Ақмола облысының Шортанды ауданында жүк пойызы теміржол үстінде отырған ер адамды қағып, ол оқиға орнында көз жұмды.
Шортандыда рельсте отырған ер адамды пойыз басып кетті
191
оқылды

Машинист шұғыл тежеу жүйесін іске қосқанымен, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Қайғылы оқиға бейсенбі күні күндіз Шортанды ауданы аумағында, Шортанды мен Дамса ауылдарының арасындағы теміржол учаскесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға теміржолдың 428-шақырымында тіркелген.

47 вагоннан тұратын жүк пойызы сағатына шамамен 64 шақырым жылдамдықпен қозғалып келе жатқан. Машинистің айтуынша, ол локомотивтен шамамен 300 метр қашықтықта теміржол рельсінің үстінде отырған адамды байқап қалған. Дереу шұғыл тежеу жүйесін іске қосқанымен, пойызды уақытында тоқтату мүмкін болмаған. Ауыр жарақат алған ер адам оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы жағдайдан кейін жүк пойызы тоқтатылған. Кейін анықталғандай, қаза тапқан азамат Шортанды ауылының тұрғыны болып шықты.

Әзірге ер адамның теміржол үстіне қандай жағдайда шыққаны, рельстің үстінде не себепті отырғаны және машинист берген ескерту сигналдарына неліктен әрекет етпегені белгісіз. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Бір сәттік бейқамдықтың соңы орны толмас қазаға ұласқан бұл оқиға теміржол бойындағы қауіпсіздік талаптарын елемеудің қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсетті.

- Оқиғаға байланысты 19 қарашада Астана стансасындағы Көліктегі полиция басқармасы теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - дейді Астана қаласы Көліктегі полиция департаментінен.

Көліктегі полиция департаменті азаматтарды теміржолды тек белгіленген жерлерден кесіп өтуге, рельске жақындағанда құлаққап пен капюшонды шешіп, пойыздың дыбыстық сигналдарына құлақ асуға шақырады. Сондай-ақ пойыз өтіп бара жатқанда платформаның шетінде тұрмау және вагондардың үстіне шықпау қажеттігін ескертеді. Өйткені теміржолдағы жоғары кернеу адам өміріне тікелей қауіп төндіреді. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.