Астанада биылғы жылыту маусымы 2 қазанда басталды. Жылыту маусымының уақытылы басталып, қолайлы жағдайда өтуі жылу көздерінің қуатына ғана емес, инженерлік желілердің жай-күйіне, жөндеу жұмыстарының сапасы мен коммуналдық қызметтердің жедел әрекетіне де байланысты.
Жылу қуаты ұлғайып келеді
129
оқылды

Әсіресе қыс қаһарына мінгенде жылу жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі, апаттық жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың шағымына жедел әрекет ету мәселесі өзекті бола түседі.

Қазіргі уақытта елорданың әлеуметтік нысандары мен көппәтерлі тұрғын үйлері орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қаланы қажетті жылумен 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО, «Тұран» ГЖС және «Оңтүстік-Шығыс» ГЖС қамтамасыз етеді. Ауа райының құбылуына қарай жылу өндіру көлемі де өзгеріп отырады. Күн жылы кезде стансалар толық қуатында жұмыс істемей, қалаға қажетті мөлшерде ғана жылу береді. Ал күн суытып, аяз күшейгенде жылу өндіру қуаты артады. Сонымен қатар елорданы жылумен сенімді әрі үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі қала әкімдігінің тұрақты бақылауында. Жауапты ұйымдар жылумен жабдықтау нысан­дарының жұмысына жүйелі мониторинг жүргізіп, жылыту маусымы кезінде туындауы мүмкін мәселелерге жедел әрекет етеді.

Қалалық Энергетика басқармасының хабарлауынша, аталған энергия көздерінің тозу деңгейі 1-ЖЭО – 35%, 2-ЖЭО – 53,1%, 3-ЖЭО – 6,7%, көрсеткіш бойынша барлығы «жасыл» аймақта орналасқан және «Тұран» мен «Оңтүстік-Шығыс» ГЖС-тарында тозу көрсеткіштері жоқ, олар жаңадан салынған.

– Жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы – 1 083,6 шақырым, орташа тозу деңгейі – 52,9%. Тұрғын үй қорының 3 604 нысанының барлығы 100% жылыту маусымына дайын. Білім беру саласындағы 210 нысанның барлығы 100%, денсаулық сақтау саласындағы 36 нысанның барлығы 100% жылыту маусымына дайын. Қоймада жылыту маусымына қажетті негізгі және резервтік отын қоры алдын ала жинақ­талған. Көмір стансаға қыс бойы үздіксіз жеткізіліп отырады. Қала бойынша қыс мезгіліндегі көмірге деген қажеттілік 300 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күні қоймаға 167,2 мың тонна (55,73%) көмір жеткізілді, бұл жеткізу кестесіне сәйкес келеді, – деді Энергетика басқармасының Жылумен қамту бөлімінің бас маманы Олжас Асқаров. 

Қала өскен сайын жылу қуаты да ұлғайып келеді. Халық санының көбеюі мен қаланың қарқынды кеңеюі жылу қуатын одан әрі арттыруды талап етеді. Осыған байланысты қажетті жылу қуатының резерві қалыптастырылып, қолданыстағы жылумен жабдықтау нысандарын қысқа әзірлеу жұмыстары аяқталғанымен, жылу көздерін жаңғырту және жаңа нысандар салу жобалары жалғаса береді. 

Биыл «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында жылу желілерінің беріктігі мен герметикалығын тексеру бойынша жыл сайынғы гидравликалық сынақтар (опрессовка) толық аяқталған. Олжас Асқаровтың айтуынша, 2026 жылғы 4 мамыр мен 8 қыркүйек аралығында жылыту маусымына дайындықты тексеру мақсатында 57 жылу магистралі мен тарату құбыржолында жоспарлы сынақтар жүргізілді. 14 сорғы стансасы мен 2 жылу тарату пунктін (ЖТП) дайындау жұмыстары толық көлемде аяқталды. Жұмыстар 2026 жылғы 13 сәуір мен 1 қыркүйек аралығында жүргізілді.

– Энергия көздерінде жұмыстар бекітілген кестелерге сәйкес орындалды. ЖЭО-1 және ЖЭО-2 алдағы жылыту маусымына толық дайын. Энергия көздерінің дайындық деңгейі 100%-ды құрайды. ЖЭО-1-де 8 қазандық пен 3 турбинаның ағымдағы жөндеуі, 1 қазандық пен қосалқы жабдықтың кеңейтілген ағымдағы жөндеуі, сондай-ақ 1 қазан­дықтың күрделі жөндеуі орындалды. ЖЭО-2-де 10 қазандық пен 5 турбо­агрегаттың ағымдағы жөндеуі, 4 қазандық пен 1 турбогенератордың күрделі жөндеуі орындалды.

Жалпы ұзындығы 2 245,5 метрді құрайтын жылу желілерінің учаскелеріне ағымдағы жөндеу және оларды ауыстыру жұмыстары 22 нысанда орындалды, бұл жоспарланған көлемнің 100%-ын құрайды, – деді ол. 

Әсіресе қыс мезгілінде электр желіле­ріне түсетін жүктеме артып, олардың тұр­ақты жұмыс істеуі коммуналдық инфра­­­құры­лымның сенімділігін айқындай­тын маңызды факторға айналады. Бұл мақсатты инвестициялық бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 6 787 метрді құрайтын жылу желілерінің 15 нысанында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Маманның сөзінше, биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аясында «Астана-АЭК» АҚ электр желілерінің сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жөндеу іс-шараларын толық аяқтаған.

– Атап айтқанда, 67,4 шақырым электр желісі мен 68 тарату және трансфор­маторлық қосалқы стансада күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары 100%-ға орындалды, – деді маман.

Жылыту маусымының басталуымен қалада алдын алу шараларын күшейту және тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп, тұрғын үйлерді улы газдан қор­ғайтын датчиктермен қамтамасыз ету жұ­мыстары да қатар жүргізіледі. Мамандар құрылғылардың жұмысын жүйелі түрде тексеріп, батареяларының жарамдылығын бақылайды және оларды қажет болған жағдайда ауыстыру керектігін ескертеді.

Мамандардың айтуынша, жарамды газ датчиктері мен түтін хабарлағыштары тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ