Осы жолдау Қазақстан Республикасы Конституциясының 56-бабының 14) тармақшасын орындау мақсатында дайындалды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығында жаңа Конституцияны қабылдау қазақстандық мемлекеттіліктің дамуындағы маңызды кезең болды. Оның ережелері одан әрі конституциялық құрылыс, құқықтық мемлекетті нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін кеңейту, жария биліктің жауапкершілігін арттыру бағыттарын айқындайды.
Мемлекеттік Тәуелсіздік мемлекеттік құрылыс негіздері мен қоғамдық даму бағыттарын айқындаудағы дербестікті ғана емес, сонымен қатар конституциялық құқықтық тәртіпті нығайту, ұлттық құқықтық жүйені дамыту және Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету жауапкершілігін білдіреді. Жаңа Конституция мемлекеттің, оның институттары мен қоғамның одан әрі дамуының құндылық бағдарларын айқындайды.
Конституцияны жаңарту заңнаманы жүйелі әрі дәйекті түрде қайта қарауды, оны жаңа конституциялық қағидаттар мен құндылықтарға сәйкес келтіруді талап етеді. Құқықтық реттеуді жетілдіру анықталған қайшылықтар мен олқылықтарды жоюға да, сондай-ақ заңнамадағы конституциялық-құқықтық тәуекелдердің алдын алуға да бағытталуы тиіс.
Осыған байланысты бәрінің заң және сот алдында тең болуына, өз бетінше шешімдер қабылдауға жол бермеуіне, құқықтық рәсімдерді сақтау және құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықтың бұлтартпастығына негіз болатын «Заң мен Тәртіп» қағидатының маңызы зор.
«Заң мен Тәртіп» қағидатымен өзара байланысты «Адал азамат» тұжырымдамасында конституциялық міндеттерді адал орындауды, заңға және басқа адамдардың құқықтарына құрметпен қарауды көздейтін жауапты азаматтың құндылық негізі айқындалған.
Бұл жұмыста Конституциялық Сот ерекше функцияны орындайды: құқықтық реттеуде конституциялық маңызы бар олқылықтарды анықтайды, міндетті конституциялық бағдарларды айқындайды және заңнамада әрі құқық қолдану практикасында осындай бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Ол қалыптастыратын құқықтық ұстанымдар заң жобаларын әзірлеу сатысында-ақ ескерілуге тиіс. Бұл конституцияға қайшы нормалардың қабылдануының алдын алуға, құқықтық қайшылықтардың алғышарттарын жоюға және нормашығармашылық сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Конституциялық бақылау органы заң шығарушының заңнамалық саясат мазмұнын айқындау жөніндегі өкілеттігін алмастырмай, оған конституциялық бағдарларды қалыптастырады.
Осы жолдауда алдыңғы жолдау жарияланғаннан кейінгі кезеңде Конституциялық Сотқа келіп түскен өтініштерді, оның қорытынды шешімдерін және олардың орындалу практикасын талдау нәтижелері жинақталған.
І. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢДЫЛЫҚТЫҢ ЖАЙ-КҮЙІНІҢ КӨРСЕТКІШІ РЕТІНДЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТҚА ЖҮГІНУ
Конституциялық Сот өз қызметін бастағаннан бері бүгінгі күнге дейін оған 18 000-нан астам өтініш келіп түсті. Оларды қарау қорытындысы бойынша 500-ден астам қаулы және 91 нормативтік қаулы қабылданды. Өтініш берушілердің (өтініш субъектілерінің) шамамен 99%-ын азаматтар құрады. Бұл азаматтардың конституциялық бақылауға жеке жүгіну мүмкіндігіне сұраныс жоғары екенін және оның адам құқықтарын қорғаудағы маңызды рөлін көрсетеді.
Азаматтар бұл мәселелерді шешу басқа мемлекеттік органдар мен жалпы юрисдикция соттарының өкілеттіктеріне жататынына қарамастан, сот актілерін қайта қарау, заңнаманы түсіндіру, лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне шағымдану, құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелерін көтерген өтініштер де болды.
Өтініштердің саны дау айтылып отырған нормалардың конституциялық еместігін білдірмейді, алайда олардың жаппай сипаты мен қайталануы өтініш жасауға негіздердің туындау себептерін, тиісті қатынастарды тиімсіз құқықтық реттеудің салдарларын және оның азаматтардың құқықтарына әсерін талдауды талап етеді.
Азаматтардың ұқсас мәселелер бойынша жүгіну жиілігі заңнамадағы жүйелі кемшіліктерді талдауға және оны жетілдіру басымдықтарын айқындауға бағдар болуға тиіс.
Жекелеген норманың мазмұнына ғана емес, оның заңнаманың өзара байланысты ережелері жүйесіндегі қолданысына да баға беру қажет. Норманың белгіленген талаптарға формальды түрде сәйкес келуі ол әділ және болжамды қолданылатынына кепілдік бермейді.
Проблемаларды анықтаудан бастап бұзушылықтардың алдын алуға дейін
Конституциялық Сотқа келіп түскен өтініштерді талдау заңнаманың олқылықтарын, қайшылықтарын және жеткіліксіз құқықтық айқындылығын, сондай-ақ оны практикалық қолдану проблемаларын анықтауға мүмкіндік береді.
Заңдылық, айқындылық және мөлшерлестік талаптары сақталған жағдайда ғана қонституциялық құқықтарды шектеуге жол беріледі. Заңнамада мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштерді қарау және олар бойынша шешімдер қабылдаудың нақты рәсімдері болуға тиіс.
Құқықтық айқындылық, мөлшерлестік және болжамдылық адам құқықтарын қорғауды жүзеге асырудың қажетті шарттары болып табылады. Заңнамалық реттеу құқықтық нормалардың анықтылығын, құқықтық салдардың болжамдылығын, шектеулердің негізділігін және қорғаудың тиімді тетіктерінің болуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл талаптар қылмыстық сот ісін жүргізу, еңбек қатынастары және экономикалық құқықтар саласында ерекше маңызға ие, өйткені құқықтық реттеудің сапасы азаматтар мен ұйымдардың жағдайына тікелей әсер етеді.
Сот арқылы қорғалу құқығына қатысты азаматтардың өтініштері бойынша Конституциялық Сот құқықтық айқындылық, сот арқылы тиімді қорғалу және сот актілерінің түпкілікті болуы сияқты конституциялық маңызды негіздердің теңгерімін сақтауды басшылыққа алады. Процестік сүзгілер сот шешімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және сот ресурстарын тиімді пайдалану үшін қажет. Сонымен бірге олар соттың елеулі қателіктерін түзетуге негізсіз кедергі келтірмеуге тиіс. Азаматтық және әкімшілік соттардың соттылығының аражігін ажырату, ең алдымен, келіспеушілік нысанасына айналған даулы қатынастың құқықтық сипатына негізделуге тиіс. Мемлекеттік органның дауға қатысуы – осы дау әкімшілік сот ісін жүргізуге жатады деген сөз емес.
Өтініштердің сапасы және кәсіптік өкілдік ету
Конституциялық бақылау практикасы көрсетіп отырғандай, адвокаттар мен заң консультанттарының конституциялық іс жүргізуге қатысуы артып келеді. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңның 41-бабына сәйкес олар Конституциялық Сотқа жүгінген кезде азаматтардың мүдделерін білдіруге құқылы.
Егер 2023-2024 жылдар аралығындағы кезеңде кәсіптік өкілдер жыл сайын конституциялық іс жүргізудің жалпы санының жартысына ғана қатысса, соңғы екі жыл ішінде олар іс жүзінде барлық отырыстарға қатысады. Бұл заңды дәлелдеу сапасын және Конституциялық Сот төрелігіне қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Алайда жекелеген өтініштерді дайындау кезінде Конституциялық Соттың бұрын қалыптасқан құқықтық ұстанымдары әрдайым есепке алына бермейді.
Адвокаттардың республикалық алқасы мен заң консультанттары палаталары адвокаттар мен заң консультанттарын конституциялық құқық және сот ісін жүргізу салалары бойынша арнайы даярлау мәселесін қарауды, сондай-ақ өтініштерді дайындау кезінде құқықтық ұстанымдарға алдын ала талдау жасау сапасын арттыруды орынды деп санаймыз.
II. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ ШЕШІМДЕРІ – КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚҰРАЛЫ
Конституциялық бақылау нәтижесінде 23 норма мен 1 конституциялық заң Конституцияға сәйкес деп танылды, 14 норма конституциялық емес деп танылып, қолданыстағы құқық жүйесінен шығарылды, ал 19 нормаға конституциялық-құқықтық түсіндірме берілді.
Қорытынды шешімдер жекелеген құқықтық нормалардың айқындығы жеткіліксіз екенін, кейбір заңнамалық актілердің өзара үйлеспейтінін, процестік кепілдіктердегі олқылықтарды және азаматтардың құқықтары негізсіз шектелетінін анықтады.
III. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ ШЕШІМДЕРІН ІСКЕ АСЫРУ
Қазіргі уақытта Конституциялық Соттың 91 нормативтік қаулысының 70%-ы іске асырылды, 17 қаулыны Құрылтай депутаттарының заңнамалық бастамасы шеңберінде іске асыру жоспарлануда, ал қалған шешімдер бойынша мемлекеттік органдардың жұмысы жалғасуда.
Жекелеген нормаларға өзгерістер енгізу шешімнің толыққанды орындалғанын әрдайым білдіре бермейді. Өзара байланысты олқылықтар мен қайшылықтарды жою, заңнама нормаларының үйлесімділігін қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық құқықтарының нақты қалпына келтірілуі тұрғысынан нәтижеге баға беру талап етіледі. Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын мемлекеттік органдар мен соттардың уақытылы орындамауы конституциялық бақылаудың тиімділігін төмендетіп, осындай заң бұзушылықтардың қайталануына әкелуі мүмкін.
Сот практикасы және конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету
Конституциялық бақылау органының тоғыз нормативтік қаулысын орындау мақсатында бірқатар сот актісі қайта қаралды. Соттарға жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау туралы арыздар келіп түсуде. 1 000-нан астам сот актісінде Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларына сілтемелер бар.
Келтірілген көрсеткіштер Конституцияның тікелей қолданылу қағидатының біртіндеп нығайып келе жатқанын және Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарының күнделікті сот практикасында қолданылып жатқанын көрсетеді. Нақты істерді қарау кезінде осы құқықтық ұстанымдарға сүйенуді және оларды сот түсіндірулерінде ескеруді қамтамасыз ету қажет.
Жоғарғы Соттың жеті нормативтік қаулысы Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтірілді, тағы екі қаулы бойынша жұмыс жалғасуда.
Прокурорлық қадағалау және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру
Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары негізінде аз ғана уақыт ішінде прокуратура органдары 85 қадағалау және ден қою актісін енгізді. Нәтижесінде, 1 000-нан астам азаматтың құқықтары қалпына келтірілді, заңсыз өндіріп алынған 40 млн теңгеден астам қаражат пен зейнетақы төлемдері бойынша берешек қайтарылды, 46 лауазымды адам тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Қабылданған шаралар заңсыз әкімшілік жазаларды жоюға, зейнетақы төлемдерін қайта бастауға, әскери қызметшілердің, сотталғандардың және күзетпен ұсталған адамдардың құқықтарын қалпына келтіруге, ардагерлерге және мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың еңбек және мүліктік құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
IV. ЗАҢНАМАНЫ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ҚОЛДАНУ ПРАКТИКАСЫН ОДАН ӘРІ ЖЕТІЛДІРУДІҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – құқық жүйені жаңарту және мемлекеттік даму негізі
Негізгі Заңды қабылдау – құқықтық жүйені жаңарту жөніндегі ауқымды жұмыстың аяқталуы емес, бұл оның бастамасы. Оның нәтижелілігі қабылданған заңнамалық актілер мен құрылған институттардың санымен емес, конституциялық ережелердің заңнамада, мемлекеттік басқаруда және азаматтардың күнделікті өмірінде толыққанды жүзеге асырылуымен айқындалады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 17 наурыздағы № 1206 Жарлығымен жаңа Конституцияны іске асыру жөніндегі бірінші кезектегі шаралар көзделді. Кейінгі ұйымдастырушылық және нормативтік шешімдер, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 1 шілдедегі № 1337 Жарлығы конституциялық реформаны практикалық тұрғыдан іске асырудың басталуын қамтамасыз етеді.
Осыған байланысты уәкілетті мемлекеттік органдар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге жол беретін олқылықтарды, коллизияларды, айқын емес ережелерді анықтауға ерекше назар аудара отырып, тиісті салалардағы заңнамаға конституциялық-құқықтық мониторинг жүргізуі тиіс. Бұл жұмыстың нәтижелері Үкіметтің Қазақстан Республикасының құқықтық саясат саласындағы жаңа құжатын әзірлеуі және заң шығару қызметінің жоспарларын қалыптастыруы кезінде ескерілуі қажет.
Азаматтық, азаматтық процестік, қылмыстық, қылмыстық-процестік және әкімшілік заңнаманы жетілдіру – басым бағыттардың бірі. Оларды жаңарту материалдық және процестік нормалардың өзара байланысын, құқықтық ұғымдардың бірізділігін және құқықтық қорғау тетіктерінің өзара үйлесімділігін ескере отырып, кешенді түрде жүзеге асырылуға тиіс.
Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде Конституциялық Соттың азаматтық заңнама нормаларын тексеру қорытындысы бойынша құқықтық меншік құқығын, жеке өмірге қол сұғылмауды, шарт еркіндігін, азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушылардың тең болуын және азаматтық құқықтарды шектеудің мөлшерлестігін қамтамасыз ететін тиісті кепілдіктерге қатысты құқықтық ұстанымдары ескерілуі қажет.
Сот билігі тәуелсіздігінің конституциялық кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселесі де жеке назар аударуды талап етеді. Конституциялық Сот бірқатар қорытынды шешімдерінде сот билігінің азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға тиіс, ал судья нақты істі қарау кезінде белгіленген мән-жайларға дербес баға беруге және олардың құқықтық саралануын Конституция мен заң негізінде айқындауға міндетті екенін атап өткен.
Жекелеген заңнамалық ережелер соттың қалау еркіндігін шамадан тыс шектейді, істі қарау нәтижесін алдын ала айқындайды немесе жеке мән-жайларды ескеруге мүмкіндік бермейтін жауаптылық шараларын қолданудың қатаң алгоритмдерін белгілейді. Мұндай құқықтық реттеу соттың сот төрелігін толыққанды жүзеге асыру және әділ шешім қабылдау мүмкіндігін шектеуі мүмкін.
Соттың дербестігін негізсіз шектейтін артық нұсқамалардың бар-жоғын анықтау үшін қолданыстағы заңнамаға мониторинг жүргізу қажет. Заң сот төрелігін жүзеге асырудың құқықтық шеңберін белгілеуге тиіс, бірақ сот қызметін алмастырмауға және істің мән-жайларына соттың жеке-дара баға беру мүмкіндігін жоққа шығармауға тиіс. Соттың дербес шешім қабылдауы оның қабылдаған шешімін негіздеу міндетін көздейді және заң талаптарынан өз бетінше ауытқуға жол бермейді.
Цифрлық трансформацияға байланысты туындайтын құқықтық реттеу сапасына қойылатын талаптар ерекше. 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекстің қабылдау осы саладағы жаңа құқықтық бағдарларды айқындады.
Заңнама жаңа технологияларды енгізу мен дамытуды қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды пайдаланудың нақты шектерін де белгілеуге тиіс. Жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық негіздерін, оны пайдалана отырып қабылданатын шешімдер үшін жауапкершіліктің аражігін ажыратуды, алгоритмдердің ашықтығына қойылатын талаптарды және олардың нәтижелерін тексеру мүмкіндігі дәрежесін белгілеу қажет. Автоматтандырылған жүйелер адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін жағдайларда адамның мазмұнды бақылауы, уәкілетті тұлғаның қабылданған шешімді мәні бойынша толыққанды қайта тексеру мүмкіндігі және оған тиімді түрде шағым жасау құқығы қамтамасыз етілуге тиіс.
Жаңа Конституцияда көзделген институционалдық қайта құрулар да құқықтық сабақтастық пен үздіксіз мемлекеттік басқаруға ерекше назар аударуды талап етеді. Өкілеттіктерді қайта бөлу, мемлекеттік органдардың құрылымын өзгерту және жаңа институттар құру құзыреттерді нақты ажыратумен, функциялардың қайталануын болдырмаумен және дербес жауапкершілікті айқындаумен қатар жүруге тиіс. Ұйымдастырушылық өзгерістер мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін төмендетуге немесе азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін әлсіретуге әкелмеуге тиіс.
Конституциялық реформаның орнықтылығы көбінесе қоғамның конституциялық-құқықтық мәдениетінің деңгейіне байланысты. Конституцияның мәтінін білу оның нақты орындалуын өздігінен қамтамасыз етпейді. Конституциялық құқықтар мен міндеттердің мазмұнын, оларды қорғау тетіктерін, мемлекеттік билікті ұйымдастыру қағидаттарын және заңның сақталуына дербес жауаптылықты түсінуді қалыптастыру маңызды. Конституция нормаларын іске асырумен тікелей айналысатын мемлекеттік қызметшілерді, судьяларды, адвокаттарды және басқа да мамандарды кәсіптік даярлауға ерекше көңіл бөлу қажет.
Конституциялық-құқықтық ағарту мемлекеттік саясаттың тұрақты құрамдас бөлігі болуға, білім беру бағдарламаларын, кәсіптік даярлықты және қоғамдық бастамаларды қамтуға тиіс. Оның мақсаты – Конституцияны, адамның қадір-қасиетін құрметтеуге, заңдылық пен жауапкершілікке негізделген құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Мемлекеттің тәуелсіздігі Конституцияның үстемдігімен тығыз байланысты. Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау мемлекеттік институттарды сақтаумен ғана шектелмей, конституциялық құқықтық тәртіпті дәйекті түрде нығайтуды да көздейді. Бұл өзара байланыс Қазақстан Республикасы қызметінің түбегейлі қағидаттарын бекіткен Конституцияның 3-бабында көрініс тапты. Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғаумен қатар, аталған қағидаттарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз патриотизм, қоғамдық диалогты дамыту, еңбекқорлық, прогресс пен білім құндылықтарын орнықтыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тарихи-мәдени мұраны сақтау жатады.
Негізгі Заңда адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамытудың мемлекет қызметінің стратегиялық бағыттары ретінде танылуы мемлекеттік құқықтық саясат үшін маңызды.
Нормашығармашылық субъектілеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі. Қабылданатын әрбір нормативтік құқықтық акт Конституцияға тек нысаны жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да сәйкес келуге, құқықтық айқындылықты, тең болуды, шектеулердің мөлшерлестігін және жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделері арасындағы ақылға қонымды теңгерімді көздеуге тиіс.
Құқық қолдану субъектілерінің жауапкершілігі де аса маңызды. Мемлекеттік органдар, соттар мен құқық қорғау органдары Конституцияның тікелей қолданылуын қамтамасыз етіп, заңды оның конституциялық мәніне қайшы келетіндей формальды түрде қолдануға жол бермеуге тиіс. Жария билікке берілген өкілеттіктер адамның құқықтарын қорғауға қызмет етуі, оларды жүзеге асыруға қосымша кедергілер туғызбауы керек.
Халықтық Конституция құқықтық қайта құрулардың жаңа кезеңінің бағытын ғана айқындап қоймай, мемлекеттік қызметтің сапасына және қоғамдық қатынастарға қатысушылардың барлығының жауапкершілігіне қойылатын талаптарды да күшейтеді. Конституцияның үстемдігі – бұл тек құқықтық талап қана емес, сонымен қатар мемлекет пен қоғамның қазіргі және келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігі.
Негізгі Заң мемлекеттік шешімдер мен өкілеттіктерді қабылдау және іске асыру кезінде нақты бағдар болып қалуы тиіс.
Жолдаудың толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ресми сайтында танысуға болады.
Эльвира ӘЗІМОВА,
Конституциялық Сот Төрағасы
