Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х мерейтойлық құрылтайы өтті.
Рауан Кенжеханұлы: «Қазақ тілі» қоғамы «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Kitap.kz цифрлық кітапханасын дамытып жатыр
Фото: akorda.kz
171
оқылды

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы жиында аталған қоғамның алғашқы құрылтайы осыдан тура 37 жыл бұрын өткенін атап өтті. 

Оның айтуынша, содан бері ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін иеленіп, тәуелсіз Қазақстанның бірлігі мен берекелі дамуының тірегі ретінде тұғырын бекітіп, қолданыс аясын кеңейтіп, қарыштап дамып келеді.

Тілге жанашыр кең ортаны біріктірген «Қазақ тілі» қоғамы – осы қозғалыстың басы-қасында болып, мемлекет, қоғам және бизнестің ниеті мен амалдарын бір арнаға тоғыстырған ортақ алаң, өзіндік дәстүрі қалыптасқан жасампаз ұйым ретінде танылды.

«Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы мен нақты қолдауының арқасында қоғамның қызметі жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.

«Алғашқы жарнасын Мемлекет басшысы салған «Қазақ тілі» эндаумент қорының көлемі есепті кезеңде 100 есе өсті. Соның арқасында қазіргі тілдік орта мен тілді дамыту технологияларына ықпалы зор ірі ғаламдық орталықтармен тығыз байланыс орнатып, ана тілімізді әдістемелік, мазмұндық және технологиялық тұрғыдан күшейтуге жол ашқан бірқатар нақты бастамалар мен жобалар іске асты. Соның ішінде  жасанды интеллект саласында көш бастап тұрған OpenAI компаниясымен ресми келісім жасалып, ең кең қолданылатын ChatGPT моделінің қазақ тілінде қатесіз, терең жұмыс істеуі үшін, оны жаңадан оқыту жобасы іске асуда», – деді Рауан Кежеханұлы. 

Сонымен қатар жоба аясында қазақ тіліндегі кеңейтілген жаңа деректер қоры жинақталды. 

Атап айтсақ, 14 миллиард токеннен асатын мәтін қоры мен 12 мың сағаттан тұратын дыбыс қоры, соның ішінде текст пен дауысты толық сәйкестендірген алтын стандарт деректер қоры жинақталды. Жасанды интеллект арқылы құжат тану, текст тану, дауыс тану модульдері едәуір жақсарды. 

Ауқымды тіл модельдерінің қазақ мәдениеті, этнографиясы мен тарихына қатысты жауаптарын тексеретін 8 бенчмарк әзірленді. Соның арқасында қазақ тіліндегі ауызша сөзді мәтінге айналдыратын модельдердің дәлдігі 98 пайызға жетті. Сондай-ақ  қазақ тіліндегі балалар әдебиетінің аудармасы мен академиялық аударма сапасы 90 пайызға жуықтады. Алдағы уақытта қазақ этнографиясы, тіл табиғилығын қамтамасыз ету және әдеби аударма сапасын көтеру міндеті тұр.

Бұл жұмыстың басты мақсаты – қазақ тілін қазіргі әлем тілдерінің цифрлық классификациясындағы Low-Resource lamguages, яғни төмен ресурсты тілдер қатарынан Mid-Resoure Languages – орта ресурсты тілдер дәрежесіне көтеру. Ол үшін бізге сапасы жоғары, цифрланған ауқымды ашық деректер қоры, ол деректі өңдеу құралдары мен бағалау өлшемдері қажет. Осы жұмыс орындалған жағдайда, біз тілімізді жасанды интеллект заманына бейімдеп, келесі технологиялық кезеңге дайындай аламыз. 

Сонымен бірге балалардың тілін қазақша шығаруға және ана тілімізді өскелең ұрпаққа тартымды ету мақсатында дүниежүзіне танымал Disney, Pixar, Sony және Marvel секілді әлемдік студиялардың балаларға арналған фильмдері жоғары кәсіби деңгейде қазақ тіліне дубляж жасалып, премьералары дүниежүзінің үлкен 40 шақты тілімен қатар, бір уақытта көрсетіліп келеді. Бұл бастаманың аясында  соңғы екі жылда 13 үлкен премьера өтті. Бұл фильмдерді үлкен экраннан тамашалауға 1 миллионнан аса көрермен келді, қазақша сеанстардың кассалық табысы үш есе өсті. Аталған нәтижелер осы жұмысты жалғастыруға берік негіз қалайды.   

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өтінішін қабыл алып, осы жобаны іске асырып келе жатқан Askar Cinema тобына және Дисней студиясына ризашылық білдіреміз. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Қазақ тілі» қоғамы әріптестермен бірге Kitap.kz атты цифрлық кітапхана жобасын дамытуда. Қазір мұнда 4 мыңнан аса электронды кітап, 1 мыңнан аса аудио кітап қоры бар. KITAP платформасына 4 миллионнан аса оқушы тіркелген. Алдағы уақытта платформа аясындағы кітап қорын 20 мыңға жеткізіп, оны оқу сауаттылығы мен оқу мәдениетін дамыту алаңына айналдыру жоспарланды.

Биылғы жылдан бастап «Freedom Шапағат» қорымен бірге арнайы әдеби сыйлық тағайындалды. Мақсатымыз – қазақстандық авторларды қолдау және отандық әдебиеттің халықаралық деңгейге шығуына жол ашу.

Жұмысымыздың тағы бір маңызды бағыты – қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, тіл мен әдебиет пәні мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсету және қазақ тілі пәніне қызығатын оқушы балаларды ынталандыру. 

Бұл бағытта жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Ана тілі» олимпиадасы мен қазақ тілін екінші тіл ретінде оқитын балалар арасындағы «Жарқын болашақ» олимпиадасын ерекше атауға болады. Соңғы екі жылдың өзінде аталған олимпиадаларға 30 мыңнан аса оқушы қатысып, еліміздің танымал жоғары оқу орындарына 61 оқу гранты табысталды.  Аталған шаралар ана тіліміздің ғылыми әлеуетін көтеруге, болашақ тілші мамандардың қалыптасуына, өскелең тіл жанашырларының ортасын күшейтудің негізін қалады. 

Бұл – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен оның серіктестері атқарып жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана.

Бірақ қай бастама, қай жоба болмасын біз бірінші кезекте  Қазақстанның ел ретінде күшеюін, қоғам болып ұйысуын,  мемлекеттілігінің нығаюын ойлаймыз. Тіліміздің киесі мен қасиеті – осыған жол ашатын күш екендігіне кәміл сенеміз. 

Түпнұсқасы қазақша жазылған жаңа Конституция, Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» идеясы, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы, талқыланып жатқан жаңа қоғамдық этика мен әдеп қағидалары, «Кітап оқитын ұлт» жобасы. Осының барлығы әр адамға тіл арқылы жол табатын, санаға орнығатын, сол арқылы мінезді өзгертіп, адамға да, қоғамға да жаңа мүмкіндік сыйлатын мағынасы терең, аса маңызды елдік бастамалар.

«Адалдық – адамдықтың алғышарты» дейді дана бабаларымыз. «Адал азамат» тәрбиелеу мен жаңа қоғамдық әдеп орнықтыру – түптеп келгенде төл мәдениетімізді жаңа заманмен үйлесімді жалғап, ұлттық болмыс негізінде болашаққа қажет азаматтық ұстаным қалыптастыру деп білеміз. 

Оның астарында бүгінгі қоғамға сай жаңа ұлт азаматтарын қалыптастыру идеясы жатыр. Ұлт мүддесімен ұштасатын осындай ұстанымды таратып, насихаттау «Қазақ тілі» қоғамының тікелей міндеті.

Бойы мен ойы таза адамның ниеті де таза. 

Адам... Адаммен бірге қоғамның да тағдыры таза санадан, таза қоршаған ортадан, адамдар арасындағы таза көңілден бастау алады. Бұл да ұлттық тәрбиеден тамыр тартатын, біз үшін қасиетті қағида. 

Тазалық адамның ішкі мәдениетінің сыртқы көрінісі болса, көшеміз бен қаламыздың тазалығы – биік елдік санамыздың көрінісі. Сондықтан «Таза» Қазақстан» – барша саналы күштер жұмылып ұмтылатын елдік мұрат. 

Тілдік тұрғыдан алғанда бұл ұғымның астарында əлдеқайда қуатты идея жатқандығы анық. Қазақ «таза» сөзін «ар тазалығымен», «жан тазалығымен», «жүрек тазалығымен», «ой тазалығымен», «сөз тазалығымен» шендестіріп түсінеді. 

Олай болса, «Таза Қазақстан» ұғымын мемлекеттік, қоғамдық сананың тазалығымен бірлікте қарағанымыз жөн. Нақты айтсақ, «Адал азамат», «Таза Қазақстан» жобалары ұштаса келіп, «Әділетті Қазақстан» құру мақсатына ұласады. Демек, Мемлекет басшысы күн тəртібіне қойып отырған тарау-тарау бағыттар Қазақстанның келешек рухани əлемін анықтайтын ортақ арнаға барып құяды. Ұлттық идеологияның ұстынын белгілейтін бұл өркенді бастамалардың түп төркіні  әл-Фарабидің «Ізгілік» философиясымен, Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасымен, Шəкəрім Құдайбердіұлының «Ар ілімімен» тамырласып жатқан ұлт даналығының өркені екенін көреміз. 

Болашағымызға бағдар түзген бұл бастамалардан біз Қазақ елінің, Қазақстан қоғамының ертеңгі жаңа келбетін аңғарамыз. Ол елдің жаңа азаматы – əділдікті, адалдық пен тазалықты өзінің басты құндылықтары деп танитын, білім мен жаңалыққа құштар, тілін, тарихы мен мəдениетін мақтан тұтатын, бойы мен ойы таза, туған елінің шын патриоты. 

Тіліміздегі жаңа мазмұн арқылы жас ұрпақтан осындай азаматтарды тəрбиелеуді «Қазақ тілі» қоғамы да өзіне биік мақсат тұтады.