Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, бала күтімі кезеңінде мемлекет төлеп келген қосымша зейнетақы жарнасы алынып тасталады. Дегенмен бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнен бұрынғыдай 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады.
Қазақстанда бала күтіміндегі әйелдерге берілетін бір төлем тоқтатылады
135
оқылды

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алатын әйелдердің зейнетақы шотына мемлекет есебінен қосымша жарна аудару тоқтатылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, бала күтімі кезеңінде мемлекет төлеп келген қосымша зейнетақы жарнасы алынып тасталады. Дегенмен бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнен бұрынғыдай 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады.

Қазір жұмыс істеген әйелдерге бала туғаннан кейін 1,5 жасқа толғанға дейін әлеуметтік төлем беріледі. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Осы төлемнен 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.

Бұған дейін мемлекет бала күтіміндегі әйелдердің зейнетақы жинағы азаймауы үшін қосымша жарна төлеп келген. Яғни әлеуметтік төлемнен ұсталатын 10 пайыз жарна мен бюджеттен аударылатын қосымша қаражаттың жалпы сомасы әйелдің декретке дейінгі орташа табысының 10 пайызына тең болатын.

Мәселен, әйелдің декретке дейінгі орташа айлық жалақысы 500 мың теңге болса, бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлемі 200 мың теңгені құрайды. Оның 20 мың теңгесі зейнетақы қорына аударылады. Бұған дейін мемлекет қосымша 30 мың теңге төлеп, әйелдің зейнетақы шотына ай сайын жалпы 50 мың теңге түсіп келген.

Ал 2027 жылдан бастап мемлекеттік субсидия тоқтатылған жағдайда зейнетақы шотына тек әлеуметтік төлемнен ұсталған 20 мың теңге ғана аударылады. Осылайша, аталған мысалда ай сайынғы зейнетақы жарнасы 30 мың теңгеге немесе 60 пайызға азаяды.

Бұл өзгеріс бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің өзін қысқартпайды. Тек мемлекет есебінен төленетін қосымша зейнетақы жарнасына қатысты болады.