Іс-шара TURAQTY JOL ұлттық әлеуметтік эконауқанының жетінші кезеңін қорытындылаған маңызды оқиғаға айналып, экологиялық бастамаларды нақты инвестициялық шешімдерге айналдыру жолдарын талқылауға арналған пікір алмасу алаңын қалыптастырды.
Астанада экологиялық жобаларға инвестиция тарту жолы талқыланды
139
оқылды

 

26 қарашада «Астана» халықаралық қаржы орталығында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, бизнес өкілдерінің, сарапшылар қауымдастығы мен жастардың басын қосқан «Жасыл трансформация және тұрақты қаржыландыру» диалогы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара TURAQTY JOL ұлттық әлеуметтік эконауқанының жетінші кезеңін қорытындылаған маңызды оқиғаға айналып, экологиялық бастамаларды нақты инвестициялық шешімдерге айналдыру жолдарын талқылауға арналған пікір алмасу алаңын қалыптастырды.

Экологиялық мәдениеттен тұрақты экономикаға

Бүгінде жасыл трансформация экологиялық жауапкершілікпен ғана шектелмей, оны жүзеге асырудың нақты тетіктерін талап етеді. Олардың қатарында тұрақты қаржыландыру, жеке инвестицияларды тарту, бизнестің белсенді қатысуы, сондай-ақ мемлекет пен қоғамдық институттар арасындағы өзара іс-қимыл бар.

Астанада өткен диалог дәл осы мәселелерге арналды. Қатысушылар корпоративтік секторда ESG тәсілдерін дамыту, климаттың өзгеруіне бейімделу, бизнесті декарбонизациялау, жасыл жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияда тұрақты экономиканы қалыптастырудағы қаржы институттарының рөлін талқылады.

Өзінің бейнеүндеуінде Дүниежүзілік және Қазақстандық ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтары федерацияларының Президенті Болат Ақшолақов: «Бүгінде жасыл трансформация – бұл экологиялық қажеттілік қана емес, сонымен қатар жауапты инвестицияларды, тиімді қаржы құралдарын және серіктестікті талап ететін экономикалық дамудың стратегиялық басымдығы. Біздің серіктестерімізбен бірлескен жұмысымыздың негізінде білім беру, экологиялық мәдениет қалыптастыру және планетамыздың болашағы үшін жауапкершілікті арттыру міндеттері жатыр», – деп атап өтті.

Бағдарламада жастарды экологиялық күн тәртібіне тарту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағыт экологиялық сананы қалыптастырудан бастап, нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін бастамаларды әзірлеуге дейінгі ауқымды қамтыды.

Жас экологиялық көшбасшылар үшін мүмкіндіктер қалыптастырудың маңыздылығын Chevron компаниясының Корпоративтік байланыстар жөніндегі бас менеджері Еркін Зікібаев та атап өтті: «Chevron компаниясы үшін TURAQTY JOL бастамасымен әріптестік орнату – экологиялық білім беруді дамытуға және жастардың белсенді қатысуына ықпал ету мүмкіндігі. Жастардың өз идеяларын дамытуына, сарапшылармен пікір алмасуына және Қазақстанның тұрақты болашағы үшін нақты шешімдер ұсынуына жағдай жасау маңызды».

Диалогтың практикалық бөлімі климаттың өзгеруіне бейімделу, декарбонизация және кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың тұрақты қаржыландыру құралдарына қол жеткізу мәселелерін қамтыған сараптамалық талқылаулардан тұрды. Жедел кездесулер аясында қатысушылар жасыл жобаларды дамыту және оларға қажетті ресурстарды тарту бойынша сарапшылардың ұсынымдарын алды.

Жастарға арналған арнайы сессия экологиялық көшбасшыларды, ЮНЕСКО клубтарының өкілдерін және TURAQTY JOL жобасының жеңімпаздарын біріктірді. Олар өз бастамаларын таныстырып, экологиялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті.

Астанадағы диалог Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтымен (CAIER) бірлесіп және Қазақстан қор биржасының (KASE) қолдауымен ұйымдастырылды.

Жеті жыл: идеядан ұлттық қозғалысқа дейін

Астанада өткен диалог кәсіби тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар TURAQTY JOL бастамасының жеті жылдық жолын қорытындылауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.

2020 жылдан бастап науқан экологиялық білім беруді, экологиялық мәдениет пен жастар көшбасшылығын жүйелі түрде ұштастырып, бастамаларды жүзеге асыруға, серіктестік орнатуға және нақты іс-әрекеттерге жол ашатын орта қалыптастырып келеді. Осы уақыт ішінде науқан республикалық маңызы бар 3 қаланы және Қазақстанның 17 өңірін қамтып, 18 мыңнан астам тікелей қатысушыны біріктірді.

Жеті циклдің ішінде TURAQTY JOL жекелеген білім беру және экологиялық іс-шаралардан жастарды, білім беру ұйымдарын, ЮНЕСКО клубтарын, мемлекеттік құрылымдарды, халықаралық ұйымдар мен корпоративтік серіктестерді біріктірген ауқымды ұлттық платформаға айналды.

TURAQTY JOL 7.0: төрт кезең, бір ортақ мақсат

2026 жылы науқанның жетінші кезеңі экологиялық білім беруді дамытуға және жастарды белсенді тартуға бағытталған төрт негізгі кезеңді қамтыды. Олардың әрқайсысы экологиялық ағартушылықты ілгерілетуге өзіндік үлес қосты.

Алғашқы іс-шара 28 наурызда Almaty Theatre сахнасында өткен халықаралық «Жер сағаты» бастамасы аясындағы Symphony of Earth концерті болды. Өнер тілі арқылы ұйымдастырылған бұл іс-шара табиғаттың қадір-қасиетін және оны сақтаудағы ортақ жауапкершілікті еске салды.

Екінші кезең Narxoz University базасында ұйымдастырылған Youth Eco Camp экологиялық лагеріне арналды. Білім беру бағдарламасы Қазақстанның 20 өңірінен келген 1 600-ден астам қатысушыны қамтыды. Іріктеу қорытындысы бойынша 18 команда өздерінің экологиялық жобаларын таныстырып, соңғы төрт жылда жалпы көлемі 40 миллион теңгені құраған жүлде қорына үміткер болу мүмкіндігіне ие болды.

Үшінші кезең – 17 қазанда Шымбұлақта өткен Shyrshaly экологиялық бастамасы. Қатысушылар тау экожүйесін сақтауға нақты үлес қосып, 60 түп Тянь-Шань шыршасын отырғызды. Сол күні экология тақырыбына арналған стендтер мен шеберлік сабақтарын қамтыған ЮНЕСКО клубтарының күні де өтті.

Төртінші әрі қорытынды кезең – «Жасыл трансформация және тұрақты қаржыландыру» диалогы экологиялық, білім беру және қаржылық күн тәртібін тоғыстырып, жекелеген бастамалардан жүйелі шешімдерге көшудің маңыздылығын көрсетті.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде «TURAQTY JOL: тұрақтылық жолындағы 7 жыл» деректі фильмі көрсетіліп, науқанның нәтижелері қорытындыланды. Фильм жеті жыл бойы қозғалыстың мазмұны мен дамуын қалыптастырған оның тарихы, адамдары, бастамалары мен жобалары туралы баяндайды.

Тұрақты болашақ – әрқайсымыздың қолымызда

TURAQTY JOL – бұл экологиялық науқаннан әлдеқайда ауқымды бастама. Бұл – жастардың жаһандық экологиялық сын-қатерлер туралы біліп қана қоймай, өз шешімдерін ұсынуға, жобалар әзірлеуге, сарапшылармен өзара байланыс орнатуға, серіктестер табуға және идеяларын нақты іс-әрекетке айналдыруға мүмкіндік алатын орта.

Науқанның жетінші кезеңі тұрақты болашаққа бастар жолда әртүрлі ұрпақтардың, кәсіби қауымдастықтар мен экономика секторларының күш біріктіруінің маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Экологиялық білім беру саналы көзқарасты қалыптастырса, жастар бастамалары жаңа шешімдердің қайнар көзіне айналады, ал жауапты қаржыландыру олардың ауқымын кеңейтуге жол ашады.

TURAQTY JOL қозғалысының жеті жылы – бірлескен іс-қимылдардың, тың идеялар мен жаңа серіктестіктердің жеті жылы. Бұл жол әлі де жалғасуда.