Елімізде дағдарыс орталықтарына жиі жүгінетін әйелдердің саны артқан. Мәселен, биыл тоғыз айда 90 мыңнан астам отбасылық жанжал шығарушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция формасындағы әйел: зорлыққа қарсы нәзік күш
138
оқылды

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға көп. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дағдарыс орталықтарына балалары бар 4,5 мың әйел орналастырылған. Бұл – «барар жер, басар тауы жоқ», шарасыздыққа шырмалған әйел мен баланың соңғы үміті. Біз ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ақмарал Серікбаевамен еліміздің тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес сая­саты және әйелдер мен балаларды қорғау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелестік.

– Елімізде кейінгі жылдары дағдарыс орталығына жүгінетін әйелдер санының артқаны байқалады. Әйел үшін жылылық пен тыныштықтың мекені отбасы, қасиетті қара шаңырағы емес пе еді? Жанына сая іздеген ана мен балаға өз үйі пана болмай, үрей құшағына айналуының себебі не? 

– Елімізде әйелдер мен балаларды зор­лық-зомбылықтан қорғау бағытында заң қа­был­данды, заңнама қатаңдатылды. Жауап­­­кер­шілік күшейтілді, алдын алу тетіктері ке­ңей­­тілді. Алайда қайғылы жағдайлар әлі де азай­май отыр. Зорлық-зомбылық – бір отба­­сы­­ның ғана қасіреті емес, тұтас қоғамның дер­ті.

Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде ішкі істер органдары көптеген жұмыс атқарды. Әсіресе бұл бағытта әйелдер полиция бө­лім­шелерінің жұмысын атап айтсақ болады. Солардың қатарында 2023 жылы Қарағандыда жергілікті атқарушы органның қолдауымен облыстық полиция департаменті жанынан құрылған Отбасыларға көмек көрсетудің бірыңғай орталығы бар. Қарағанды тәжіри­бесінің маңызды ерекшелігі – полицияның және басқа да мамандардың бірлесіп жұмыс істеуі арқылы отбасыларға бірыңғай көмек көрсету. Мұндай орталық 2025 жылы қыр­күйек­те Қызылорда облысында да ашылды. Бұл орталықтар жергілікті атқарушы орган­ның қолдауымен облыстық полиция депар­таменті жанынан құрылып, отбасыларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған. Оның жұмы­сы­на полиция қызметкерлерімен қатар медиаторлар, жеке сот орындаушылары, пробация қызметінің өкілдері, әлеуметтік сала мамандары, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да мамандар тартылған. 

Сонымен қатар 2025 жылғы қаңтарда ІІМ құрылымында әйелдерді зорлық-зом­былықтан қорғау бөлімшелерінің базасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құрылды. Аталған бөлімшелердің жеке құрамында әйелдердің үлесі шамамен 80%-ды құрайды. Осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін жергілікті бюджеттер есебінен қосымша 728 штаттық бірлік қарастырылды. Бұл штаттар бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан 256 штаттық бірлігі бар Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің базасында мамандандырылған жұмысты ұйымдастыруға бағытталды. Сондай-ақ мұнда зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласында маманданған әйел қызметкер­лердің әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл екі бағыт бірін-бірі толықтырады. Ма­ман­дандырылған полиция бөлімшелерінің қыз­меті ІІМ жүйесінде жүзеге асырылса, орта­лықтарды дамыту өңірлік қажеттілікке және жергілікті органдардың мүмкіндіктеріне байланысты. Осы тәжірибелердің тиімділігін бағалау олардың одан әрі дамуы жөніндегі шешімдерге негіз болады.

– Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы күрес жөніндегі маман­дандырылған бөлімшелерге қызметкерді іріктеу қандай талаптар бойынша жүргізіледі? 

– Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамның сенімі ең алдымен полиция қыз­меткерінің кәсібилігіне, әдебіне, құпиялы­лықты сақтауына және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете білуіне байла­нысты. Сонымен бірге кейбір әйелдер үшін өз басынан өткен жағдайды әйел қызметкерге айту психологиялық тұрғыдан жеңілірек болуы мүмкін. Сондықтан мамандан­дырылған бөлімшелерді құру кезінде әйел қызметкерлерді барынша тарту міндеті қойылды. Бірақ қыз­меткерлердің жынысын кәсібиліктен жоғары қоюға болмайды. Негізгі талап – әрбір азаматқа құрметпен қарап, заң аясында сапалы көмек көрсету. 

Нақты айтар болсақ, қызметкерлерді іріктеу полиция қызметіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес жүргізіледі, ал маман­дандырылған бағытта кәсіби даяр­лыққа, азаматтармен тиімді қарым-қатынас жасауға, тәуекелдерді бағалауға және от­басылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу дағдыларына ерекше мән беріледі. Мұндай жұмыста құқықтық біліммен қатар, жанжал жағ­дайында дұрыс әрекет ету, жәбірленушінің қауіпсіздігін ескеру және басқа мемлекеттік органдармен үйлесімді жұмыс істеу қабілеті маңызды. 

– Басқа да өңірлерде отбасыларға көмек көрсетудің Қарағанды мен Қызылорда облыстарының тәжірибесі негізінде бірыңғай орталық құру қажеттілігі жоқ па? Жалпы, аталған орталықтарда атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі қандай?

– Еліміздің барлық өңірлерінде барлық маман бір ғимаратта орналасқан бірыңғай жүйені толық енгізудің өз тәртібі бар. Ол өңірлердегі қажеттілікке қарай реттеледі.

ІІМ-нің мамандандырылған бөлімшелері өз құзыреті шеңберінде құқықбұзушы­лықтардың алдын алу, өтініштерге ден қою, қауіп-қатерді бағалау және жәбірленушілердің құқықтарын қорғау жұмыстарын жүргізеді. Негізгі мақсат – жәбірленушінің әртүрлі мекемелерге қайта-қайта жүгіну қажеттілігін азайтып, оған қажетті көмекті уақытылы ұйымдастыру. Ал Қарағанды мен Қызылор­дадағы отбасыларға көмек көрсету орталық­тары – бірнеше қызметтің өзара іс-қимылына негізделген кешенді көмек көрсету алаңдары. Бұл орталықтарға жүгінген азаматтар бір уақытта құқықтық, психологиялық, әлеумет­тік және басқа да көмек түрлерін ала алады. Бұл ретте полицияға түскен өтініштер мен тіркелген құқықбұзушылықтар, сондай-ақ сотқа жолданған істер бөлек есептеледі.

Мәселен, жыл басынан бері Қарағанды­дағы отбасына бірыңғай көмек көрсету орталығында шамамен 1 884 адамға көмек көрсетілді. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 82 өтініш қабылданып, тіркелді, 126 адамға психоло­гиялық, 132 адамға құқықтық көмек көрсе­тілді, 63 азамат медиаторға жүгінді. Қор­ғаншылық және инклюзия мәселелері бойынша 8 мәселе шешіліп, қиын өмірлік жағдайға тап болған 9 адам, оның ішінде 2 бала анықталды. Дағдарыс орталықтарына 54 әйел мен 69 бала орналастырылып, 28 адам жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ сот орындаушыларына 1 311 азамат жүгініп, олардың өтініштері бойынша 263 млн теңге алимент өндірілді. Отбасылардың татуласып, қайта қосылуына байланысты 19 атқарушылық құжат өндіріп алушыларға қайтарылып, 9 отбасы медиа­циялық келісімге келді. Бұдан бөлек, 150-ден астам қоғамдық іс-шара, соның ішінде акциялар, семинарлар, тренингтер, дәрістер мен мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді.

– Жалпы тәжірибеде әйелдердің полицияға түсірген арызынан бас тартатын жағдайлар жиі кездесе ме? Мұндай жағдайда заң әйелдің қауіпсіздігін қалай қорғайды?

– Жәбірленушінің бастапқы өтінішінен бас тартуына немесе құқық қорғау органда­рымен ынтымақтастықтан бас тартуына әр­түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында агрессордың қысым көрсетуі, кек алуынан қорқу, материалдық тәуелділік, туыстардың азғыруы, балалардың жағдайына алаңдау, тұрғын үй мәселелері және отбасы­лық жағдайдың өзгеретініне үміттену бар. Сондықтан мұндай жағдайларда жәбірле­нушіні кінәлау емес, оның қауіпсіздігін қамта­масыз ету және қажетті қолдау көрсету маңызды.

Өтінішті қайтарып алу немесе татуласуға ниет білдіру құқықтық процесті тоқтатпайды. Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларында жәбірленушінің арызына тәуелділік құқық бұзушылықтарды анықтау мен оларға ден қоюда белгілі бір кедергілер туғызатын. Осыған байланысты 2023 жылғы 1 шілдеден бастап заңнамаға енгізілген өзгерістермен тұрмыстық құқық бұзушылық­тарға ден қоюдың арыздану сипатынан анық­тау сипатына көшу қамтамасыз етілді.

Қазір жәбірленушінің арызының болмауы немесе оның кейіннен арызынан бас тартуы құқықбұзушылық бойынша тиісті шаралар қабылдауға өздігінен кедергі келтірмейді. Құқықбұзушылық белгілері анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғалып, материалдар соттың қарауына жолданады. Соңғы құқық­тық бағаны сот береді.

Сонымен қатар құқықбұзушылық туралы ақпарат тек жәбірленушінің өзінен ғана түспеуі мүмкін. Оны куәгерлердің, үшінші тұлғалардың хабарламалары, бейнебақылау камераларының жазбалары және өзге де ақпарат көздері арқылы анықтауға болады. Мұндай мәліметтер заңнамада көзделген тәртіппен тексеріліп, тиісті шаралар қабыл­дауға негіз бола алады.

Сондай-ақ заңнамалық өзгерістер тату­ласу мүмкіндігіне де шектеу қойды. Қазіргі тәртіп бойынша тараптардың тату­ласуына тек сотта және бір рет қана жол беріледі. Осы­лайша, негізгі қағидат – тұр­мыстық зор­лық-зомбылыққа ден қою жәбірленуші­нің арыз беруіне немесе оны қайтарып алуына ғана тәуелді емес. Поли­цияның міндеті – құқықбұзушылықты анық­тау, заңда көзделген шараларды қа­был­дау және оның қайталануы­на жол бермеу.

– Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтың жасырын жағдайларын анықтау үшін полиция қандай жаңа тәсілдер қолданып жатыр?

– ІІМ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда тек түскен өті­ніш­терге ден қоюмен шектелмей, қауіп-қатерді ерте анықтау және қайталама құқық бұзу­шылықтардың алдын алу тәсілдерін қолданады. 2025 жылдан бастап маманданды­рылған бөлімшелерінің қызметін күшейту осы жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүм­кін­дік берді. Қызметкерлер отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құ­қық­бұзушы­лықтарды талдайды, тәуекел деңгейін баға­лайды, профилактикалық жұмысты жүргізеді және бұрын зорлық-зомбылық фактілері тіркелген отбасылардағы жағдайды бақылауға қатысады. Сонымен қатар азамат­тардың полицияға жүгіну мүм­кіндіктерін кеңейту, халықпен кері бай­ланыс орнату, дағдарыс орталықтарымен және басқа ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау маңызды. Мақсат – зорлық-зомбы­лықтың ауыр салдарға әкелуіне жол бермей, алдын алу, қауіптің алғашқы белгілерінде тиісті шаралар қабылдау.

– Жәбірленушілердің полицияға қайта-қайта шағымдануына тура келмейтіндей «бір терезе» қағидатын қалыптастыру жұмыстары қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Қазіргі тәжірибеде жәбірленушіге кешенді көмек көрсету үшін бірнеше қызметтің өзара іс-қимылы ұйымдастырылып келеді. Қарағанды мен Қызылордадағы отбасыларға көмек көрсету орталықтары осы тәсілдің нақты мысалы. Дегенмен 2024 жылдан бастап елімізде Отбасын қолдау орталықтарының қызметі заңнамалық тұрғыдан бекітіліп, оларды жергілікті атқарушы органдар құру тәжірибесі енгізілді.

Бүгінгі күні республикада 161 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын нығайту. Орталықтар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмекті үйлестірілген түрде алуға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда отбасылар тиісті мемлекеттік органдарға және арнаулы әлеуметтік қызметтерге бағытталады. Бұл тәсіл мәселені тек салдарымен күресу арқылы емес, оның туындау себептерін ерте анықтап, отбасыға уақытылы қолдау көрсету арқылы шешуге мүмкіндік береді. Отбасын қолдау орта­лықтары мен полицияның маманданды­рылған бөлімшелерінің өзара іс-қимылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, тәуекелдерді ерте анықтауға және зардап шеккен адамдарды қажетті көмекпен қамтуға ықпал етеді.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ