесу барысында депутат Әбілқайыр Тамабек өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды.
– Жамбыл облысы – жерасты суларын пайдалану көлемі бойынша республикадағы алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі. Шынын айту керек, облыс аумағының үштен бір бөлігінде халық пен шаруашылық нысандары жерасты суын пайдаланады. Алайда бұл су қоры шексіз емес. Сондықтан бүгіннен бастап су ресурстарын тиімді пайдалану және оның қорын сақтау жолдарын қарастыруымыз қажет.
Осы ретте Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында су ресурстарын есепке алу негізінде Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру жұмысын жедел аяқтауды тапсырды. Бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін мамандар үшін аса маңызды.
Аталған жүйе су ресурстарының көлемін нақты есепке алуға, оны тиімді пайдалануға және су құбырлары мен тарату желілеріндегі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Қазақта «Судың да сұрауы бар» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан Президент тапсырмасына сәйкес, су тұтыну көлемін бақылауды күшейтіп, әрбір тамшы судың тиімді жұмсалуына баса мән беруіміз керек, – деді Әбілқайыр Ғалымұлы.

Ақпараттық топ мүшелері аграрлық саладағы өзгерістер нақты шаруашылықтардың жұмысына серпін беріп, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталуы керектігін атап өтті. Жиында сала мамандарының тәжірибесі мен ұсыныстарын тыңдап, қордаланған мәселелерді ашық талқылауға басымдық берілді.
