Алматыда қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істер аясында 8 миллиард теңгеден астам қаражат пен мүлікке тыйым салынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Олардың арасында криптовалюта түріндегі активтер де бар.
Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел басқарма басшысы Дилар Кугабаевтың мәліметінше, соңғы екі жылда қалада қаржы пирамидаларын ұйымдастыру және басқару деректері бойынша 20-ға жуық қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу барысында күмәнді инвестициялық жобалардың интернет арқылы азаматтарды тартқаны анықталған. Қаржы пирамидаларына қатысы бар 2 мыңнан астам сайт, әлеуметтік желідегі парақша мен жарнамалық сілтеме бұғаттауға жолданған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алаяқтар қазір қаржы пирамидаларын инвестициялық компания, тұтыну кооперативі немесе криптовалюта жобасы ретінде таныстырады. Олар азаматтарға қысқа мерзімде мол табыс табуды ұсынып, жаңа қатысушыларды тартқаны үшін қосымша сыйақы уәде етеді.
Мәселен, Warner Bros атауымен жұмыс істеген жобаға қатысты қылмыстық іс бойынша шамамен 4 миллион доллардың криптоактивтері бұғатталған. Ұйымдастырушылар WhatsApp пен Telegram арқылы адамдарға бейнеролик көріп, жаңа қатысушылар шақырғаны үшін ақша табуды ұсынған.
Дилар Кугабаевтың айтуынша, мұндай жобаларға сенген кейбір азаматтар жинаған ақшасынан айырылып қана қоймай, баспанасы мен көлігін сатып, несие алуға дейін барған.
Маман қаржы пирамидасының негізгі белгілеріне тәуекелсіз жоғары табыс уәде етуді, жаңа салымшыларды үнемі тартуды, тиісті лицензияның болмауын және ақшаны жеке тұлғалардың шоттарына аударуды талап етуді жатқызды.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмас бұрын компанияның құжаттарын, қызметіне берілген рұқсаттарды және табыстың қайдан түсетінін тексеруге кеңес береді.
