Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерге «Дала орманы» жобасына қолдау білдіруді тапсырды.
Мемлекет басшысы «Дала орманы» жобасын қолдады
Фото: Ақорда
140
оқылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде ұйымның тіл мәселесімен қатар елдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды бастамасына тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы таныстырған «Дала орманы» атты игі жобаның нәтижелерін жоғары бағалады.

«Осы орайда, Ұйым қолға алған тағы бір маңызды бастаманы атап өткім келеді.
Маған кеше «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы «Дала орманы» деген жақсы жобаны таныстырды.
Бұл ұйым бір жылдың ішінде серіктестерімен бірге 400 гектар жерге 5 миллион тал еккен. Осы жұмыстың нәтижесінде еліміздің үш облысында 4 үлкен орман питомнигі құрылған.
Енді оның ауқымын одан әрі кеңейту керек. Әр ауылдың маңынан 25, аудан орталығының қасынан 50, ал үлкен қалалардың маңайынан 100 гектардан көшеттер өсіретін саябақтар ашу жоспарда бар екен.
Мен мұны толық қолдаймын. Дұрыс бастама. Үкімет пен әкімдіктер де бұл жұмысқа атсалысуы қажет.
Осы жобаның арқасында Қазақстандағы орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады. Бұл «Қазақ тілі» ұйымының «Таза Қазақстан» жобасына қосқан нақты үлесі болмақ.
Қазақтың даласы орманға айналмайды деп кім айтты?! Орманды өсіру де, даланы жайнату да біздің қолымыздан келеді. Сондықтан «Дала орманы» жобасын сапалы жүзеге асыру өте маңызды. Бәріміз қолдайық», – деді Президент.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.