27 қараша күні Астана-Петропавл автожолының 140-шақырымында, Алакөл ауылының маңында ірі жол-көлік оқиғасы болды. Оқыс апатқа екі жүк көлігі мен екі жеңіл автокөлік қатысқан, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Полицияның мәліметінше, жол апатына Reno маркалы екі жүк көлігі, сондай-ақ Changan және Toyota Camry жеңіл автокөліктері себепші болған.

Оқиға орнына Макинск қаласындағы трассалық медициналық-құтқару пунктінің мамандары жедел жеткен. Құтқарушылар көлік ішінде қысылып қалған әйелді шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін ол Ақкөл ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.
- Оқиға орнында жедел жәрдем бригадасы мен полиция қызметкерлері де жұмыс істеді. Жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Осы оқиғадан кейін Ақмола облысының Полиция департаменті жүргізушілерге жолда барынша мұқият болуды ескертті. Ведомство өкілдері жылдамдық режимін сақтауға, көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты ұстануға және жол жамылғысының жағдайын ескеруге шақырды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
