Жамбыл облысында кейінгі жылдары қызылша шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Шаруалар гектарына рекордты өнім алып, талайды таңғалдыруда.
Дала төсіндегі тәтті несібе
107
оқылды

Алайда жылда тәтті түбір көлемі өсіп жатқанымен, оны өткеруде қиындықтар туып, шаруалардың да, шенділердің де шақшадай басы шарадай болады. Енді биылғы меже қандай болмақ? Несібесін қара жерден тапқан диқандар өнімін қайда апарарын білмей тағы шекара асып кетіп жүрмей ме?

Облыстық Ауыл шаруашылығы бас­­қармасы берген ақпаратқа сүйен­сек, қазір қызылша жинау науқаны қар­­қын алыпты. 

– Биыл облыстағы 202 шаруа­шы­­лық 9,9 мың гектар жерге қант қы­­зылшасын отырғызды. Бүгінгі күні Мер­­кі және Шу аудандарындағы 13 ди­қан тәтті түбір жинауды бастады. Қа­зір 53,0 гектар алқаптан 3,6 мың тон­на өнім алынып, әр гектардағы ор­таша өнім 685 центнерді құрады.

Жалпы, қант қызылшасынан 450 мың тоннадан астам өнім алу кү­тілу­де. Жиналған тәтті түбір облыстағы Та­р­аз және Меркі қант зауыт­тарында өңделетін болады.

 Осы жылы қант қызылшасы өні­мі­н­ің сатып алу бағасы тоннасына 40,0 мың теңгені құрады. Яғни қант зауыт­тары өткізілген өнімнің тонна­сы­на  15,0 мың теңге төлесе, мемлекет та­ра­пынан  25,0 мың теңге субсидия берілетін болады, – дейді басқарма ма­мандары. 

Тараз қант зауытында ши­кізат­ты қа­былдау жұмыстары 25 қа­заннан бас­талды. Қазір зауытқа тәу­лігіне 1 000 тонна өнім өткізілуде. Қа­­ра­­ша айын­да бұл көрсеткішті кезең-ке­­зеңі­мен арттыру жоспар­лан­ған.

Қант қызылшасының қарқынын арт­тырып отырғандардың бірі –  Қа­пал ауылындағы «Жанболат» шаруа қо­жалығы.

Шаруашылық биыл 7,5 гек­тар ал­қапқа дәндік жүге­рі егіп, 53,3 тонна өнім жинаған. Орташа өнімділік гек­тарына 71 центнерге жет­кен. Со­ны­мен қатар 15 гектар жерге қант қы­зыл­­­­ша­сы егілген. Аталған ал­қап бойын­ша жоспарланған өнім­ділік гек­та­рына 800 центнерді құрай­ды.

2007 жылы құрылған шаруа­шы­лықтың материалдық-техникалық ба­засында 2 трактор, 1 шөп оратын ком­­байн, 1 жүк автокөлігі және 5 тір­ке­ме бар.

Байзақ ауданындағы «Аспан Аг­ро» шаруа қожалығының басшысы Са­ха Манатовтың айтуынша, биыл  400 гектарға қант қызылшасын еккен екен.

Егістік алқабын сумен қамтамасыз ету үшін 17 ұңғыма қазылып, ұзын­ды­ғы 56 шақырым жерасты су құбыр­л­ары тартылған.

Жалпы Байзақ ауданында 58 622 гек­­тарға ауыл шаруашылығы дақыл­дары орналастырылған. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 590 018 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жиналып отыр.

– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін терең өң­деуді дамытуға баса назар аударды. Әсі­ресе экономиканың негізгі сала­ларын дамытуға, өнімді терең өңдеуге жә­не еңбек өнімділігін арттыруға ба­­­­­­ғытталған жобаларға басымдық бе­ру­ді тапсырды. Біз бұл бағыттағы жұ­­мысты белсенді түрде жалғас­тыра­мыз.

Мәселен, биыл Шу ауданындағы жүгеріні терең өңдеу зауытын ши­кізат­пен қамтамасыз ету мақсатында 25 600 гектар алқапқа жүгері егілді. Алдағы жылдары егіс көлемін 60 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Ал Байзақ ауданында жыл сайын 1 000 гектарға дейін дәндік жү­­­гері егілсе, биыл бұл көрсеткіш 4 000 гектарға жеткізілді. Осы орайда шаруаларды жүгері алқаптарын кеңейтіп, бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге шақырамын. Қант қызылшасы бағытында да жұмыстар қарқынын жоғалтпауы тиіс, – дейді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Жамбыл облысында Тараз қант зауытын жаңғырту жұ­мыс­тарын бел­гіленген мерзімде аяқ­тау­ға баса назар аударылып отыр. Кә­сіпорынды іске қосуға қажетті ша­раларды жеделдету тапсырылуда. Со­нымен қатар қант қы­зылшасын қа­былдау, тасымалдау жә­не өңдеу үде­рістерін үйлестіру, ша­руалардың өнім өткізуіне қолайлы жағ­дай жа­сауға басымдық берілмек. 

Тараз қант зауытының  өндірістік қыз­метін қайта жандандыру мақса­тын­да 2025 жылдан бастап жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Жобаның жал­пы құны – 12,4 млрд теңге. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жы­лы­на шамамен 250 мың тонна қант қы­зыл­шасын өңдеуге қауқарлы болады. Ал тәулігіне өндірістік қуаты 3 мың тон­на қант қызылшасын өңдеуге же­теді.

Қазіргі уақытта негізгі өндірістік ны­сандарда құрылыс-монтаж жұ­мыс­­тары жүргізіліп, қажетті шаралар­дың басым бөлігі аяқталған. Қант қы­зылшасын қабылдау, жуу, өңдеу, шы­рынды тазарту, сүзу, буландыру, крис­талдандыру және центрифугалау же­лілеріне арналған негізгі техно­ло­гиялық жабдықтар жеткізіліп, мон­таж­дау жұмыстары атқарылуда.

Бүгінде зауытты іске қосуға дайын­дық деңгейі 95 пайызды құрайды. Жұмыстарды жеделдету үшін 10 мердігер ұйым екі ауысымда жұ­мыс істейді.

Міне, осылайша жергілікті билік өт­кен жылдардағы қателікті қай­та­ла­мау үшін Тараз қант зауытының құ­ры­­лысына басымдық беріп отыр. Кә­сіпорын толықтай іске қосылғанда ша­руалар өнімін қайда апарарын білмей шырыл қақпайтыны анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы