Президент айқындаған стратегиялық бағдар жастар, дәрігерлер және мәдениет саласы қызметкерлері үшін нақты мүмкіндіктерге қалай жол ашады? Астана және Өскемен қалаларында өткен «Әділет» партиясы өкілдерінің кездесулері осы тақырыптарға арналды.
Елордадағы Ұлттық кітапхана алаңында Bir tolqynda форматында жастармен әңгімелесу барысында мамандықты саналы түрде таңдау, адал еңбектің қадіріне жету және цифрлық дәуірде табыс таба білу сынды нақты әрі өзекті мәселелер талқыланды. «Әділет» партиясы жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов партия өкілдерімен бірге студенттермен әңгімелесіп, өмірде кездесетін нақты жағдайларға назар аударды.
– Жастар жасанды интеллектіні жай ғана пайдаланушылар емес, жаңа өнімдер мен шешімдер әзірлейтін жасампаздарға айналуы керек. Смартфон ұстаған уақытты әлеуметтік желілерді парақтап, көңіл көтеруге ғана емес, білім алуға, өз жобаларын іске асыруға және нақты табыс табуға да жұмсауға болады. Жуырда жастарға промпттарды сауатты жазуды және қарапайым смартфонның көмегімен сұранысқа ие өнім әзірлеуді үйрететін оқу жобасын іске қосамыз, – деді Ержан Хамитов.
Солай бола тұра, бүгінде жасанды интеллект пен цифрландыру еңбек нарығын ғана емес, консервативті сала саналып келген бағыттарды да өзгертіп жатыр. Заманауи технологиялардың тарихи жадыны сақтауға қалай көмектесетіні Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ұжымымен өткен кездесуде сөз болды. «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мекеева мен партия белсендісі Роза Мамырбаева музей қызметкерлерімен бірге қорды цифрландыру, экспозицияларды жаңарту және өңірлік музейлерді заманауи әрі мазмұнды қоғамдық кеңістіктерге айналдыру мәселелерін талқылады.
– Бүгінде музей шыны астында жәдігерлер сақталатын жай ғана орын болып қалмауы керек. Президент алға қойған цифрлық жаңғырту және адам капиталын дамыту міндеттері музейлерді ғылым, білім мен технология тоғысатын заманауи қоғамдық орталықтарға айналдыруды талап етеді. Тек жаңа форматтарды енгізіп, материалдық-техникалық базаны нығайту арқылы ғана жастардың туған өлке тарихына деген шынайы қызығушылығын оятып, ұрпақтар сабақтастығын сақтай аламыз, – дейді Жанат Мекеева.
Елорда жастарының IT-құзыретін дамыту және Шығыс Қазақстан музейлерін цифрлық тұрғыдан трансформациялау мәселелерін ортақ күн тәртібіне біріктіре отырып, партия өкілдері Жолдауда белгіленген міндеттердің біртұтас жүйе құрайтынын көрсетті. Түптеп келгенде, жаңа перинаталдық орталықтар салудан бастап, мектеп оқушыларын нейрожелімен жұмыс істеуге үйретуге дейінгі барлық шара бір ғана басты мақсатқа – қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыруға және әрбір азаматтың әлеуетін өзі тұратын өңіріне қарамастан толық ашуға бағытталып отыр.
Бекбол АМАНГЕЛДІ
