Жалғыз баспананың немесе күнделікті қажетіне пайдаланатын автокөліктің болуы азаматты әлеуметтік қолдаудан автоматты түрде айыруға негіз болмайды.
Жалғыз баспанасы мен көлігі бар азаматтар әлеуметтік көмектен айырылмайды
43
оқылды

Қазақстанда әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының атында тіркелген мүлік қана емес, оның нақты тұрмыс жағдайы да ескеріледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жалғыз баспананың немесе күнделікті қажетіне пайдаланатын автокөліктің болуы азаматты әлеуметтік қолдаудан автоматты түрде айыруға негіз болмайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік көмек көрсетудің жаңартылған тәртібі мемлекеттік қолдауды ең алдымен оған мұқтаж азаматтарға бағыттауды көздейді. Бұл ретте Отбасының цифрлық картасы арқылы мүліктің саны, құны, пайдалану мерзімі және отбасының жалпы материалдық жағдайы бағаланады.

Қандай мүлік есепке алынбайды?

Шығарылғанына 20 жылдан асқан автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасы отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде есепке алынбайды. Тозығы жеткен баспана да осы санатқа жатады.

Ал салынғанына 15 жылдан асқан тұрғын үйге қабырғасының материалына қарай төмендету коэффициенті қолданылады. Банкте кепілде тұрған жалғыз баспана да жеңілдетілген тәртіппен бағаланады.

Қандай мүлік отбасының ауқатты екенін көрсетеді

Әлеуметтік жағдайды бағалау кезінде негізінен табыс әкелетін немесе отбасының материалдық жағдайы жоғары екенін көрсететін ірі мүлік есепке алынады. Олардың қатарында:

– бірнеше пәтер немесе жеке тұрғын үй;

– қымбат автокөлік;

– коммерциялық мақсатта пайдаланылатын ғимарат;

– жұмыс істеп тұрған бизнес;

– көлемі 5 гектардан асатын жер телімі бар.

Демек, азаматтың атында мүліктің тіркелуі оның әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екенін білдірмейді. Мүліктің сипаты мен отбасының жалпы тұрмыс жағдайы қатар ескеріледі.

Ипотека мен несие қарызы да ескеріледі

Жаңартылған жүйе отбасының табысымен қатар, қаржылық міндеттемесін де назарға алады. Атап айтқанда, қолданыстағы ипотекалық несие мен ұзақ уақыт өтелмеген кредит берешегі әл-ауқатты бағалау кезінде ескеріледі.

Бұдан бөлек, баланы, қарт адамды, мүгедектігі немесе ауыр созылмалы ауруы бар отбасы мүшесін күтіп-бағуға жұмсалатын шығын да назардан тыс қалмайды.

Мәселен, айлық табысы бірдей екі отбасының тұрмыс жағдайы әртүрлі болуы мүмкін. Бірінде ерлі-зайыптының екеуі де жұмыс істесе, екіншісінде бірнеше баланы бір адам асырап, ипотека төлеп отыруы ықтимал. Сондықтан отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау тек табыс көлемімен шектелмейді.

Барлық жәрдемақы отбасының әл-ауқатына қарай тағайындалмайды

Әлеуметтік көмекті мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындау қағидаты барлық мемлекеттік төлемге бірдей қолданылмайды.

Мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан осы жағдайларға байланысты төленетін әлеуметтік төлем отбасының әл-ауқат деңгейіне тәуелді емес.

Министрліктің мәліметінше, әлеуметтік қолдау жүйесін жаңартудағы басты мақсат – бюджет қаражатын әділ бөлу және мемлекеттік көмектің шын мәнінде мұқтаж отбасыларға жетуін қамтамасыз ету. Жалғыз баспанасы немесе күнделікті қажетіне пайдаланатын көлігі бар азаматтар тиісті талаптарға сай келген жағдайда әлеуметтік көмек алу құқығын сақтайды.