Кеңес жұмысының жеке бір бағыты халықаралық жастар ынтымақтастығын дамытуға, қазақстандық жастардың мүдделерін білдіруге және олардың бастамаларын халықаралық алаңдарда ілгерілетуге арналады.
Құрылтай жанынан Жастар кеңесі құрылады
204
оқылды

I шақырылымдағы Құрылтай жанынан Жастар кеңесі құрылады. Ол жастар бастамаларын біріктіруге, оларды жүйелі түрде ілгерілетуге және Құрылтаймен тікелей өзара іс-қимыл орнатуға арналған тұрақты диалог алаңына айналады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кеңестің басты миссиясы – белсенді, бастамашыл және жасампаз жастарды біріктіру, олардың елдің қоғамдық өміріне етене араласуына жағдай жасау және жас ұрпақты ел дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге тарту.

Кеңес құрамына Құрылтай депутаттарын, жастар ұйымдары мен бірлестіктерінің өкілдерін, өңірлердегі белсенділерді, сондай-ақ түрлі кәсіби саладағы жас мамандарды енгізу ұсынылып отыр.

Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дана Медеуова баяндама жасады.

– Бүгінде Қазақстанда 6 миллионға жуық жас азамат тұрады. Жастар қоғамдық өмірге белсенді араласып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, жаңа идеялар ұсынып, еліміздің дамуына қатысты өзекті мәселелерді шешуді ұсынады. Сонымен бірге бұл бастамалардың әлеуеті әрдайым толық жүзеге аса бермейді. Олардың көпшілігі жеке-жеке қалып, республикалық деңгейге шығу үшін қажетті қолдауға ие болмай отыр. Осыған байланысты жас азаматтардың бастамаларын біріктіруге, оларды жүйелі түрде ілгерілетуге және жастардың Құрылтаймен тікелей байланысын жолға қоюға мүмкіндік беретін тұрақты диалог алаңын құру қажеттігі туындады, – деді Дана Медеуова.

Өңірлердің кеңінен өкілдік етуіне ерекше назар аудару көзделген. Шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі және шалғай аудандардағы жастардың үні ірі қалалар жастарының бастамаларымен қатар жалпыұлттық деңгейде естілуі маңызға ие.

Кеңес жұмысының жеке бір бағыты халықаралық жастар ынтымақтастығын дамытуға, қазақстандық жастардың мүдделерін білдіруге және олардың бастамаларын халықаралық алаңдарда ілгерілетуге арналады.