Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық трансформация геосаяси шиеленіс күшейген, мемлекеттер арасындағы сенімге селкеу түскен кезеңде жүріп жатқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев: әлем жаңа ғылыми-техникалық революцияның табалдырығында тұр
Фото: Ақорда
185
оқылды

Мемлекет басшысы AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу тақырыбы өзіне ерекше жақын екенін, өйткені реформа бағдарламасының басым бағыты ретінде жарияланғанын айтты. Бұл туралы Ақорда жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

– Биыл 1 шілдеде заңды күшіне енген жаңа Конституциямызда ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт, ал білім мен прогресс мемлекеттің басты құндылықтары ретінде бекітілді. Дәл осы себепті аталған форум еліміз үшін өзекті. Мұны Қазақстан делегациясының құрамынан да аңғаруға болады. Олардың қатарында ресейлік серіктестермен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі салалық мемлекеттік органдардың басшылары, ірі бизнес пен IT қоғамдастық өкілдері бар. Қазақстан мен Ресейді ғасырлардан тамыр тартатын достық, ортақ тарих, берік экономикалық және жан-жақты гуманитарлық қатынастар байланыстырады. Озық технология саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің басты бағыттарының бірі болатынына сенімдімін, – деді Президент. 

Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем жаңа ғылыми-техникалық революцияның табалдырығында тұр. Оның әсерінен жаһандық экономика, адамдардың дүниетанымы және тұтас мемлекеттер түбегейлі өзгеріске ұшырайтыны анық. 

– Жасанды интеллект қазірдің өзінде жекелеген өндірістік және ойлау үдерісін немесе қазір айтылып жүргендей, когнитивтік процестерді автоматтандырумен шектелмей, технологиялық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Биыл дүние жүзінде жасанды интеллектіге жұмсалған қаржы шамамен 2,7 триллион долларды құрауы мүмкін. Оның ішінде 1,5 триллионнан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Стэнфорд университетінің зерттеуі бойынша сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы өздерінің күнделікті қызметінде жасанды интеллектіні пайдаланатынын мәлімдеген. Екі жыл бұрын аталған көрсеткіш небәрі 55 пайыз еді. Ірі шетелдік технологиялық компаниялардың, соның ішінде ресейлік компаниялардың басшыларымен жиі кездесіп, пікір алмасамын. Жақында NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуангпен жүздестім. Сондағы көзімнің жеткені – болып жатқан өзгерістер ұзақмерзімді әрі ол енді тоқтамайды,– деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық трансформация геосаяси шиеленіс күшейген, мемлекеттер арасындағы сенімге селкеу түскен кезеңде жүріп жатқанына назар аударды.

– Әлемнің мүлдем жаңа геотехнологиялық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ететін факторға айналды. Халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу, аса маңызды технологияларды аталған үдеріске қатысушы ат төбеліндей топтың қолында шоғырландыру түбі жаһандағы технологиялық теңсіздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беруге болмайды. Керісінше, өзара тиімді халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа тиісті жағдай жасау қажет, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент Қазақстанды барынша қысқа мерзім ішінде толық цифрланған мемлекетке айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде белгілегенін мәлімдеді.