«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма мүшесі, өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 23 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Қуаныш Омарбеков пен басқа да адамдарды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.
Олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде пара беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Істің өзге мән-жайы тергеу мүддесіне байланысты жария етілмеді.
Қазатомөнеркәсіп те басқарма мүшесінің ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады. Компания құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп, тергеуге қажетті жәрдем көрсетіп жатқанын хабарлады. Ұлттық компания қалыпты режимде жұмысын жалғастырып отыр. 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжам өзгеріссіз қалды.
Еске салайық, бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған еді.
Күдіктілердің кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденгенге дейін олар кінәсіз деп есептеледі.
