Сондай-ақ алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заңды екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдады. Бұдан бөлек, Сингапурмен және Түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастық туралы келісімдер ратификацияланды.
Онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы және оның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі ілеспе түзетулері Мемлекет басшысының онлайн-платформалардың жауаптылығын күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.
Заң жобаларын депутаттарға таныстырған Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев онлайн-платформаларға Қазақстан аумағында өз өкілдіктерін заңды тұлға нысанында ашуға міндеттеу ұсынылып отырғанын хабарлады. Сонымен қатар балаға қатысты кибербуллинг деп танылған құқыққа қайшы контентті жою туралы уәкілетті органның нұсқамаларын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі.
Оның айтуынша, аудиториясы көп пайдаланушыларға қатысты да жауаптылық қолданылуға тиіс. Осыған байланысты бес мыңнан астам жазылушысы бар анонимді пайдаланушылар мен жария қауымдастықтарды сәйкестендіру тетігі қарастырылады.
– Цифрлық ортада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Осыған байланысты он алты жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларға тіркелуіне тыйым салу ұсынылады. Платформа иелері пайдаланушылардың жасын тексеруге міндетті болады. Бұл ретте тыйым тұлғааралық қарым-қатынас жасауға, ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды, – деді министр.
Бұдан бөлек, масс-медиа мен онлайн-платформаларда балағат сөздер қолданғаны және онлайн-платформаларда жала жапқаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі. Бұл азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, цифрлық ортада да қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар БАҚ қызметін реттеу саласында басқа да түзетулер, оның ішінде мемлекеттік органдардың жауаптарын жариялау кезінде оларды міндетті түрде таңбалау көзделген.
Білім беру контенті мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылды. Мұндай контентті тарату кезінде авторлар диплом немесе сертификат арқылы расталған тиісті білімі туралы мәліметтерді көрсетуге міндетті болады. Сондай-ақ оккульттік қызметтер туралы контентті оның ойын-сауықтық сипаты және ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағаны туралы ескертумен сүйемелдеу талабы енгізіледі.
Талқылау барысында депутаттар кәмелетке толмағандарға қатысты шектеу қолданылатын онлайн-платформалардың тізбесін нақтылауды, сондай-ақ олардың дербес деректерін қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауды ұсынды. Балалардың интернеттегі тұрмыстық және танымдық контентке қолжетімділігін сақтаудың маңыздылығына да мән берілді. Бұдан бөлек, тиісті біліктілігі жоқ тұлғалардың ақылы қызмет көрсетуіне қатысты қосымша шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Түзетулерді қарау қорытындысы бойынша оларды бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды. Онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша заң жобаларымен жұмыс Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында алдағы уақытта жалғасады.
Құрылтай «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдады. Құжат нормаларын депутаттарға Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Ольга Перепечина таныстырды. Ол жұмыс барысында депутаттар 2027 жылы бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздейтін түзетулерді қолдағанын айтты.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында айтылған бастамаларды іске асыруға қосымша 114,1 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін арттыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын көтеру және орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу шаралары бар. Тағы 101,5 млрд теңге Президенттің жекелеген тапсырмаларын орындауға, соның ішінде Сәтбаев атындағы каналдан Астанаға дейін су құбырын салуға және «Балқаш» атом электр станциясының жобасы бойынша іздестіру жұмыстарын жүргізуге бағытталады.
Сонымен қатар Ольга Перепечинаның айтуынша, депутаттар өңірлердің қажеттіліктерін жан-жақты ескеруге ерекше назар аударған.
– Өңірлік 52 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосымша 47 млрд теңге қарастырылды. Атап айтқанда, жылумен, газбен жабдықтау және электр энергетикасы нысандарына 28,1 млрд теңге бөлінеді. Мәселен, бұл қаражат Өскемен, Ақтау, Атбасар қалаларындағы қазандықтарды реконструкциялауға, магистральдық және орамішілік жылу желілерін жүргізуге, жеткізуші газ құбырлары мен газ тарату желілерін салуға бағытталады, – деді комитет төрағасы.
Оның ішінде сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 4,9 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражат Түркістан облысында магистральдық су құбырын салуды да қамтиды. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылым нысандарына 6,5 млрд теңге бағытталады. Сондай-ақ Шымкентте емхана салу, Павлодарда әуе көлігін дамыту, Атырау облысында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жағалауды нығайту жобаларының әрқайсысына 2,5 млрд теңгеден қарастырылған.
Ольга Перепечина атап өткендей, 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджетте Үкімет ұсынған негізгі бюджеттік параметрлер сақталған. Барлық қаражаттың үштен бірінен астамын адами капиталды дамытуға және азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағыттау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заң екі оқылымда қабылданды. Құжатты депутаттарға Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев таныстырды.
Құрылтайдағы жұмыс тобының жетекшісі Нұрлан Дулатбековтің айтуынша, келісім ережелерін іске асыру дәлелдемелерді алу, процестік әрекеттерді жүргізу және қылмыстық құқықбұзушылықтарды тергеп-тексеруге байланысты басқа да мәселелерді шешу кезінде екі елдің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тиісті әрекеттерді екінші тараптың аумағында жүзеге асыру қажет болатын жағдайларға да қатысты.
Сонымен қатар «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» келісім ратификацияланды. Оның ережелерін депутаттарға Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев таныстырды.
Құжаттың негізгі мақсаты – цифрлық экономиканың орнықты әрі инклюзивті дамуын қамтамасыз ету, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілері үшін цифрлық платформалар мен сервистердің қолжетімділігін арттыру.
Жұмыс тобының жетекшісі Тілектес Адамбековтің айтуынша, келісімге қосылу Қазақстанға өз тауарларын Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның цифрлық нарықтарына шығаруға жол ашады. Сондай-ақ бұл сауда рәсімдерін жеңілдетіп, трансшекаралық электрондық саудадағы кедергілерді азайтуға ықпал етеді.
Отырыс барысында Құрылтай Конституциялық Соттың «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын тыңдап, назарға алды. Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимованың дерегіне сүйенсек, Конституциялық Сот қызметін бастағаннан бері 18 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Өтініш берушілердің шамамен 99%-ы – азаматтар. Өтініштерді қарау нәтижесінде 500-ден астам қаулы және 91 нормативтік қаулы қабылданған. Бұл көрсеткіштер конституциялық бақылаудың адам құқығы мен бостандығын қорғау тетігі ретінде сұранысқа ие екенін көрсетеді. Сонымен қатар алдыңғы жолдаудан кейін конституциялық емес деп танылуына байланысты 14 норма қолданыстағы құқық жүйесінен алынып тасталды, ал 19 ережеге конституциялық-құқықтық түсіндірме берілді.
Бұған қоса, I шақырылымдағы Құрылтай жанынан Жастар кеңесі құрылады. Депутат Дана Медеуованың түсіндіруінше, Кеңес жастар бастамаларын біріктіруге, оларды жүйелі түрде ілгерілетуге және Құрылтаймен өзара тікелей іс-қимыл орнатуға арналған тұрақты диалог алаңына айналады. Кеңес жұмысының жеке бір бағыты халықаралық жастар ынтымақтастығын дамытуға, қазақстандық жастардың мүдделерін білдіруге және олардың бастамаларын халықаралық алаңдарда ілгерілетуге арналады.
Кеңес құрамына Құрылтай депутаттарын, жастар ұйымдары мен бірлестіктерінің өкілдерін, өңірлік белсенділерді, сондай-ақ түрлі кәсіби саладағы жас мамандарды енгізу ұсынылады. Бұл ретте Дана Медеуова өңірлердің кеңінен өкілдік етуін қамтамасыз ету аса маңызды екенін айтты. Ол шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі және шалғай аудандардағы жастардың үні ірі қалалар жастарының бастамаларымен қатар жалпыұлттық деңгейде естілуге тиіс екенін атап өтті.
Отырыс соңында Құрылтай депутаттары өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 15 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығымен Құрылтайдың ресми сайтынан және Telegram арнасынан танысуға болады.
Отырыс қорытындысы бойынша онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері жөніндегі түзетулерге қатысты БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Құрылтай депутаттары Жанарбек Әшімжанов (жұмыс тобының жетекшісі) пен Александр Данилов жауап берді.
