Қазақстанда қоғамдық көлікте балалар арбасын алып жүруге қатысты ережелер қайта қаралады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова Facebook парақшасында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мұндай шешім ата-аналардан түскен өтініштер мен сауалдарға байланысты қабылданған.
– Ата-аналардан келіп түскен өтініштер мен сауалдарды ескере отырып, екіұшты түсіндіруге жол бермеу, сондай-ақ жолаушылардың қолайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті ережелерді қайта қарауға жіберу туралы шешім қабылдадым, – деді Әсел Жанасова.
Бұған дейін әлеуметтік желіде балалар арбасымен автобусқа кіруге тыйым салынатыны туралы ақпарат тараған еді. Бірақ Көлік министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын түсіндірді. Қолданыстағы ережелер ата-аналарға балалар арбасымен қоғамдық көлікте жүруге тыйым салмайды.
Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, автобус іші шамадан тыс толған жағдайда және ата-анаға арналған бос орын болған кезде балалар арбасын жинап алып жүру көзделген. Бұл ретте арба өзге жолаушылардың жүріп-тұруына кедергі келтірмеуі керек.
Дегенмен ата-анаға арбаны жинау қолайсыз болса, оны жайылған күйінде қалдыруға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда айыппұл салу, жолаушыны автобустан түсіру немесе басқа да жаза қолдану қарастырылмағанын министр айтты.
Енді министрлік ата-аналар арасында түсінбеушілік тудырған талаптарды қайта қарап, ережелерді нақтыламақ.
