Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайына қатысып, ана тілінің мемлекеттік даму мен ұлттық бірліктегі айрықша рөліне тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазіргі жаһандық геосаяси жағдайда тіл мәселесінің ерекше мәнге ие болып отырғанын және бұл бағытта пайымды да салмақты көзқарас қажет екенін баса айтты. Мемлекет басшысы: «Ана тілі мәселесі – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып» деген пікір білдірді.
«Баршаңызбен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын.
Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып.
Қазіргі таңда дүниежүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз.
Ең алдымен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет», – деді Президент.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
