Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Эстония Республикасының Мәдениет министрі Хейди Пургамен кездесті. Кездесуге Эстонияның Қазақстандағы Елшісі Марье Лууп та қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кездесу Хейди Пурганың Қазақстанға сапары аясында өтті. Ол елімізге Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Атқарушы комитетінің отырысына қатысу үшін келді. Тараптар мәдениет, кино, музей және кітапхана ісі бойынша екі елдің алдағы ынтымақтастығын талқылады.

Хейди Пурга қазақстандық кино мамандарының Эстониядағы кинофестивальдерге қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кездесуде шығармашылық тәжірибе алмасу мен креативті индустрия саласындағы әріптестік те сөз болды. Екі елдің салалық мекемелері арасында тікелей байланыс орнатуға айрықша назар аударылды.
Жиын қорытындысында тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және ортақ бастамаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
