«Әділет» партиясы Фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Айжан Темербаева бүгінгі отырыста ІT мамандарын даярлау жүйесін және жоғары оқу орындары оқытушыларына қойылатын біліктілік талабын қайта қарау мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Aikyn.kz
Жоғары оқу орындарында IT мамандарын даярлау жүйесін өзгерту ұсынылды
Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметінен алынды
102
оқылды

Депутат Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйеніп, еліміздегі 83 жоғары оқу орны 517 білім беру бағдарламасы аясында IT мамандарын даярланатынын айтты.

 – 2025-2026 оқу жылына осы бағыт бойынша 11 585 мемлекеттік грант бөлінді. Ал білім беру бағдарламаларының 96,7 пайызы кәсіптік стандартқа ескере отырып әзірленген. Бірақ бағдарламалардың формалды талапқа сәйкестігі түлектердің заманауи білім мен қажетті құзыретті меңгергеніне, сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына кепілдік бермейді.

Негізгі мәселенің бірі – оқытушыларға қойылатын біліктілік талабы. Қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес, жоғары оқу орны оқытушыларының кемінде 40 пайызы тұрақты негізде жұмыс істеуі, ал ғылыми дәрежесі бар мамандардың үлесі білім беру деңгейіне қарай 30-80 пайыз аралығында болуы тиіс. Бұл ретте бейіндік пәндер бойынша сабақ беретін практик-мамандардың ең төменгі үлесі небәрі 10 пайызды құрайды,  – деді Айжан Темербаева.

Оның айтуынша, IT бағыттарында жұмыс істейтін 7 064 оқытушының 337-сі – ғылым докторы, 1 958-і – ғылым кандидаты, 1 492-сі – PhD докторы. Соның ішінде 3 058 адам (43,3 пайызы) штаттық қызметкер. Алайда жалпы статистика білікті кадрлардың жоғары оқу орындары мен білім беру деңгейі бойынша нақты бөлінісін көрсетпейген. 

– Қолданыстағы талаптар IT-индустрияның тәжірибелі мамандарын оқытушылық қызметке тартуға кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені бағдарламашылар, жүйелік архитекторлар, DevOps, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік саласының білікті мамандарының көпшілігінде ғылыми дәреже жоқ. Генеративті жасанды интеллекттің дамуы IT мамандарына қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертуде. Сондықтан білім беру бағдарламаларында жүйелік архитектура, Cloud Computing, DevOps, Data Engineering, Cybersecurity, командалық жұмыс пен нақты жобаларға басымдық берілуі керек. Мұндай жағдайда оқытушылардың біліктілігін үш жылда бір рет арттыру заман талабына сай келмейді. Үздіксіз кәсіби даму жүйесі қажет.

Қазір Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Astana Hub-пен бірлесіп Tech Orda, Tomorrow School сияқты бағдарламаларды жүзеге асыруда. 2021-2026 жылдары Tech Orda аясында 12,5 мыңнан астам адам білім алған. Бағдарлама ұйымдастырушыларының мәліметінше, экономикалық белсенді түлектердің 90 пайзы жұмысқа орналасқан. Осыдан маңызды сұрақ туындайды: мемлекет неге IT мамандарын даярлауға алдымен жоғары оқу орындары арқылы қаржы бөліп, кейін олардың практикалық дағдысын толықтыру үшін қосымша қайта даярлау бағдарламасын қаржыландыруға мәжбүр? Мұндай тәжірибені университеттердің білім беру жүйесіне енгізіп, теориялық даярлық пен практикалық оқытуды ұштастыру әлдеқайда тиімді.

Біздің мақсатымыз – академиялық талаптарды төмендету емес, жоғары оқу орындарында еңбек нарығының сұранысына сай, оқуын аяқтаған бойда кәсіби қызметке кірісуге дайын білікті IT мамандарын даярлау жүйесін қалыптастыру. Осыған орай IT оқытушыларына қойылатын біліктілік талабын қайта қарап, өндірістік тәжірибе мен кәсіби сертификатты ескеруді, оқытушылардың кәсіби дамуы үшін салалық тағылымдама мен технологиялық жобаларға қатысу тетігін енгізуді, IT білім беру бағдарламаларын жаңартып, практикалық және жобалық оқытуды күшейтуді, Tech Orda және Tomorrow School тәжірибесін жоғары оқу орындарына енгізіп, IT-компаниялар маманын оқытуға тартуды және IT-білім беру сапасын бағалауда түлектердің практикалық дағдысы мен жұмысқа орналасу көрсеткішін негізгі өлшем ретінде белгілеуді сұраймыз, – деді ол.