Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір сөздердің қисынсыз аудармасына қатысты пікір білдірді.
Қазақ тілі  басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза
Фото: Ақорда
246
оқылды

Мемлекет басшысы тіліміздің басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза екенін атап өтіп, соңғы жылдары қалыптасқан сәтті үрдістер мен қатар туындаған кейбір олқылықтарды атап көрсетті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде қазақ тілінің лексикалық қоры, оның тазалығы, терминологиядағы артық әрі жасанды сөздер мен діни ұғымдарды қолдану мәселелеріне жан-жақты тоқталды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Бірақ жалпы тіліміз басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп айтсақ, дұрыс болар.
Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып» сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дүние.
 
Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты.
Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар.
Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер, сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажет. Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды.
 
Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі», - деді Президент.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.