Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында Джакартада «Discover Kazakhstan: A Journey Beyond Expectations» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Қазақстанның туристік әлеуеті Индонезияда таныстырылды
Фото: gov.kz
98
оқылды

Іс-шараға туризм және сыртқы істер саласындағы мемлекеттік органдардың өкілдері, Индонезия туристік агенттіктер қауымдастығы (ASTINDO), сарапшылар, блогерлер және индонезиялық БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында еліміздің әлеуметтік-экономикалық трансформация саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, халықаралық позициясын нығайтып, шетелдік серіктестермен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашып келе жатқанын атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтарға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, экономиканы цифрландыруға, халықаралық бизнес пен туризмді дамытуға қолайлы жағдайлар жасауға ерекше назар аударылды. Жоғары деңгейдегі екіжақты байланыстардың серпінді дамуы сауда, инвестициялар, білім, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге берік негіз қалыптастыратыны атап өтілді.

Іс-шараның негізгі бөлігі Қазақстанның бірегей туристік әлеуетін таныстыруға арналды. Қатысушыларға Алматының тау ландшафттары мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, Шарын шатқалы, Көлсай және Қайыңды көлдері, Бурабай ұлттық паркі, Маңғыстау өңірінің көркем табиғаты, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Түркістанның тарихи-рухани мұрасы таныстырылды.

Талқылаудың маңызды бағыттарының бірі индонезиялық туристік компаниялармен, блогерлермен және журналистермен практикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары болды. Қазақстан Елшісі таныстыру сапарларын ұйымдастыруға, бірлескен жарнамалық кампанияларды өткізуге, тақырыптық жарияланымдар мен бейнежобалар әзірлеуге, сондай-ақ екі елдің туристік операторлары арасында тікелей серіктестік байланыстар орнатуға мүдделілік білдірді.

Іс-шара барысында «Foreign Policy Community of Indonesia» ұйымының негізін қалаушы және «Қазақстан – Индонезия» достық қоғамының төрағасы Дино Патти Джалал сөз сөйлеп, екі ел арасындағы туристік, гуманитарлық және мәдени байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Garasi Travel» туристік компаниясының басшысы Эмзи Ардивината 2024 жылдың басында алғаш рет Қазақстанға жасаған сапары туралы әсерімен бөлісті. Елдің табиғи көрікті жерлерін, мәдениетін және қонақжайлылығын жоғары бағалай отырып, соңғы екі жылда индонезиялық туристерге Қазақстанға 20-дан астам туристік сапар ұйымдастырғанын хабарлады. Оның пікірінше, индонезиялық саяхатшылардың Қазақстанға қызығушылығы біртіндеп артып келеді. Бұған туристік маршруттардың алуан түрлілігі мен туристік инфрақұрылымның одан әрі дамуы ықпал етуде.

Қатысушылар назарына Қазақстанның фотокөрмесі мен бейнеролик-презентациясы ұсынылып, еліміздің табиғи байлығы, заманауи инфрақұрылымы, мәдениеті және туристік көрікті жерлері таныстырылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.