Соңғы уақытта әлеуметтік желіде Астана мен Шымкент қалаларында қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттайды деген ақпарат таралып жатыр. Тіпті, Астана қаласындағы автобустың жолақысы 400 теңге болмақ екен. Aikyn.kz сайты осы мәселеге жауап іздеді.
Астана, Алматы, Шымкенттегі жолақы: 2027 жылы қай қалада қымбаттауы мүмкін
фото: www.istockphoto.com
110
оқылды

Еліміз бойынша қалалық автобустағы орташа жол жүру құны – 100 теңге. Олардың қатарында Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, Орал, Павлодар, Петропавл және Тараз қалалары бар. Ал ең жоғары тариф Алматы мен Қонаев қалаларында белгіленген. Онда жолақы – 120 теңге.

Ең арзан қалалар – Шымкент, Ақтау және Түркістан. Мұнда көлік картасы немесе QR арқылы автобуспен жүру ақысы 70 теңге тұрады. Яғни, Алматыдағы бір реттік жол жүру құны ең арзан қалалармен салыстырғанда шамамен 1,7 есе қымбат.

Алматыдағы автобустың жолақысы 2024 жылы 100 теңгеден 120 теңгеге өскен. Ал метромен жүру ақысы бүгінде – 120 теңге,  оның билеті осыдан екі жыл бұрын 100 теңге болған. 7 жастан 15 жас аралығындағы балалардың жолақысының 50 пайызын төлейді, яғни – 60 теңге.  

 Астанада жолақы 400 теңге болатыны рас па?

 Әзірге үш қалада да жолақы қымбаттайды деп айтуға негіз жоқ. Десе де, нақты жарияланған ұсыныс – Астанада. Оның ақысын 150 теңгеге көтермек.  Жаңа тарифті желтоқсанның ортасынан енгізу мәселесі қарастырылып отыр. 2014 жылы елордада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 90 теңге болған. Содан бері 12 жыл ішінде тариф бір рет 110 теңгеге көтерілген.

City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, сол кезде жанармайдың қымбаттауы, қосалқы бөлшектер мен жаңа автобустың құны, сондай-ақ жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығын көбейген. Соның арқасында жүргізушілердің жалақысы көтеріліп, қоғамдық көлік паркі жаңартылған. Соңғы үш жылда тасымалдаушылар қауіпсіздігі мен экологиялық талабына сай келетін 1 127 жаңа көлік сатып алынған.

Бүгінде компания жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау тарифін есептеп, желтоқсан айының ортасынан бастап жолақыны 150 теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Егер жолаушы қолма-қол төлесе жолақасы 300 теңгеге шығады. Ал экспресс-маршруттың тарифі 250 теңгеден 300-400 теңгеге өсуі мүмкін.

 Жолақысы ең арзан қала – Шымкент

Мұндай мәселе Шымкент қаласында да көтеріліп отыр. Қалалық жолаушылар көлігі басқармасы жолақы тасымалдаушылар шығынның шамамен 12 пайызын ғана өтейтінін мәлімдеді. Ал бюджеттен бөлінген субсидия оны толық жаппайды. 2026 жылға бұл саланы субсидиялауға бюджеттен 44,8 млрд теңге қарастырылған. Сол себепті де олар жолақысын 100 теңгеге көтеруді ұсынып отыр.

Ведомствоның мәліметінше, тарифті өзгерту мәселесі 2026 жылғы қыркүйекте маршрут құнын айқындау жөніндегі комиссияның қарауына шығарылған. Өзгерістер 2027 жылдың басынан бастап күшіне енуі мүмкін. Олардың түсіндіруінше, қолданыстағы жолақы 2016 жылдан бері өзгермеген. Алайда түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Ол үшін заңнамада көзделген рәсімдерден өтіп, жергілікті өкілді органмен келісу қажет.