Қаладағы жол кептелісі, тұрғын үйдегі шектен тыс су шығыны, коммуналдық желідегі немесе энергетика нысанындағы ақау қаупін проблема туындамай тұрып анықтауға бола ма?
Цифрлық сыңар – урбанистиканың жаңа белесі
56
оқылды

Бұл фантастика емес, цифрлық технологиялар мұның қазірден мүмкін екенін көрсетіп отыр. Президенттің биылғы Жолдауда ірі қалалардың цифрлық сыңарын жасауды тапсыруы – урбанистикалық дамудың жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам. Бұл технология қалаларымызды қаншалықты қауіпсіз әрі жайлы ете алады?

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­дауында ірі қалаларымыздың инфрақұрылы­мының цифрлық сыңарын жедел түрде жасау міндетін қойды. Ол «қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуын» басымдық ретінде белгіледі және аса маңызды мемлекеттік міндет деп бағалады.

– Экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн. Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұ­рылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс! – деді Президент Қ.Тоқаев.

Қала қарқынды дамитын болса, сол өңір­дің экономикасы да өркендейді, адами әле­уеті де артады. Премьер-министрдің орын­баса­ры – Ұлттық экономика министрі Серік Жұ­­манғариннің айтуынша, бұл міндет Жол­д­ауды жүзеге асыру жөніндегі жалпы­ұлт­тық іс-шаралар жоспарына енгізілді. Оны 2027 жы­лы толық жүзеге асыру қарастырылған екен. 

– Енді ірі қалаларды ұзақмерзімді дамыту қалалық ортаны жаңартудың жүйелі негізіне айналады. Тиісінше, алдымен мегаполистердің, ізінше әрбір облыс орталығының цифрлық сыңары жасалады. Жалпыұлттық жоспар аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығын жаңғырту, тұрғын үй құрылысын жандандыру, елді мекендерді ауызсумен және газбен қамту да қарастырылған, – деді С.Жұманғарин.

Ал Премьер-министрдің орынбасары – ЖИ және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің түсіндіруінше, бұған дейін Астанада енгізілген шешімдер негізінде ірі қалалардың цифрлық сыңары қазірден-ақ жасалып жатыр. Елордада цифрлық сыңардың келесі компоненттері енгізілген: біріншіден, жолдар мен инфрақұрылымның цифрлық картасы жасалды. Екіншіден, бас қаланың барлық көшесі мен ауданында интеллектуалды бей­небақылау енгізіліпті. Үшіншіден, комму­нал­дық желілердің жай-күйіне цифрлық не­гізде мониторинг жүзеге асырылмақ. Төр­тіншіден, көлік ағындары ЖИ арқылы басқарылады. Бесіншіден, Астана өмірінің әр саласына қатысты жиналатын ұшан-теңіз үлкен деректер (Big Data) ЖИ арқылы талданады.

– Осы шешімдер басқа қалаларға таратылады. Бұл жұмысқа алғашқының бірі болып Алматы қосылды. Шымкентте және өзге облыс орталықтарында жұмыс жүргізіліп жатыр. Қаланың цифрлық сыңары елді мекенге және тұрғындарға төнетін түрлі апат қаупін алдын ала анықтауға, көлік ағындарын оңтайландыруға да мүмкіндік береді. Сондай-ақ қауіпсіздік пен қалалық коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға көмекте­седі, – деді ЖИ министрі Ж.Мәдиев.

Бұл жобаның шапағаты әртүрлі салаға таралуға тиіс. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтып берді. Мысалы, цифрлық сыңар аясында ірі қалалардың айналасындағы әрбір кен орнын, ресурстарын есепке алуға, игерілуін қадағалауға болады. Мұның сыртында ірі қалалардың жылу-электр орталықтары да бақылауға алынбақ. Отын-энергетика кешенін цифрландыруға Энергетика министрлігі жауапты. Энергети­ка саласын цифрландырудың негізгі мақса­ты – жабдықтардың жай-күйін онлайн режимде тексеру және түрлі шығынды азайту. Бұл тұтынушыларды электр энергиясымен, жылумен және отынмен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл ведомство 3 негізгі бағыт бойынша 20 іс-шараны жүзеге асыру үстінде. Бұлар: цифрлық сыңарлар, жасанды интеллект және киберфизикалық қауіпсіздік. Іс-шара­ларды 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде энергетика нысандарындағы апатты 25%-ға, энергетикалық ресурстар шығынын 90%-ға дейін қысқарту көзделіп отыр. Министрліктің бағалауынша, ЖИ шешімдерін енгізудің экономикалық тиімділігі жылына шамамен 23 млрд теңгені құрайды. Басты мақсат – тәуекелдерді алдын ала болжау арқылы саланы проактивті басқаруға көшу. Әйтпесе, ескі тәжірибе мысалы, ЖЭО-дағы апаттардың салдарын жоюға бағдарланатын.

– Цифрлық сыңар – әрбір өндірістік нысанның ахуалын көрсететін виртуалды модель. Ол жабдықтардың жұмысын бағалауға және қабылданатын шешімнің ықтимал нәтижелерін алдын ала болжауға да мүмкіндік береді. Энергетика секторында Астана әкімдігімен бірлесіп, елорданың энергетикалық кешенінің цифрлық сыңарын әзірлеудеміз. Осы арқылы отын 2,5%-дан астамға үнемделуге тиіс. Біздің міндетіміз – пилоттық жобалардың деректеріне сүйеніп, цифрлық сыңарлардың нысаналы архитектурасын бекіту, – деді Е.Ақкенженов.

Газ саласында ЖИ көгілдір отынды тұтыну көлемін болжау үшін қолданылады. Болжам дәлдігі 86%-ға дейін жетеді, ал жылдық экономикалық тиімділігі 300 млн теңгедей екен. Энергетика саласында ЖИ өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Өндірістегі жазатайым оқиғалар, апаттар санын 78%-ға дейін төмендету күтіледі. Жылдық эконо­микалық тиімділігі 370 млн теңгені құрамақ.

Жеке бағыт – жабдықтардың жай-күйін онлайн режимде тексеру. Негізгі жабдықтары осылай бақыланатын нысандардың үлесін 2026 жылғы 20%-дан 2028 жылы 70%-ға дейін арттыру жоспарланған. Ол үшін электр энергиясын өндіру және беру нысандарының цифрлық сыңарларын енгізу, негізгі жабдық­тарды датчиктермен жарақтандыру ұсынылды.

– Бұл ақауларды алдын ала анықтап, жөндеу жұмыстарын уақытылы жоспарлауға жол ашады. Соның нәтижесінде апаттылық деңгейін 25%-ға төмендету көзделген. Сонда тұтынушылар үшін электр және жылу энер­гиясымен жабдықтау сенімділігі артады, – деді министр.

Қазақстандық frontend-әзірлеуші, IT маманы Қуаныш Әбдірамановтың пікірінше, Президент айтқан цифрлық сыңарлар немесе Digital Twin қалаларды басқару тәсілін түбегейлі өзгертеді. Бұрынғы тәсіл бойынша әр әкім апта, тіпті күн сайын «планерка» өткізіп, әр салаға жауапты орынбасарлары мен бөлім-департамент басшыларын жинап, қала тіршілігінің ағымдағы ахуалы туралы баяндамасын тыңдайды. Қаланың сыңары болса, мұндай жиынның қажеттілігі қалмауға тиіс. 

– Цифрлық сыңар дегеніміз – өмірде бар нақты нысанның немесе тұтас жүйенің цифрлық көшірмесі. Ол шынайы әлемнен үздіксіз дерек алып, нысанның қазіргі жағдайын цифрлық ортада көрсетеді. Digital Twin тек өзекті мәліметтермен жұмыс істейді. Мысалы, ғимараттың цифрлық сыңары арқылы оның ішіндегі температураны, қанша энергия тұтынатынын және жабдық­тарының жағдайын бақылауға болады. Бұл технологияның ең бір қызықты бағыты – «Ақылды қала». Қаладағы камералардан, қоғамдық көліктегі датчиктерден, тіпті ме­тео­стансалар мен коммуналдық қызметтер жүйесінен ағылатын мәліметтер қаланың бірыңғай цифрлық моделіне біріктіріледі, – деді сарапшы. 

Бұл қазіргі жай-күйді талдап, ықтимал өзгерістерді модельдеуге, соның негізінде тиімді шешім қабылдауға көмектеседі. Қ.Әбдіраманов цифрлық сыңарлар көлік қозғалысын басқару, энергетика, өнеркәсіп, қоршаған ортаны бақылау, қаланы жоспарлау салаларында зерттеліп, қолданысқа енгізіле бастағанына назар аудартты. Оның тұжырым­дауынша, Digital Twin-ді IoT (заттар интер­нетімен) және AI технологияларымен өзара байланыстырудың болашағы зор. Мұндай жүйе мәселені туындаған соң шешуге емес, оның алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін Digital Twin технология­сының басты құндылығы – нақты нысанды жай бақылаумен шектелмейтінінде: онда ЖИ арқылы қаладағы әр нысанның күйін күн сайын, тұрақты зерттеп, болашақта қаланың әр бөлігінде, кәсіпорнында, тұрғын алабында қандай өзгерістер болатынын модельдеуге болады. Ең маңыздысы, ұсы­нылған шешімдерді шынайы өмірде жүзеге асырмай тұрып, алдымен цифрлық ортада сынақтан өткізуге мүмкіндік беріледі. Бұл мүмкіндікті Қазақстан қаншалықты тиімді пайдалана алады, мұны енді уақыт пен тәжірибе көрсетпек.

Айхан ШӘРІП