Мемлекет басшысы Конституция мәтінін жазуға өзі де тікелей атсалысып, әрбір сөзі мен бабына аса мұқият қарағанын жеткізді.
Президент: «Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазатын болдық»
Фото: Ақорда
181
оқылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде жаңа Конституцияның мәтінін әзірлеу үдерісіне тоқталып, Ата Заңға енгізілген символдық және мазмұндық жаңалықтарды атап өтті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Конституция мәтінін жазуға өзім де тікелей атсалыстым. Әр сөзіне мұқият қарап, әр бабына ерекше назар аудардым. Мен үшін бұл – ең алдымен азаматтық парыз.
Мәселен, Конституцияда біз халқымыз үшін киелі «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазатын болдық. Мұның терең мәні бар.
Біз осылайша әрбір ұғым-түсінікке үлкен жауапкершілікпен қарап, тұтас қоғам санасына, әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына елдік қасиеттерді сіңіреміз.
Жалпы, Конституция халқымыздың дүниетанымына және озық заңнама талаптарына сай жазылды. Қазақстанның Конституциясы кәсіби тұрғыдан өте сапалы дайындалған құжат деп күмәнсіз айтуға болады.
Осы ауқымды жұмысқа білікті заңгерлермен қатар, филология саласының тәжірибелі ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да белсене қатысты.
Мұның бәрі қазіргі қазақ тілінің әлеуеті мен күш-қуатының айқын көрінісі екені сөзсіз», – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді», – деді.
«Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес.
Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау бұл – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек.
Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық.
Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат.
Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.