Жоба Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасы және Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда.
Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысын аяқтауға 1,2 миллиард теңге бөлінді
Фото: primeminister.kz
57
оқылды

Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылыс жұмыстарын аяқтауға Инфрақұрылымдық даму қоры есебінен 1,2 млрд теңге қарастырылды. Нысандағы құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметке сілтеме жасап.

Жобалық сыйымдылығы 68 млн текше метр болатын «Бәйдібек ата» су қоймасының жалпы аумағы 680 гектарды құрайды. Нысан көктемгі су тасқыны кезінде ағын суды жинақтап, оны вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне тиімді пайдалануға және қолданыстағы «Бөген» су қоймасына қосымша су жеткізуге бағытталған. Осылайша, су қорын маусымға қарай реттеп, егіншілік кезеңінде суға сұранысы артатын шаруашылықтарды тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Су қоймасы пайдалануға берілгеннен кейін 9,7 мың гектар жерді қосымша су көлемімен қамтамасыз ету көзделген. Бұл суармалы егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың сумен қамтылу сенімділігін арттырып, су тапшылығының алдын алуға және ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз етуді жақсартуға ықпал етеді.

2026 жылы Түркістан облысында жалпы егіс алқабы 911,4 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар – 325,4 мың га, майлы дақылдар – 98,3 мың га, көкөніс және бақша дақылдары – 91,6 мың га, картоп – 8,6 мың га, мақта – 173,6 мың га және мал азықтық дақылдар – 213,1 мың га. Облыстағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 573 мың гектарды құрайды.

Өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында суару каналдарын реконструкциялау және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар су қорын жинақтауға, су шығынын азайтуға, суармалы жерлердің көлемін арттыруға және жаңа алқаптарды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызды бағыттарының бірі – су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елімізде мұндай технологиялар қолданылатын алқаптар көлемін жыл сайын 150 мың гектарға ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы бұл көрсеткіш 702,3 мың гектарды құрады. 2030 жылға қарай оны 1 362 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған.

Сумен қамтамасыз етуді жақсартумен қатар, су ресурстарына түсетін жүктемені азайту мақсатында суды көп қажет ететін дақылдар үлесін қысқартуға басымдық беріле отырып, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары да жүргізіліп келеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.