Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы және оның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі ілеспе түзетулері депутаттардың бастамасымен Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді.
Заң жобаларын депутаттарға таныстырған Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің мүшесі, жоба авторларының бірі Арман Қалықов олардың негізгі мақсаты жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын төмендету екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 4%-ға төмендеген. Алайда Қазақстанның бұл көрсеткіші орташа әлемдік деңгейден шамамен 2 есе, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің көрсеткіштерінен 3,6 есе жоғары.
Заң жобаларында Мемлекеттік энергетикалық тізілім тетігін жетілдіру, энергия-сервистік қызметтер нарығын дамыту және энергия үнемдеу саласындағы әкімшілік жауаптылықты күшейту көзделген.
– Энергия мониторингі мен энергия-сервистік қызметтерді дамыту есебінен энергия үнемдеу саласындағы мемлекеттік реттеу шараларын мектептерді, ауруханаларды және балабақшаларды қоса алғанда, бюджеттік секторға кеңейту ұсынылады. Атап айтқанда, Мемлекеттік энергетикалық тізілім шеңберінде қосымша 5 мың әлеуметтік маңызы бар объектіге тереңдетілген талдау жүргізіп, кейіннен олардың энергия тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр, – деді Арман Қалықов.
Сонымен қатар энергия-сервистік компанияларды іріктеу рәсімдерін жеңілдету, қолданыстағы кедергілерді жою және бюджеттік әрі квазимемлекеттік секторлардың энергия тиімділігін арттыру жобаларына жеке инвестициялар тартуға жағдай жасау ұсынылады. Бұл мемлекеттік ғимараттарда тиімді энергия технологияларын енгізуді кеңейтуге, температуралық режимнің нормативтік параметрлерінің сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ энергия ресурстарының ысырабын азайтуға және оларды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Талқылау барысында депутаттар энергия үнемдеу бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу және қабылданатын шаралардың тиімділігін бағалау тетіктеріне назар аударды. Сонымен қатар тиімді энергия жабдықтарының отандық өндірісін дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, еңбек нарығын дамыту мәселелері көтерілді.
Түзетулерді қарау қорытындысы бойынша оларды бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі заң жобаларымен жұмыс алдағы уақытта Құрылтай депутаты Бекжан Әлімқұлов жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.
Денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын депутаттарға Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Тимур Сұлтанғазиев таныстырды. Оның айтуынша, ұсынылып отырған түзетулер қолданыстағы заңнаманы заманауи талаптарға сай жетілдіруге бағытталған.
Заң жобасында көзделген негізгі бағыттар бойынша бірқатар жаңа норма ұсынылып отыр. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру және электрондық денсаулық сақтау платформасының жұмыс тәртібін нақтылау ұсынылады. Рентген, компьютерлік томография және МРТ нәтижелерін бір жүйеде сақтау және дәрігерлер арасында алмасу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар азаматтардың медициналық деректерін қорғау талаптары жетілдіріледі.
Медицина ғылымын дамыту және жаңа технологияларды енгізу мақсатында ғылыми ұйымдар, ауруханалар мен отандық өндірушілер арасындағы байланысты күшейту, биомедициналық зерттеулердің бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген. Зерттеулерге рұқсат беру тәртібі жеңілдетіліп, олардың жүргізілуін бақылау мүмкіндігі кеңейтіледі.
Медициналық туризмді дамытуға да ерекше назар аударылды.
– Осы бағытты одан әрі дамыту үшін заңнамаға «медициналық туризм» ұғымын енгізу ұсынылады. Сонымен қатар шетелден емделуге келетін азаматтарға қызмет көрсету мен оларды сүйемелдеу тәртібін реттеу көзделген. Бұл отандық медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға жағдай жасайды. Бұл ретте Қазақстан азаматтарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Бұдан бөлек, медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларға қойылатын талаптарды халықаралық стандарттарға сай жетілдіру, сапасыз және жалған бұйымдарды анықтау мен айналымнан шығару шаралары көзделген. Сонымен қоса, пациенттердің құқықтарын қорғау және құжат рәсімдеуді жеңілдету аясында медициналық көмек алуға келісімді қағаз немесе электрондық түрде беру ұсынылады. Бұл ретте күрделі медициналық араласулар кезінде пациенттің келісімін алу міндетті болып қала береді.
Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында медициналық ұйымдарды бағалау және аккредиттеу тәртібін жетілдіру, сондай-ақ жаңа ауруханалар мен емханалардың құрылысын өңірлердегі халық саны мен медициналық көмекке деген қажеттілікті ескере отырып жоспарлау ұсынылады.
Құрылтайдағы жұмыс тобының жетекшісі Арман Жансеңгіровтің айтуынша, заң жобасында Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық талаптарын ескере отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысын құқықтық реттеудің аражігін ажырату, оларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу рәсімдерін жетілдіру көзделген.
Бұдан бөлек, «Біріккен Ұлттар Ұйымының Киберқылмысқа қарсы; ақпараттық-коммуникациялық жүйелер пайдаланылып жасалатын белгілі бір қылмыстарға қарсы күресте және елеулі қылмыстарға жататын электрондық нысандағы дәлелдемелермен алмасуда халықаралық ынтымақтастықты нығайту конвенциясын ратификациялау туралы» заң екі оқылымда қабылданды. Оның ережелерін депутаттарға Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов таныстырды.
Конвенцияның негізгі мақсаты – цифрлық саладағы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу, қылмыстарды тергеп-тексеру және электрондық дәлелдемелерді алу тетіктерін жетілдіру, құқық қорғау органдарының халықаралық ынтымақтастығын кеңейту.
Қосымша баяндама жасаған депутат Дәулет Кәрібектің айтуынша, конвенция электрондық дәлелдемелерді алудың жеңілдетілген тәртібін, киберқылмыскерлерді ұстап беруді, сондай-ақ трансшекаралық кибершабуылдарға жедел әрекет ету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталықтарын құруды көздейді.
Отырыс соңында Құрылтай депутаттары өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға 13 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығымен Құрылтайдың ресми сайтынан және Telegram арнасынан танысуға болады.
Отырыс қорытындысы бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобалары бойынша БАҚ өкілдеріне арналған қатарынан екі брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Тимур Сұлтанғазиев, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, сондай-ақ Құрылтай депутаттары Арман Қалықов, Бекжан Әлімқұлов және Арман Жансеңгіров жауап берді.
