Қазақстанда бөгде адамдардың атына SIM-карта тіркеп, WhatsApp аккаунттарын ашу арқылы ақша табуды ұсынатын алаяқтық әрекеттерге қатысты ескерту жасалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде азаматтарға SIM-карта рәсімдеп, оның көмегімен WhatsApp аккаунтын ашқаны үшін ақша төлеу туралы ұсыныстар таралып жатыр. Мұндай хабарландыруларда көп күш жұмсамай табыс табуға болатыны айтылады.
Алайда бұл ұсыныстардың артында алаяқтық әрекеттер тұруы мүмкін. Қаскөйлер өзгенің атына тіркелген телефон нөмірлері мен мессенджер аккаунттарын пайдаланып, азаматтарды алдауы ықтимал.
Мұндай аккаунттар арқылы жалған хабарламалар жіберіліп, адамдардан ақша сұралуы немесе өзге де заңсыз әрекеттер жасалуы мүмкін. Ал телефон нөмірі басқа адамның атына тіркелгендіктен, құқық қорғау органдарының назарына алдымен сол азамат ілігуі ықтимал.
ІІМ азаматтарды күмәнді ұсыныстарға келіспеуге, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге және өз атына тіркелген SIM-карталарды үшінші тұлғалардың пайдалануына жол бермеуге шақырады.
Ведомство мұндай әрекеттерге саналы түрде қатысқан адамдар заңда көзделген негіздер болған жағдайда қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертеді.
