Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Аббат Өрісбаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға бөлінген бюджет қаражатының тиімділігі мен цифрландыру жұмыстарының нәтижелілігіне қатысты сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутаттың айтуынша, еліміздегі су шаруашылығы нысандарын жаңғырту және автоматтандыру бағытында бірқатар жоспар толық орындалмаған. Бұл ретте бөлінген қаражаттың көлемі мен нақты нәтижелерінің арақатынасына талдау жүргізу қажет.
Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы қорытындысына сәйкес, Қазақстандағы су шаруашылығы жүйесінде 5 681 нысан бар. Алайда жоспарланған 5 пайыздың орнына олардың тек 208-і немесе 3,7 пайызы ғана автоматтандырылған.
Сондай-ақ суару каналдарын жаңғырту жұмыстары да жоспарлы көрсеткішке жетпеген. Жоспар бойынша 728,4 шақырым канал жаңғыртылуы тиіс болса, іс жүзінде 496,5 шақырымында ғана жұмыс жүргізілген. Депутат жоспардың орындалмауына мердігермен жасалған шарттың бұзылуы себеп болғанын атап өтіп, жобаларды жоспарлау мен орындаушылардың жауапкершілігіне қатысты мәселе көтерді.
2025 жылы республикалық бюджеттен 728,4 шақырым каналды жаңғыртуға 3,269 млрд теңге қарастырылған. Ал 2026 жылы сыртқы қарыз қаражаты есебінен 383,2 шақырым каналдағы жұмыстарға 14,9825 млрд теңге жоспарланған. Аббат Өрісбаев бұл айырмашылыққа қатысты қаржылық және экономикалық негіздемені ашық түсіндіру қажет деп санайды.
«Әрине, жұмыстардың техникалық сипаттамалары мен көлемі әртүрлі болуы мүмкін. Алайда қаржыландыру көлеміндегі мұндай елеулі айырмашылық, әсіресе мемлекеттің сыртқы қарыздарды қайтару жөніндегі міндеттемелерін ескерсек, ашық әрі экономикалық тұрғыдан негізделген түсіндіруді талап етеді. Сондықтан су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға жұмсалатын қаражаттың құны мен нақты нәтижелілігіне баға берілуі керек», – делінген депутаттық сауалда.
Сонымен қатар 2026 жылы автоматтандырылған су шаруашылығы нысандарының санын 881-ге дейін жеткізу жоспарланған. Алайда депутат жүйелердің санын арттырумен шектелмей, олардың суды үнемдеуге және пайдалану шығындарын азайтуға қаншалықты ықпал етіп отырғанын бағалау маңызды екенін жеткізді.
Су үнемдеу жұмыстарының нақты нәтижесі бағалануы керек
Депутаттардың пікірінше, су саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігі игерілген қаражат пен жаңғыртылған нысандар санымен ғана өлшенбеуі тиіс. Негізгі көрсеткіштер судың нақты шығынын азайту, сумен жабдықтау сенімділігін арттыру және пайдалану шығындарын төмендету болуы қажет.
«Су – стратегиялық маңызы бар ресурс. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі, экономиканың тұрақтылығы және су қауіпсіздігі оны тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Сондықтан су саласындағы жобалардың нәтижесі тек бөлінген қаржы мен атқарылған жұмыс көлемі арқылы бағаланбауы керек. Ең алдымен, судың нақты шығыны қаншалықты азайғаны және инфрақұрылымның тиімділігі қаншалықты артқаны ескерілуі тиіс», – деп көрсетілген депутаттық сауалда.
Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясының депутаттары Үкіметке ұсыныс жолдады:
- Су шаруашылығын жаңғырту және цифрландыру жобаларына кешенді тексеру жүргізіп, бөлінген қаражаттың тиімділігін, жұмыс мерзімдерінің бұзылу себептерін және орындаушылардың жауапкершілігін бағалау.
- Су инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған бюджет шығыстары мен сыртқы қарыз қаражатының ашықтығы мен экономикалық негізділігін қамтамасыз ету.
- Су үнемдеу және цифрлық есепке алу шараларын күшейтіп, судың көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылау жүйесін енгізу.
Депутаттар сондай-ақ су шаруашылығы нысандарын жаңғырту тиімділігін бағалайтын нақты әрі өлшенетін көрсеткіштер белгілеуді ұсынды.
