Үндеуде еліміз өз Тәуелсіздігінің 35 жылында тұтас дәуірге татитын күрделі де жауапты кезеңді бастан өткергені, өзгеріске толы жылдардағы халқымыздың болашаққа деген үміті пен сенімі мемлекеттің ірге көтеріп, дамуына негіз болғаны баса айтылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» тұжырымдамасының құндылығы мен өміршеңдігіне айрықша маңыз берілген.
«Бір айдан соң Қазақстан Тәуелсіздігінің жарияланғанына 35 жыл толады.
Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтаймыз! Расында да, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!».
Алғаш рет біздің Конституциямызда қастерлі «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» ұғымының бас әріппен жазылуы елдіктің белгісі деп санаймыз. Осыдан 35 жыл бұрын, 1991 жылы тәуелсіздік жарияланған кезде бір халық, біртұтас ел болып бірге қуанған едік.
Сол жылдардағы халықтық асқақ көңіл-күй, болашаққа деген үміт пен сенім аспандап тұрғаны дәл бүгінгідей есімізде.
Үмітіміз ақталып, тәуелсіздік жылдары Қазақстан тұтас дәуірге татитын күрделі де жауапты кезеңді бастан өткерді.
Шындығында, 1991 жылдың желтоқсаны мен 2026 жылдың желтоқсаны аралығында еліміз зор жетістіктерге жетті деп нық айта аламыз.
Әсіресе соңғы жеті жылда бұрын-соңды болмаған түбірлі өзгерістерге бәріміз куәміз.
Әділеттілік, заң мен тәртіп барлық салада мызғымас қағидаға айналды».
Құрылтайдағы барлық партия фракциялары атынан жарияланған осы Үндеуде Мемлекет басшысының реформаларынан бастау алған оң өзгерістерге ерекше назар аударылып, соңғы жылдары барлық салада қол жеткізілген нақты табыстар тілге тиек етілген.
Сондай-ақ депутат Үндеу аясында шетелге кеткен заңсыз капиталды қайтару және әділеттілік, заң мен тәртіпті барлық салады мызғымас қағидаға айналдыра отырып, экономика игілігін халқымыздың әл-ауқатын көтеру мен ғылым-білімді, мәдениетті дамыту, денсаулық саласын жаңғырту бағытындағы Мемлекет басшысының бастамаларын қолдауға шақырды.
«Оның экономикадағы, іс жүзінде көрінісі – шетелге кеткен заңсыз капитал елге қайтарылып, халықтың игілігіне жұмсалып жатыр. 1 триллион теңгеден аса қаржы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес одан сайын күшейді, ешбір биік лауазым заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайтыны баршаға аян болды.
Әлеуметтік саладағы әділдік – үш жылдан бері «Ұлттық қордағы» қаржыдан түскен инвестициялық табыс әрбір балаға теңдей бөлініп отыр. Дәл қазір 7 миллионнан аса баланың есепшотына 2,5 млрд АҚШ долларына пара-пар қомақты қаржы аударылған.
Әділетті мемлекетте отандық ғылым мен мәдениетті дамыту да айрықша назарда. Соңғы жеті жылда ғылымды қаржыландыру 3,6 есе өсіп, 261,5 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар жеті жыл ішінде 1 300-ден аса жаңа мектеп, 1 483 балабақша, 1 259 медициналық мекеме, 536 спорт және мәдениет нысаны салынды.
Ел экономикасы қауіпсіздігіне нақты кепіл Алтын валюта мен Ұлттық қордың активтері 44 пайызға өсіп, 130 миллиард долларға жуықтады. Бұл – осыған дейін болмаған көрсеткіш. Сондай-ақ соңғы 7 жылда 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылды, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсімі 24 пайызға артты.
Ал ең бастысы, жалпы ішкі өнімнің көлемі 7 жылдың ішінде шамамен 2,5 есе өсіп, 398 млрд долларды құрады. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары деңгей», – деді Д.Қамзабекұлы.
Цифрлы трансформация кезеңі саналып отырған қазіргі дәуірде жаһандық экономика қарқыны онлайн платформалар мен жасанды интеллект қызметтерінің бәсекеге қабілетті болуымен өлшенеді. Президент тапсырмасымен елімізде жасанды интеллект және цифрлық интеллектуалды технологияларды экономикалық, әлеуметтік дамудың алғышартына айналдыру басты міндет саналады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы цифрландыруды дамытуға айрықша көңіл бөлетінін білесіздер. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматта көрсетіледі.
Мұның бәрі – қазіргі даму жолымыздағы ауыз толтырып айтарлық жетістіктер. Кейбір азаматтар бүгінгі қайбір қиындыққа екпін түсіріп, шүкіршілік ететін көп табысты ұмытып жатады», – деді ол.
Үндеуде айтылғандай, биыл жүзеге асқан конституциялық реформа мен тұтас саяси жүйенің жаңаруы Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына тұспа-тұс келуі – мәні терең рәмізді оқиға.
Бұл – барымызды бағалап, жетістіктерімізді арттыратын, мемлекеттік басқару мен экономиканы ғана емес, тұтас қоғамдық сананы жаңартатын тарихи кезең, тарихи мүмкіндік.
Осы ретте депутат Үндеуде Мемлекет басшысының Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық тарихи белесін мемлекет дамуының нақты мақсат-мүддесін айқындайтын жауапты кезеңге айналдыру бағытындағы ұстанымын ерекше атап өтті.
«Таяуда Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері форумында Президентіміз: «Мемлекетіміздің Егемендігін, Тәуелсіздігін қорғауға қатысты кейбір мәселе түбегейлі шешімін таппады» дегенін жақсы білесіздер. Рас, азаттығымызды баянды, бірлігімізді берік ету жолында атқарар ортақ ісіміз әлі де аз емес. Сондықтан қазір біз – ел болып, қоғам болып игі істер жасайтын кезеңдеміз.
Ол үшін Мемлекет басшысы Жолдауында жария еткен «Халықтық құрылыс» жобасы сияқты ел әлеуетін арттыратын істерге бірлесе атсалысқанымыз жөн.
Дәл бүгін жұдырықтай жұмылып, ұлт болып ұйысып, Президентіміз жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» халықтық бастаманы нақты іспен қолдауымыз керек. Тіпті, бұл – әрбіріміз үшін абыройлы міндет!
Мұны 35 жылдық белес аясында басталған тегеурінді, ауқымды жоба деп айта аламыз. Халық игілігіне арналған жүздеген әлеуметтік, ал ауыл-аймақтарда мыңдаған инфрақұрылымдық нысан салынып, баршаның пайдалануына беріледі. Әділеттіктің жалпыұлттық құрылысы – осы күнге өнеге, келешекке мақтаныш болады деп сенеміз.
Бірлігіміз артсын, берекеміз молай-сын!» – делінген Үндеуде.
Құрылтай Үндеуі мемлекет пен ұлттың болашағын өткен тарихымыз бен бүгінімізден бөле-жара қарауға болмайтынын, еліміздің барлық игілігі мен жетістігі жұрт болып, жұмылып, ұлт болып ұйысудың арқасында ғана мүмкін болып отырғанын көрсетеді.
Ал мұның өзегінде Мемлекет басшысының реформалары және содан туындайтын саяси, экономикалық, қоғамдық оң өзгерістер логикасы жатыр.
Қастерлі Тәуелсіздік күні қарсаңында, Құрылтайдағы барлық партия фракциялары атынан, бірауыздан жасалған осы Үндеу жұртшылық тарапынан да оң баға алып, қолдау табуда.
Үндеуге пікір білдірушілердің барлығы да Президенттің «Халықтық құрылыс» жобасына ерекше тоқталды. Көпшілік бұл бастама тек инфрақұрылымды жаңғырту ғана емес, мультипликативті түрде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, табысын арттыруға мүмкіндік туғызатынын, елдегі тұрақтылық пен дамуға негіз болатынын баса айтты.
Бізбен тілдескен сәтінде белгілі заңгер, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов Құрылтай жариялаған Үндеудің маңызы зор екенін атап өтті.
– Мемлекетіміздің дамуында Құрылтайдың рөлі өте жоғары деп білемін. Құрылтай мемлекеттік шешімдердің қабылдануын тездетуде, мемлекеттегі партиялық жүйені бекітуде және саяси басқарудың ашық және қоғамды есепті болуына өзінің үлесін қосады. Сондықтан Құрылтай жариялаған Үндеудің мәні зор.
Ендігі міндет – қазақ қоғамының әрбір мүшесі, әрбір қазақстандық азамат Президент жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» халықтық бастамасын қолдап, Құрылтай Үндеуіне нақты іспен үн қосып, жұдырықтай жұмылып, адал табыс тауып, адал еңбек етіп, елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси дамуына үлес қосуы керек, – дейді заңгер.
Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланған Құрылтай Үндеуі еліміздің шын мәнінде игі істер мен ірі мақсат-мұраттарды бірге еңсеретін тарихи кезеңге, маңызды белеске жеткенін айғақтайды.
