Бұл игі істер бүгін де жалғасын тауып отыр. Жергілікті билік мәдениет саласына ерекше көңіл бөліп, соның арқасында дамудың анық жолынан жаңылысқан емес.
ИГІ БАСТАМАЛАР БАҒДАРЫ
Әрине, бір өңірдің әр бағыттағы өсу қарқынын сараларда жауаптылардың ресми мәліметі арқылы бағамдарымыз белгілі. Маңғыстау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Төребекұлынан алдымен мәдениет саласының қаржыландыру жайын сұрастырып көрдік. Биыл Маңғыстау облысында мәдениет саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 10,7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қаражаттың негізгі бөлігі мәдениет ұйымдарының, атап айтқанда, театрлар, музейлер, кітапханалар және басқа да мәдениет ұйымдарының тұрақты қызметін қамтамасыз етуге, шығармашылық жобаларды іске асыруға және мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге бағытталған екен.
– Мәдениет саласының инфрақұрылымын дамыту шеңберінде жаңа нысандардың құрылысын жүргізуге басымдық берілді. Соның бірі – Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы. Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық мүмкіндіктерін арттыруға, олардың қызмет көрсету сапасын жақсартуға, тұрғындар үшін қолайлы мәдени орта қалыптастыруға және өңірдің мәдени инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған, – дейді басқарма басшысы Нұртас Сали.
Маңғыстау облысында мәдени инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруда бюджеттен тыс қаражат пен демеушілік қолдауды тартуға да ерекше мән берілген екен. Мәселен, Жаңаөзен қаласындағы Орталық қалалық кітапхана құрылысы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асты. Нысанның құрылысына 1,7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген болатын.
Елімізде тарихи-мәдени мұраларға бай, туристік әлеуеті жоғары өңірлердің қатарында Маңғыстау бар. Сондықтан тарихи ескерткіштерді сақтай отырып, туризмді дамытуға жағдай жасау маңызды. Мысалы, биылғы шілде айында Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Қараман ата және Сұлтан үпі жерасты мешіттері Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Аталған нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі Маңғыстау облысының туристік әлеуетін арттырып, шетелдік саяхатшылар мен туристік агенттіктердің қызығушылығын оятты. Өз кезегінде, мұндай шаралар алдағы уақытта туристер санының артуына, жаңа туристік бағыттардың қалыптасуына және Маңғыстау облысының халықаралық деңгейде танылуына оң ықпал етпек. Әрине, туристердің санын арттырумен қатар, тарихи ескерткіштердің бастапқы қалпын сақтау да аса маңызды. Сондықтан туризмді дамыту жұмыстары тарихи мұраларды қорғау талаптарымен қатар жүргізілуі қажет.
– Жалпы, қазір облыста мемлекеттік қорғауға алынған 601 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 25-і республикалық, 576-сы жергілікті маңызға ие.
Ескерткіштерді сақтау және олардың жағдайын жақсарту мақсатында консервациялау және ғылыми-реставрациялау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Биыл бұл бағыттағы бес тарихи ескерткішке – Маңғыстау ауданындағы Олжақыз күмбезтамы, Тілеміс күмбезтамы, Толыбай қорымы, Қожакүмбет күмбезтамы және Түпқараған ауданындағы Қосым тарихи нысандарына ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді, – деді Н.Сали.
Ал қосымша қаржыландыру мәселесіне келсек, тарихи ескерткіштерді сақтау жұмыстары республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ демеушілердің қолдауы есебінен жүзеге асырылып келеді. Былтыр өңірдің туристік әлеуетін арттыру және табиғаты ерекше көркем локацияларын кеңінен таныту мақсатында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған «Ақмая Fest» фестивалі ұйымдастырылды. Айрақтының әсем табиғаты аясында өткен шараға 15 мыңнан астам адам жиналды. Олардың ішінде Ресей, Франция, Қырғызстан, Англия және Еуропаның бірнеше елдерінен келген туристер де бар.
ТАРИХ ПЕН ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДІҢ ҮЙЛЕСІМІ
Бүгінде облыстағы мәдениет саласының нысандарында цифрлық технологияларды қолдану және көрермендер мен келушілерге қызмет көрсетуді заманауи форматқа көшіру бағытында елеулі жұмыстар атқарылып жатыр. Тарихи-мәдени мұраларды халыққа және туристерге кеңінен таныстыру мақсатында Маңғыстау интерактивті картасы» сайтына қазір 83 тарихи-мәдени ескерткіш туралы ақпарат енгізілген және жыл сайын жаңа нысандар бойынша ақпараттармен толықтырылып отырады. Онда тұрғындар мен туристер ескерткіш нысандарының суреттері мен 3D-панорамалары, орналасқан орны және басқа да қосымша мәліметтермен таныса алады.
2024 жылдан бастап SAQTAU автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Қазір жүйеге 420 тарихи ескерткіштің құжаттары, яғни паспорттары, есеп карточкалары және жобалық құжаттары енгізілген. Бұл ескерткіштер туралы мәліметтерді электронды түрде сақтауға және оларды есепке алу жұмыстарын жеңілдетуге ықпал етеді.

Мұндай цифрлық шешімдер көрерменнің уақытын үнемдеп қана қоймай, мәдени іс-шараларға қолжетімділікті арттырып, билет айналымын электронды форматта ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар онлайн сатылым арқылы көрермендердің сұранысын бақылауға және қандай мәдени бағдарламаларға қызығушылық жоғары екенін саралауға мүмкіндік бар.
Алдағы уақытта цифрландыруды мәдениет саласының басқа да бағыттарына кеңейту маңызды. Атап айтқанда, тарихи-мәдени және киелі нысандарда QR-кодтар арқылы ақпарат беру, виртуалды турлар ұйымдастыру, келушілер ағынын электронды түрде есепке алу және мониторинг жүргізу сияқты заманауи мүмкіндіктерді кезең-кезеңімен енгізу нысандар жайлы ақпараттың қолжетімділігін арттырады.
Маңғыстау облысының мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын жүйелі түрде жаңғырту және нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Кейінгі үш жылда мәдениет ұйымдарының заманауи талаптарға сай қызмет көрсету мүмкіндіктерін арттыру мақсатында облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрына, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығына, облыстық тарихи-өлкетану музейіне, кітапхана және басқа да мәдениет ұйымдарына заманауи LED экрандар, музыкалық аппаратуралар, компьютерлік техника, кеңсе жиһаздары және қажетті құрал-жабдықтар алынған.
Сонымен қатар мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық әлеуетін арттыру және шығармашылық ұжымдардың қызметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында автокөлік паркі жаңартылды. Облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығына 1 автобус, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық тарихи-мәдени қорыққа жеңіл автокөліктер, сондай-ақ облыстық филармонияға 1 жеңіл автокөлік сатып алынды. Қала және аудандық мәдениет ұйымдарының көлікпен қамтамасыз етілу деңгейін арттыру мақсатында «Абай» мәдени демалыс кешеніне – 2 автобус, Жаңаөзен қаласындағы «Атамұра» мәдениет үйіне – 1 автобус, Бейнеу ауданындағы Абыл мәдениет үйіне – 54 орындық автобус, Маңғыстау аудандық мәдениет үйіне – 54 орындық автобус және Қарақия аудандық мәдениет үйіне – 13 орындық микроавтобус сатып алынған.
Бұдан бөлек, облыстық кәсіби шығармашылық ұжымдар мен қала, аудан мәдениет үйлерінің өнерпаздары үшін сахналық костюмдер тігіліп, мәдени іс-шараларды сапалы ұйымдастыруға қажетті дыбыс және жарық аппаратуралары, музыкалық аспаптар, компьютерлік техника мен кеңсе жиһаздары кезең-кезеңімен жаңартылды. Аталған жұмыстардың нәтижесінде кейінгі үш жылда облыс мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасы едәуір нығайып, шығармашылық ұжымдардың заманауи жабдықтармен қамтылу деңгейі артты.
Материалдық-техникалық базаны жаңғырту жұмыстары мемлекеттік қолдаумен қатар, әлеуметтік серіктестік пен қайырымдылық бастамалар аясында да жалғасын табуда. Осы бағытта биыл «Мәдениет даму алаңы» қайырымдылық жобасы аясында Маңғыстау облысынан Бейнеу ауданының аудандық мәдениет үйі мен Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылының мәдениет үйі іріктелді.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ДАҢҒЫЛ
2025 жылғы 14 наурызда Бурабай курорттық аймағында өткен VI Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдан бастап жыл сайынғы мәдени іс-шаралар күнтізбесі әзірленді. Аталған күнтізбеге Маңғыстау облысынан ұлттық және халықаралық деңгейдегі үш ірі мәдени іс-шара – Амал мерекесі, SHUBAT FEST шұбат фестивалі және «Каспий – достық теңізі» халықаралық фестивалі енгізілді.
Маңғыстаудың оқиғалық туризміндегі маңызды мерекенің бірі – Амал мерекесі аясында аналар фестивалі, қолөнер көрме-жәрмеңкесі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, театрландырылған қойылымдар, жыр-терме кештері, концерттік бағдарламалар және көрісу дәстүріне арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Іс-шараларға еліміздің әр өңірінен келген қонақтармен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия елдерінен келген шетелдік туристерді қоса алғанда, 5 мыңнан астам адам қатысты.
Өңірдің гастрономиялық әлеуетін кеңінен танытатын маңызды жобаның бірі – SHUBAT FEST-2026 фестивалі. Ақтау қаласының Амфитеатр алаңында өткен фестивальге 15 мыңнан астам адам қатысып, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарының кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының өкілдері бас қосты.

Сонымен қатар «Каспий – достық теңізі» халықаралық фестивалі аясында Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран өнерпаздарының қатысуымен мәдени-шығармашылық іс-шаралар өткізіліп, Каспий маңы мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.
– Маңғыстау облысында халықаралық мәдени жобаларды тұрақты өткізу тәжірибесі қалыптасты. Атап айтқанда, 2018 жылдан бері екі жылда бір рет Мұрат Өскінбаев атындағы халықаралық өнер байқауы, сондай-ақ ABISH ALEMI халықаралық театр фестивалі өткізіліп келеді. Бұл жобалар ұлттық мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттап, шетелдік шығармашылық ұжымдармен байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
14 наурызда атап өтілетін Амал мерекесі халықаралық деңгейдегі мәдени-туристік брендке айналып келеді. Сондай-ақ 2025 жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде таңдалды. Күллі түркі дүниесінен келген қонақтарға Маңғыстаудың тұрмысы мен мәдениетін, қазақ халқына тән салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарын және даңқты бабалар ізін жалғаған қасиетті өлкенің бай тарихы дәріптелді, – деді Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Төребекұлы.
Өңірдің өнер ұжымдары да халықаралық фестивальдер мен гастрольдік сапарларға тұрақты қатысып, Маңғыстау мәдениетін шетелде танытып келеді. Мәселен, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры 2024 жылы Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында өткен Қазақ өнері мен мәдениеті күндері аясындағы фестивальге және Түрікменстанның Ашхабад қаласында ұйымдастырылған Түркі елдері театрларының халықаралық фестиваліне қатысты. Ал 2025 жылы III Халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалін ұйымдастырып, жеті мемлекеттен тоғыз театр ұжымының басын қосты. Фестиваль шетелдік театрлардың шығармашылық тәжірибесімен танысуға, ұлттық драматургия мен сахналық өнердің ерекшеліктерін зерделеуге және халықаралық әріптестікті дамытуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ театр Литваның Рокишкис және Утена қалаларында өткен Theater cluster-2025 халықаралық театр фестиваліне қатысып, Ә. Кекілбайұлының «Шыңырау» спектаклін ұсынды.
2025 жылы Ақтау қаласында алғаш рет «Қорқыт ата» халықаралық кинофестивалі өткізіліп, түркі әлемі елдерінің киноөнерімен танысуға, кинематография саласындағы мамандар арасында тәжірибе алмасуға және шығармашылық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік туды.
М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония ұжымы 2024 жылы Қытайдың Бейжің және Үрімші қалаларында, Аустрияның Вена қаласында, Латвияның Рига қаласында, Тайваньда, Иранның Тегеран қаласында, Әзербайжанның Баку қаласында, Түрікменстанның Ашхабад қаласында және Түркияның Анталия қаласында концерттік бағдарламаларын ұсынды. 2025 жылы Грузияның Тбилиси қаласында, Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында және Түрікменстанның «Аваза» ұлттық туристік аймағында өнер көрсетті. Бұл сапарлар шетелдік көрермендерді Маңғыстаудың дәстүрлі өнерімен таныстыруға және өзге елдердің мәдени ортасымен тәжірибе алмасуға жол ашты. Ал биыл облыстық драма театр ұжымдары Литва, Түркия, Әзербайжан және Мажарстан елдерінде өнер көрсетті.
Маңғыстау облысының мәдениет ұйымдарында барлығы 2 373 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 1 262-сі кәсіби қызметкерлер болса, 827-сі жоғары білімді, 297-сі арнаулы орта білімді мамандар. Әйтсе де, келешек ұрпақтың мәдениетке, өнерге құлшынысын ояту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы мол. Мәселен, Маңғыстау облысында 4-17 жас аралығындағы балалар саны статистикалық деректерге сәйкес 243 мыңнан асады. Оның ішінде мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында 12,5 мың бала қамтылған, 3800 бала кезекте тұр. Қазір облыс аумағында 173 қызмет көрсетуші арқылы 662 шығармашылық үйірме жұмыс істейді.
Жалпы, халықаралық фестивальдер мен мәдени жобаларға қатысу өңірдің мәдениет ұйымдарына шетелдік театр және музыка өнерінің тәжірибесін зерделеуге, шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және ұлттық өнерді халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны анық.
Мадияр ТӨЛЕУ
