Астанада келесі жылдың соңына дейін 21 жаңа мектеп ашылады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желіде жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру жүйесін кешенді түрде дамытып жатырмыз. Педагог мамандарын даярлауға басымдық беріп, жаңа оқу орындарын саламыз, сол сияқты педагогикалық мамандықтар бойынша білім алуға гранттар бөлеміз. Мәселен, соңғы жылдары жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға 1,5 мыңға жуық грант бөлінді. Қазіргі уақытта қала әкімдігінің гранты бойынша педагогикалық мамандықтарда 2 мыңға жуық студент білім алып жатыр», - деді әкім.

Оның айтуынша, педагог кадрларын даярлау жүйесін дамыту мақсатында Гуманитарлық колледж базасында Педагогикалық институт құрылды. Қазіргі уақытта институтта 4,5 мыңнан астам студент білім алып жүр.
«Биыл тоғыз мектеп салып, пайдалануға бердік, тағы екі мектепті осы жылдың соңына дейін ашамыз. Қазір бірқатар білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. 2027 жылдың соңына дейін тағы 21 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл мектептер бір ауысымда 41,5 мыңға жуық оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Білім беру нысандарының құрылысына жеке инвестициялар да тартып жатырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Соңғы үш жылда рекордты көрсеткішке қол жеткізіп, 44 мектеп салынған. Оның 24-і Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерді.

Осылайша, қабылданып жатқан шаралар оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және балалардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауға бағытталған.


Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
