Қазіргі геосаяси өзгерістер жағдайында бұл мәселенің өзектілігі одан сайын арта түсті. Осыған орай таяуда Алматыдағы Нархоз университетінде Mind for Peace атты халықаралық конференция өтті. Жиында бейбітшілік, орнықты даму, өңірлік ынтымақтастық және жаһандық басқару мәселелері сөз болды.
Mind for Peace халықаралық конференциясының негізгі идеясы білім мен ғылым арқылы бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Жаһандық диалог және көпжақты зерттеулер институтының директоры Айжан Болатқанқызының дерегінше, бұл бастаманың тарихы бес жыл бұрын бастау алған. Сол уақытта қолға алынған идеяның негізінде ақыл-ойдың қоғам өміріндегі рөлі мен адамның бейбітшілік алдындағы жауапкершілігі жатыр.
– Ақыл-ой – адамның бүкіл іс-әрекетін айқындайтын күш. Қоғамдағы мінез-құлық, адамдар арасындағы қарым-қатынас, түрлі қақтығыстар – мұның бәрі адамның білімі мен тәрбиесіне байланысты. Біздің идеямыздың мәні де осында. Mind for Peace тіркесінің екінші түсіндірмесі бар. Ол жай ғана «Бейбітшілік жолындағы ақыл-ой» емес, сонымен қатар «Бейбітшілікті ойла» деген міндетті қағида ретінде қабылдануы қажет. Қандай іспен айналыссаң да, оның бейбітшілікке қызмет етуін ойлауың тиіс, – деді Айжан Смаилова-Шмидт.
Университет өкілінің сөзінше, бұл ұстаным болашақ көшбасшыларды тәрбиелеуде де басты бағдарға айналуы қажет. Қазір Нархоз университеті БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасы аясында 16-Тұрақты даму мақсаты – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бойынша жаһандық хаб төрағасының орынбасары мәртебесіне ие. Аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін университет BirliNk C5+ өңірлік академиялық платформасын іске қосқан. Айжан Болатқанқызының айтуынша, жоба атауы Орталық Азия елдерінің бірлігі мен халықаралық байланысын білдіреді. Бұл идея әртүрлі елден жиналған жастар арасында байланыс орнатып, олардың ортақ бастамалар төңірегінде бірігуін мақсат тұтады. Бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздік мәселесін талқылағанда жасанды интеллектінің ықпалын да ескермеуге болмайды. Қазір бұл технология экономика мен еңбек нарығына ғана емес, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа да әсер етіп отыр. Конференция аясында пікір білдірген Global Governance Institute жасанды интеллекті басқару бағдарламасының жетекшісі Кристофер Ламонт ақылды технологияның геосаяси тәуекелдеріне назар аударды.
– Жасанды интеллектіні тек геосаяси бәсеке мен қауіпсіздік тұрғысынан қарастыру мемлекеттер арасындағы сенімсіздікті күшейтуі мүмкін. Мұндай жағдайда елдер технологиялық ынтымақтастықты өзара тиімді байланыс емес, ықтимал қауіп ретінде қабылдай бастайды. Соның салдарынан бір-бірімен бәсекелесетін жасанды интеллект экожүйелері қалыптасады. Ал технологиялық мүмкіндігі жоғары мемлекеттердің өз ресурстарына қолжетімділікті шектеуі дамушы елдер үшін қосымша кедергі тудырады, – деді ол.
Сарапшы Қазақстанның Қытай бастамашы болған WAICO ұйымы мен АҚШ жетекшілік ететін Pax Silica бастамасына қатар қатысуын ерекше атап өтті. Оның пайымынша, қазіргі технологиялық ынтымақтастықтың бұрынғы геосаяси блоктардан айырмашылығы бар. Мемлекеттер белгілі бір тарапты таңдауға міндетті емес. Ең алдымен, өз қажеттілігіне сай технологияларды пайдаланып, жасанды интеллект саласында дербес стратегия қалыптастыруға мүмкіндік бар.
Конференция тақырыбына арқау болған жаһандық қауіпсіздік мәселесіне орай Кристофер Ламонт жасанды интеллектіні қауіпті мақсатта пайдалану мәселесін де айналмай өтпеді. Маманның болжамына сүйенсек, әлемде технологияның қолжетімді болуы кибершабуылдар мен биологиялық қаруға байланысты қауіптерді күшейтуі мүмкін. Сол себепті мемлекеттер жасанды интеллект жүйелерін пайдаланушыларға ұсынбас бұрын мұқият тексерістен өткізгені абзал.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
