Қазақстанның теннистен жасөспірімдер құрамасы Мысырдың Каир қаласында 31 қазан мен 6 қараша аралығында өткен Junior Davis Cup Finals 2026 турнирінің финалдық кезеңіндегі өнерін аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық команда әлемнің ең үздік 16 құрамасының арасында 11-орынға ие болды.
16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы беделді командалық турнирде Қазақстан намысын Родион Трайгель, Ансар Ниетқалиев және Ахмади Маханов қорғады. Құрама капитаны – Сергей Квак.
ҚР Теннис федерациясы мәліметінше, топтық кезеңде қазақстандық теннисшілер D тобында Франция, АҚШ және Үндістан құрамаларымен кездесті. Үш матчтық кездесудің барлығында Қазақстан құрамасы 0:3 есебімен жеңіліс тапты.
Плей-офф кезеңінде қазақстандық жасөспірімдер үш кездесудің екеуінде жеңіске жетті. Алдымен Қазақстан құрамасы Австралияны 2:1 есебімен жеңсе, кейін тартысты өткен кездесуде Венгрияға 1:2 есебімен жол берді.
Соңғы матчтық кездесуде қазақстандықтар Марокко құрамасымен шеберлік байқасты. Бұл қарсыласу Қазақстан құрамасының 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды. Осылайша, отандастарымыз әлемдік додада қорытынды 11-орынға тұрақтады.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының жасөспірімдер арасындағы финалдық кезеңіне Азия/Океания аймағындағы іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетіп, екінші орын алуының арқасында жолдама жеңіп алды.
Жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогы – 16 жасқа дейінгі теннисшілерге арналған әлемдегі ең маңызды командалық жарыстардың бірі. Турнирдің финалдық кезеңіне қатысу жас спортшыларға құнды халықаралық тәжірибе жинақтап, әлемнің ең мықты құрдастарымен кездесулерде өз шеберліктерін сынауға мүмкіндік береді.
