«Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының» ғалымдары жануарлардан алынатын шикізаттан панкреатин шығару технологиясын әзірледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған институт «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (ҰАҒБО) құрамына кіреді.
Ғылыми әзірлеме ферменттік препараттар өндірісінің отандық технологиялық негізін қалыптастыруға, импорттық өнімдерге тәуелділікті төмендетуге және мал шаруашылығы саласының ресурстарын барынша тиімді пайдалануға бағытталған.
Панкреатин - амилаза, липаза және протеазалардан тұратын ас қорыту ферменттерінің кешені. Бұл ферменттер көмірсулардың, майлар мен ақуыздардың ыдырау процесіне қатысады. Панкреатин фармацевтика өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар оның құрамындағы ферменттер тағам технологиялары мен биотехнология салаларында да жоғары сұранысқа ие.
Әзірлеменің басым бағыттарының бірі - ет өңдеу өнеркәсібінің қайталама шикізат ресурстарын пайдалану. Атап айтқанда, тиісті технологиялық өңдеуден өткізілген жағдайда, жануарлардан алынған мұндай шикізат жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге жол ашады.
Осылайша, жаңа технология бір мезгілде бірнеше маңызды міндетті шешуге бағытталған. Атап айтқанда, отандық шикізатты терең өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге, ферменттік өнімдер өндірісін дамытуға және ет өңдеу кәсіпорындары үшін қосымша экономикалық мүмкіндіктер қалыптастырады.
Қазақстан үшін бұл бағыттың маңызы зор. Әсіресе, отандық өндірісті дамыту және импортқа тәуелділікті азайту тұрғысынан оның әлеуеті жоғары. Еліміздегі мал шаруашылығы саласында шикізат қоры жеткілікті. Жергілікті шикізатты өңдеуден бастап, сұранысқа ие дайын өнім шығаруға дейінгі толық технологиялық циклді қалыптастыруға қажетті алғышарттар бар.
Келесі кезеңде технологияны өнеркәсіптік өндіріс талаптарына сәйкестендіру, оны ауқымды өндіріске енгізу мүмкіндіктерін пысықтау және әзірлемені коммерцияландыру перспективаларын бағалау жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта бұл технология панкреатин өндіретін отандық өндіріс орындарын құруға және қазақстандық өнімді шетелдік нарықтарға шығаруға жол ашпақ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
