Құрылтайда Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында әзірленіп жатқан Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық кодексін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Отырысты Құрылтай төрағасының орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі Нұрлан Бекназаров жүргізді.
Депутат Президенттің қолданыстағы Азаматтық кодекс елдің дамуын құқықтық қамтамасыз ету бойынша өзінің тарихи миссиясын толық орындады. Ал жаңа кодекс кәсіпкерлер, инвесторлар мен азаматтар үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуі тиіс деген сөзін еске салды.

– Біз ауқымды заңнамалық реформаның бастауында тұрмыз. Оның нәтижелері көптеген жылдар бойы елдегі қоғамдық және экономикалық қатынастардың құқықтық негіздерін айқындайды. Жинақталған ұлттық тәжірибені де, үздік халықаралық практиканы да ескеретін азаматтық-құқықтық реттеудің тұтас, заманауи моделін әзірлеуіміз керек, – деп атап өтті Нұрлан Бекназаров.
Өз кезегінде Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ жаңа кодексті әзірлеудің негізі Конституцияның үстемдігі принципі болуы тиіс екенін баса айтты. Ол қолданыстағы кодекстің 1990 - жылдары қабылданғанын және отыз жыл ішінде оған 300-ге жуық өзгеріс енгізілгенін еске салды. Бұл ретте елде жаһандық трендтерді ескере отырып, елімізде азаматтық заңнаманы жүйелі түрде жаңартуды талап ететін цифрлық экономика белсенді дамып келеді. Оның пікірінше, жаңа кодекс адамға бағытталып, меншіктің барлық нысандарын тең қорғауды және мемлекеттің азаматтық-құқықтық қатынастардың басқа қатысушыларымен теңдігін қамтамасыз етуі тиіс. Депутат ірі компаниялар, банктер және құрылыс салушылармен келісім-шартта тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту қажеттілігін ерекше атап өтті.

– Тұрғын үй сатып алу, өз ісін ашу, цифрлық платформа арқылы қызметтер алу, мүлікті мұраға қалдыру – осындай шешімдердің барлығы азаматтық құқық нормаларымен реттеледі. Адамның өз құқықтарына деген сенімділігі олардың қаншалықты түсінікті әрі келісіліп баяндалғанына байланысты, – деді Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Министр қолданыстағы кодекстің тиімді ережелерін сақтау ұсынылып отырғанын атап өтті. Жаңа заңның негізгі бағыттарының ішінде адам құқықтарын, соның ішінде цифрлық ортада, меншіктің барлық нысандарын тең қорғауды, әлсіз тарапты қорғау кезіндегі шарт бостандығын және қатынастарға қатысушылардың адалдығын атады.

Ашықтықты қамтамасыз ету үшін Әділет министрлігінің сайтында «ҚР Азаматтық кодексінің жобасы» бөлімі ашылды, ұсыныстар мен ескертулерді civil.code@adilet.gov.kz электрондық поштасына жіберуге болады.
Өз баяндамасында Каспий қоғамдық университеті Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы Күләш Ілиясова жаңа кодекстің құрылымына қатысты ғалымдардың ұсыныстарын айты. Жоғарғы Соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ғалымжан Мырзаке қолданыстағы нормаларды қолданудың сот практикасына тоқталды. «Әділет» партиясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов «Әділет» партиясының өңірлік филиалдары арқылы азаматтардың ұсыныс-пікірлерін жинауды ұйымдастыруды ұсынды.
Пікір алмасу барысында ғылыми қоғамдастық өкілдері мен сарапшылар жаңа кодексті әзірлеу жолдарына қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Айтылған барлық ескертулер мен ұсынымдары алдағы жұмыста ескерілетін болады.

Жиынды қорытындылай келе, Нұрлан Бекназаров Жұмыс тобының жаңа Азаматтық кодекс жобасына қатысты кез келген сындарлы ұсыныстарды қарастыруға ашық екенін атап өтті. Өз идеялары мен бастамаларын Құрылтайға, Әділет министрлігіне және «Әділет» партиясына жолдауға болатынын хабарлады.

Жұмыс тобы Құрылтай Бюросының 2026 жылғы 23 қарашадағы қаулысымен құрылды. Жетекшінің орынбасарлары болып Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ, Каспий қоғамдық университетінің Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы Күләш Ілиясова бекітілді. Топ құрамына Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, адвокатура мен нотариаттың өкілдері, сондай-ақ белгілі заңгер-ғалымдардан тұратын 35 адам кірді.
