Қазақстандағы ірі ұялы байланыс операторлары тариф құнын көтеруді жоспарлап отыр.
Қазақстанда ұялы байланыс тарифтері 15%-ға дейін қымбаттауы мүмкін
118
оқылды

Beeline биыл кейбір тарифтің бағасын 10%, Kcell 10-12%, ал Tele2 мен Altel келесі жылы 10-15% қымбаттатуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы байланыс операторларының өкілдері Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте мәлімдеді.

«КаР-Тел» (Beeline) бас атқарушы директоры Джаббор Каюмовтың айтуынша, тариф құны кезең-кезеңімен көтеріледі және барлық абонентке бір мезгілде әсер етпейді.

– Соңғы бірнеше жылда оператордың күрделі шығындарының орташа көлемі табысының 20%-на жетеді. Желіні дамыту мен жаңа құрылыс инвестицияны талап етеді. Қазақстан тұрғындарын сапалы байланыспен және заманауи технологиялармен қамтамасыз ету үшін жабдықтарды әр бес жыл сайын жаңарту қажет, – деді Джаббор Каюмов.

Kcell атқарушы директоры Асқар Жамбакиннің мәліметінше, компания соңғы төрт жылда желіні дамытуға 468 миллиард теңге жұмсаған. Осы кезеңде 4G базалық стансаларының саны 5 мыңнан 11 мыңға дейін өскен. Бір базалық стансаны жабдығымен қоса орнату кемінде 30 миллион теңгеге түседі. Қазір Қазақстан халқының 64%-ы 5G желісіне қол жеткізе алады.

Жамбакин тариф құнын 10-12% көтеру жоспарда бар екенін айтып, мұны электр энергиясы мен жабдықтың қымбаттауымен түсіндірді.

Ал «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2 және Altel) басқарма төрағасы Александр Бабичев 2027 жылы кейбір тарифтің бағасы 10-15% өсуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы жылдары мобильді интернетті тұтыну көлемі төрт есе артқан.

– Қазақстанда соңғы төрт жылда мобильді интернеттің бір гигабайтының орташа құны доллармен есептегенде 40%-ға азайды, – деді Александр Бабичев.

Операторлар тариф құнын көтерудің негізгі себебі ретінде желіні кеңейтуге, жабдықты жаңартуға және байланыс сапасын жақсартуға жұмсалатын шығынның артуын атады.