Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығында халықаралық аренада тарихи нәтижеге қол жеткізген Қазақстан ІІМ "ARLAN" спорт командасының өкілдерімен кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Олардың қатарында лейтенант Руслан Құрбанов, ефрейторлар Вадим Шарлаимов пен Ерлік Сертай, сондай-ақ қатардағы жауынгер Кирилл Проходов бар.
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков спортшыларды жоғары жетістіктерімен құттықтап, Қазақстанның халықаралық спорттық имиджін және құқықтық тәртіп әскерін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
Біздің жеке құрамның өкілдері жарыстарға қатысып, жеңіске жеткенде біз әрқашан қуанамыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Сіздердің жетістіктеріңіздің арқасында Ұлттық ұлан әлемдік аренада танылды. Алда көптеген жарыстар күтіп тұр, Сіздерге сол додаларда сәттілік пен жарқын жеңістер тілеймін, - деді Бас қолбасшы.
Ерекше мақтаныш ретінде Қазақстанның семсерлесуден ерлер құрамасының тарихи жеңісін айтуға болады. Тұңғыш рет отандық команда Халықаралық семсерлесу Федерациясының (FIE) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Бұл нәтиже қазақстандық шпажистердің ірі халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетуінің жемісі. Жаңартылған рейтингте ұлттық команда Франция🇫🇷 (310) және Швейцария🇨🇭- дан (296) озып, 354 ұпай жинады. Бірінші бестікке сондай-ақ Италия🇮🇹 (286) және Украина🇺🇦 (280) да енді.
Спортшылардың жоғары көрсеткіші бұған дейін мемлекеттік деңгейде атап өтілді. Ақордада ефрейтор Вадим Шарлаимов "Ерен еңбегі үшін" медалімен, ефрейтор Ерлік Сертай және қатардағы Кирилл Проходов "Құрмет" ордендерімен наградталды. Лейтенант Руслан Құрбанов Қазақстан Республикасы Президентінің атынан алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен әскери қызметшілер ведомстволық наградаларға ие болды. Қатардағы Кирилл Проходов "Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін" төсбелгісімен, ал лейтенант Руслан Құрбанов пен ефрейторлар Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов "Ұлттық ұлан қызметінің үздігі" төсбелгісімен марапатталды.
Спортшылар мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді. Қазақстандық семсершілер алдында швейцариялық Берндегі әлем Кубогының келесі халықаралық старты тұр. Ұландықтар әлемдік спорт аренасында еліміздің және "Арлан" спорт клубының атынан қатысып, бақ сынамақ.
